Basty bet
көктөбедегі кездесу
Ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. 10 жылға созылған бұл соғыста Кеңес Одағы мүшелігінде болған барлық елдер қатысқанын еске түсірсек, біздің қазақ азаматтары да осы қанды шайқаста болғанын атап өтпеске болмайды.
Биылғы 15 ақпанда Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 33 жыл толып отыр. Тарих беттеріне үңілетін болсақ, 1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы Ауғанстанға Кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдаған. Сол жылдың 27 желтоқсанында КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді.
Кеңес әскелерінің жекелеген бөлімшелері Ауғанстан аумағынан шыға бастауы өте күрделі операция болып саналды. Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Ауғанстан әскерлері құрамында Қазақстаннан 22 269 жауынгер интернационалдық міндетін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапса, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған азаматтар елге мүгедек болып оралды.
Ал қазіргі бейбіт заманда осындай соғыс алаңында болған аға-аталарымызды жиі еске алып, олардың батырлығын өнеге ретінде көрсету жас-ұрпақтың парызы. Біздің ауданнан Ауған жеріне 49 азамат барған.
Осы ретте ержүрек батыр ағаларымызбен №30 Көктөбе орта мектебінің оқушыларын кездестіруді жөн көрдік. Кездесуді Көкбастау ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Есен Орынбай ұйымдастырып, жүргізді.
Жастармен кездесуге Ауған соғысының ардагерлері Кенжехан Раздықов, Темірхан Сейділдаев, Әлімхан Әсібеков қатысты.
Кенжехан Раздықов Бақалы ауылының тумасы болса, Темірхан Сейділдаев пен Әлімхан Әсібеков Қайрат ауылының азаматтары.
Олар 18-19 жасында Ауған жеріне аттанған. Өзбекстан мен Ауғанстан шекарасында болып, Кеңес әскерінің құрамында болған. Әскер қатарында жүргізуші болып, күндіз-түні қару асынып жүрген сол кездер – ағаларымыздың мәңгі есінде.
Кездесу барысында Кенжехан Пертайұлы соғыста болған оқиғаларымен бөлісіп, Ауған елінің сол кездегі тұрмыс-тіршілігі туралы әңгімеледі.
– Бала кезімде әке-шешем: «Біз аштықты көрдік, соғыстан да кем емес қиын-қыстау кездерді бастан кешірдік» деп айтып отыратын. Бұл сөздермен мені тәрбиелегені ме, жоқ әлде барға қанағат ет дегені ме, әйтеуір оған аса мән бермедім. Ауған жеріне барған соң, соғыстан бөлек елдің аштықта өмір сүріп жатқанын, бір түйір қатқан нанға қол жеткізе алмай жүргенін көрген соң, тоқтықтың қадірін түсіндім. Алты-жеті жасынан бастап қолдарына қару беріп, өз күніңді өзің көр деген адамдарды да көрдім. Бұл жайттардың барлығы түсінген адамға оңай емес, – деп сөзін қорытындылады.
Сонымен қатар, ардагерлер елімізде болған соңғы жайт «Қаңтар қасіреті» оқиғасына да тоқталып, жастарды теріс жолға түспей, ата-ананы, мұғалімдерді тыңдауға шақырды. Өз кезегінде мектеп оқушылары да сұрақтарын қойып, ардагерлерге алғыстарын білдірді.
Тәуелсіз елдің іргесі берік болу үшін ұлтымыздың ынтымағы, ауызбіршілігі, білімділігі аса маңызды десек, бұл кездесудің де басты мақсаты жастарымыздың ғана партиот, білімді, білікті, бірлікте болуы, жанышырлығымен рухты болуы – басты нәрсе.
Дәулет Қыдырбаев,
Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы