Basty bet
Отбасы тұрмыстық құқық бұзушылықтары мәселесі
Тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту үшін қазір бүкіл әлеуметтік-мәдени экожүйе құрылуда: балалар мен әйелдер үшін қауіпсіз орта құру және оларға қатысты қылмыстардың алдын алу, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдату, құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту, сондай-ақ балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу.
Ауыр қылмыстарға қатысты жазаларды қатаңдату және татуласудан бас тарту зорлық-зомбылық пен қауіпті әрекеттерді жасаған адамдар үшін қатаң жазалау режимін жасайды. Бұл қоғамдағы әділеттілік пен заңдылықты қамтамасыз ету үшін маңызды.
Зорлық-зомбылық үшін, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық салада жауапкершілік арттырылды. Қоғамдық пікірді ескере отырып, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Қасақана ауырлығы орташа және денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін жауапкершілік күшейтілді.
Бұрын адамды азаптау үшін жауапкершілікке тарту үшін ұрып-соғу мен басқа да зорлық-зомбылық әрекеттерінің жүйелілігін дәлелдеу қажет болатын. Енді жәбірленушіні азаптау мақсатында ерекше қатыгездікпен, қорқытумен жасалған зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жауапкершілікті анықтайтын нормалар енгізілуде.
Жәбірленушілерге шағым берілгеніне қарамастан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруге және ұрып-соғуға байланысты істер бойынша қылмыстық қудалауды көздейтін жаңа заңның тармағын серпінді деп атауға болады.
ҚР-ның Қылмыстық Кодексіндегі 109-1-бабы осы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты іс әрекетке байланысты жазалары қарастырылған.
Атап айтқанда, 109-1-бап. Ұрып-соғу.
1. Тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау сексен айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Мынадай:
1) екі немесе одан да көп адамға қатысты;
2) адамның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына немесе кәсіптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамға немесе оның жақындарына қатысты;
3) кінәлі адамға дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі не кінәлі адамға материалдық жағынан немесе өзгеше түрде тәуелді адамға қатысты жасалған;
4) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
5) бұзақылық ниетпен;
6) әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша;
7) бірнеше рет;
8) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер-бір жүзден екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүзден екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не отыз тәуліктен елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Мысалы, аудандық сотта 2024 жылдың 12 айында, 1 іс қаралған, бұл іс бойынша тараптар татуласуына байланысты өндірісімен тоқтатылған.
2025 жылдың 4 айында, 7 іс қаралған, оның ішінде 2 іс бойынша үкім шығарылған, 5 іс бойынша тараптар татуласуына байланысты өндірісімен тоқтатылған.
Қарап отырсақ былтырғы жылмен салыстырғанда, аталған санаттағы істер ұлғаюда.
Отбасында бірінші құндылық бір-бірін сыйлау, бағалау, сабырлықты сақтау, өздеріне қатысты сыпайылықты жоғалтпау, сол кезде ғана шаңырақты сақтап қалуға мүмкіншілік бар.
Шаңырақтың қазығы қуатты болу керек. Оған барлығымыз келешек ұрпақтардың алдында жауаптымыз!
Гүлсара Нартаева,
аудандық сот әкімшісінің жетекші маманы