Basty bet
Қадірлі қария, ұлағатты ұстаз, иманы берік азамат
Ардагерлер – алтын қор! Елдің ішінде қоғамның дамуына сүбелі үлес қосып, сол жолда табанды еңбегімен және үлгілі қызметімен танылған айтулы азаматтар аз емес. Әлбетте, ондай үлгілі жандардың өнегелі өмір жолын, ел мен қоғамның дамуына сіңірген еселі еңбегін жас ұрпаққа үлгі етудің маңызы зор.
Қасиетті Жуалы ауданының ағарту және білім беру салаларында ұзақ жыл қызмет атқару арқылы іздене жүріп саналы шәкірттердің бірнеше буынын тәрбиелеген жуалылық ардагер ұстаздың бірі – Лес Назарбаев. Бүгінде сексеннің сеңгіріне көтеріліп, өз әулетінің алтын діңгегіне айналып, ауыл-аймақтың ес тұтар қазыналы қариясы болып жүрген айтулы ардагер азамат 1944 жылы бұрынғы Жаңаауыл деп аталатын ауылда туған. Шақпақ аймағында орын тепкен қазіргі Тәттібай Дүйсебайұлында (бұрынғы Амангелді ауылы) тұратын қадірлі қария, ұлағатты ұстаздың өнегелі өмір жолы туралы қалам тербеуді бұрыннан ойлап жүрсек те оның сәті түсе қоймаған. Өткен жолы ауылға арнайы барып қариямен әңгімелесудің орайы келген еді.
– Біздің буын сонау Ұлы Отан соғысы жылдары туған ұрпақпыз. Онда ауылымыз Жаңаауыл деп аталады екен. Ол кезде аталарымыз қазір тұрған ауылымыздың Алатау жақ бетінде сайдың, бастаулардың басында әулет-әулет болып қоныстанатын. Мен де сонда тудым. Әкем Назарбай колхозшы болған. Онда ауыл адамдары шағын ғана ұжымның малын бағып, басқа да жұмыстар істейтін. Әкем де солай еңбек етіп қой, жылқы бағып, қырманда жұмыс атқарды. Отбасында бірнеше перзентті тәрбиелеп, өсірген анам Зарауха Шилібайқызы қызылша алқабында және қырманда жұмыс істеген. Әкем 1958 жылы дәл 58 жасында қайтыс болды. Онда мен жас баламын. Әкем марқұмның балаларының қызығын көре алмай дүниеден озғаны көңілге мұң ұялатады. Біздің балалық шағымыз соғыс жылдарында, соғыстан кейінгі ел өміріндегі ауыр да қиын жылдарда өткендіктен елдің тұрмысы жағдайы өте қиын болды. Біздің ұрпақ жоқшылықты, елдің өміріндегі ауыр тұрмысты көріп өскен. Содан болар, өмірге деген көзқарасымыз ерте қалыптасып, қабырғамыз қатпай жатып ауылдың ауыр еңбегіне араластық. Одан жаман болған жоқпыз. Еңбек бізді азамат қатарына қосып, елге сыйлы болуға үйретті,- дейді тәттібайлық ардагер ұстаз Лес Назарбайұлы.
Соғыстан кейінгі жылдары ел тұрмысының ауыр болғаны бәрімізге белгілі. Сонда тылда жүріп еңбек майданында аянбай тер төккен ауыл адамдарының еңбегін айтпай кетуге болмас. Олар – елдің өмірін түзетіп қана қоймай, халық тұрмысының көтерілуіне үлес қосқан нағыз еңбектің ерлері. Бұрынғы Жаңаауыл ауылында төртжылдық шағын мектеп болатын. Бала Лес те алғашқыда сонда білім алғанын айтады. Онда ауыл мектептерінде қазіргідей қолайлы жағдай қайдан болсын?! Есесіне ыңғайластырып салынған шағын ғимаратта қысылып-қымтырылып оқыған ауыл балаларының білім алуға деген ынта-ықыласы әлдеқайда жоғары еді. Мұғалімдер де аз. Ауыл мектебінде еңбек еткен ұлағатты ұстаздардан – Қансейіт Нұрлықұлов, Сыдығалы Үмбеталиев деген сақа мұғалімдер ауыл мектебінде еңбек етіп, балаларды оқытқанын айта кеткен жөн. 1957-58 жылдары Жаңаауылдың төменгі бөлігінен жер таңдап алынып, көше тілу жұмыстары жүргізіліп, әрбір отбасына 25 соттықтан жер телімі бөлініп берілгенін айтады ардагер ұстаз сол жылдарды еске түсіріп.
– Сол жылдары ауылымыз осында көшіріліп, «Амангелді» колхозы болып қайта құрылды. Ауылдағы мектеп Амангелді жетіжылдық орталау мектебі болып аталып, біз осында оқуымызды қайта жалғастыруға мүмкіндік алдық. Кейіннен Қайрат ауылындағы бұрынғы «Октябрдың-40 жылдығы» атындағы мектеп-интернатта оқып, оны 1962 жылы аяқтадым. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегенді халқымыз жайдан жай айтқан жоқ шығар. Бұл мектепте де бізді жақсы мұғалімдер оқытты. Олардың қатарында – Сейіткерім Дүрменов, Зетбек Мұраталиев, Сәбит Манашев, одан бөлек, Жадыра, Мәрзия есімді ұстаздар бар. Одан бері 60 жылдан астам уақыт өтсе де біз олардың оқушыларға берген тәрбиесі мен еңбегін ешқашан ұмытқан емеспіз. Кейбір ұстаздардың фамилиясын ұмытсам да жас ұрпаққа берген тәлімі мен тәрбиесін, ұлағатын ұмытқан жоқпын,- дейді кейіпкеріміз толғана сөйлеп.
Ауданның білім беру саласында өзіндік орны бар, шәкірттердің жүрегіне жол таба білетін бірегей ұстаздардан тәлім-тәрбие, білім алған талапкер жас Лес Назарбаевтың жақсы азамат болып қалыптасып, ұстаздық жолды таңдамаудан басқа амалы да жоқ еді. Олай дейтініміз, алғашқыда ауыл мектебінде оқып, кейіннен Қайрат ауылындағы орта мектепте білім алған бозбала Лес мектепті бітіргенде «Мұғалім боламын!» деп түбегейлі шешім қабылдады. Онысын анасы да қош көріп, 1962 жылы өзі құралыптас талапкер азаматтармен бірге Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа барып құжат тапсырып, емтихан сынағынан сүрінбей өтті. Аталған оқу орнының математика факультетіне оқуға түскен ол бір жылдан кейін әскер қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышын Советтер Одағының (Ресейдің) Челябинск қаласында өтейді. Азаматтық борышын өтеген үш жыл уақыт та кейіпкерімізге үлкен өмір мектебі болғаны анық. Әскерден келгеннен кейін институттағы оқуын қайта жалғастырып, 1969 жылы оны жақсы үлгеріммен аяқтайды.
Лес Назарбаев 1967 жылы сутдент болып, институтта білім алып жүргенде өзімен қатар оқыған осындағы «Шақпақ» стансасының қызы Рахила Толымбекқызымен үйленіп, шаңырақ көтереді. Рахила апай да Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтында оқып, химия-биология пәнінің мұғалімі мамандығын бітірген. Екеуі де инститтуттың жолдамасымен ауылдағы Амангелді атындағы жетіжылдық мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасады.
– Алғаш (1969 жылы) ауыл мектебіне жұмысқа орналасып, еңбек жолымды бастаған тұста ардагер ұстаздармен бірге қызмет атқардық. Сабыралы Нарбаев деген мұғалім мектептің директоры болатын. Сәрсенбай Бейсалиев директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болса, бізге бұрын бастауыш мектепте сабақ берген Қансейіт Нұрлықұлов, Сыдығалы Үмбеталиев ағайлар да осында еңбек етті. Сонымен қатар, Владимир Андреевич, Кенен Қуанышев, Нұржігіт Нұрлықұлов, Қуандық Аманбаев, Тамара Дмитриевна және Ванда Гетерле есімді ұстаздармен әріптес болып, сыйласа жүріп қызмет атқарғанымды әрдайым мақтан тұтамын. Біз оқушыларға сабақ беру барысында барынша дайындалып келіп, жан-жақты ізденуді басты мақсат етіп қойдық. Математика ғылымы саласында айтулы жаңалық ашқан әлем ғалымдарының еңбегіне жүгініп, оқушыларға сабақты көрнекілік-суреттер арқылы үйрететінбіз. Түрлі тәжірибе жасап, теория және практика жүзінде де оқушы шәкірттерге көп дүниелерді үйреттік деп ойлаймын. Біздің кезімізде ауыл балаларының тәртіп-тәрбиесі өте жоғары болатын. Оның үстіне, ауылда бір-бірімізді жақсы танимыз. Ұстаздардың абырой-беделі жоғары еді. Ата-аналармен тығыз байланыс жасай отырып, өзара сыйластықта еңбек еттік. Мұның барлығы – ұзақ жылғы еңбек пен ізденістің нәтижесі болса керек,- дейді ардагер ұстаз Лес Назарбаев.
Халқымызда: «Көргені жақсы көш бастар» деген аталы сөз бар. Өмірден көргені көп, түйгені мол ұстаз Лес Назарбаев жұбайы Рахила апай екеуі бір мектептің ұжымында ұзақ жыл жемісті қызмет атқарған айтулы мұғалімдер бола білді. Оған қос ұстаздың мектепте сабақ беріп, тәрибелеген талантты шәкірттері дәлел. Ұлағатты ұстаздар тәрбиелеп өсіріп, қияға қанат қақтырған бүгінде есімдері елге белгілі танымал шәкірттердің қатарында – журналист-жазушы Талғат Сүйінбай, белгілі сатирик жазушы Толымбек Әлімбекұлы, бүгінде математика пәнінен Жамбыл облысының көлемінде 40 жылға жуық уақыттан бері абыройлы ұстаздық қызмет атқарып келе жатқан Медет Таубаевтың есімдерін құрметпен атауға болады. Сондай-ақ, ел дамуының құқық, сот саласында, одан бөлек, білім-ғылым, есеп-қисап салаларында айтулы табыстарға қол жеткізген талантты түлектер – Ғалымжан Нұрлықұлов, Әуелбек Мырзабаев, Сәткүл Әбдіқұлова және Сәуле Тұрсынқұлова Лес Назарбаевтың тәлімін алған талантты шәкірттердің қатарын толықтырып отыр. Бұл – ұстаз үшін үлкен мақтаныш емес пе?!
Бір ұжымда үздіксіз 40 жылға жуық ұстаздық қызмет атқарған ардагер ұстаз Лес Назарбаев 1966 жылы облыстық мұғалімдер съезінің делегаты болып сайланып, қызмет барысында ауданның және облыстық білім басқармаларының Құрмет Грамоталарымен марапатталған. Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдары да бар. Ауданға қарасты Т.Дүйсебайұлы ауылындағы ұлағатты ұстаздар жанұясы Назарбаевтар отбасында отағасы Лес Назарбайұлы мен Рахила Толымбекқызы барлығы жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі жандар. Үлкен қызы Сандуғаш ата-анасының жолымен ұстаздық жолды таңдап, Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ берсе, екінші перзенті Қарлығаш облыстың орталығы Тараз қаласында денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Марқұм үлкен ұлы Жаниярдың мамандығы мал дәрігері болатын. Одан кейін өмірге келген ұлдар – Бақтияр, Данияр, Мадияр аудан және облыстың көлемінде ішкі істер саласында еңбек еткен азаматтар. Кенже ұлы Айдар ауылдағы қара шаңырақта тұрады. Кенже келіні Сәуле ауыл балабақшасында әдіскер болып қызмет атқарады. Ұл-қыздарының барлығы үйлі-баранды. Елдің дамуы жолында түрлі жауапты қызметтерді атқарып, отбасында ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп келеді. Отанасы Рахила апай 2014 жылы дүниеден озған…
«Ақылды адамға иман парыз, Иманды адамға ғибадат парыз» дейді ұлы ойшыл, дана Абай Құнанбайұлы. Ауыл мектебінде ұзақ жыл мұғалім болып қызмет атқарған Лес Назарбаев құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін имандылыққа біржолата бет бұрып, мұсылманның бес парызын орындау үстінде. Үлкен қажылыққа сапарлап бармаса да бес уақыт намазымен бірге, жұма намазын қаза етпей, жыл сайын қасиетті Рамазан айында ораза тұтуды өмірлік әдетіне айналдырғанын айтады. «Ауылыңда қазыналы қартың болса, жазып қойған хатпен тең» демекші, Лес қария жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесімен қатар, ауыл-аймақтың береке-бірлігін арттырып, ағайын арасындағы туыстық қарым-қатынасты жолға қою ісіне де ұзақ жылдан бері жанашырлықпен белсене араласып келеді. Осындағы үлкен ақсақалдармен ақылдасып-кеңесе отырып Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен соғыс құрбандарына арналған ескерткіш-монументтің бой көтеруіне, ауылдың зиратына барар жолға шағалтас төсеу ісіне, тағы басқа сауапты істерге атсалысқанын айта кеткен жөн. Мұндай сауапты іске үлес қосқандардан марқұм қария Айып Қаражігітов, одан бөлек, жанашыр азаматтар – Оралбек Батырқұлов, Махатбек Өтелбаев, Мелдебек Баубеков және Байжан Төреханов, т.б. бар. Милиция генерал-майоры Тәттібай Дүйсебайұлының есімін иеленген ынтымақ-бірлігі ұйыған, іргесі берік бұл ауылда қазір 150-160-тай түтін бар. Ауылдың қаржы қоры да осындағы көпшілік сауапты істерді атқаруға мүмкіндік беріп отырғанын айта кеткен артық болмас.
Қадірлі қария, ұлағатты ұстаз Лес Назарбаев әңгіменің соңында жастарға, ел-жұртқа деген аталық ақ тілегін жеткізді.
– Алла тағала қасиетті Отанның, ел-жұрттың амандығын, бейбіт өмірдің тыныштығын берсін. Жас ұрпақтың бейбітшілікте өмір сүріп, тәлімді-тәрбиелі, Тәуелсіз елдің ертеңіне тұтқа болатын айтулы азаматтар болып өсуіне шын жүректен тілектес екенімді айтқым келеді. Шақпақ аймағында орналасқан біздің ауылдың азаматтары соғыс ардагері, генерал-майор Тәттібай Дүйсебайұлының есіміне кір келтірмейтіндей мағыналы өмір сүріп, пайдалы жұмыстарды атқарып келеді. Ауылдың осынау ынтымақ-бірлігі арта түсіп, жастарға ақыл-кеңес айтумен бірге, оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, адастырмас жол көрсету – ежелден аға буынның міндеті саналады. Қазыналы қариялардың қатары артып, жастар аман болсын,- дейді кейіпкеріміз Лес қария.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»