Basty bet
Төтенше жағдайдың салдарымен күрескенше, оның алдын алған әлдеқайда тиімді
Ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын азайту – сала мамандарының күнделікті негізгі міндеттерінің бірі. Аталған бөлімнің ұжымы осы маңызды міндетті абыроймен атқарып келеді. Бүгінде ауданда төтенше жағдайлар саласында жалпы – 43 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде, Боралдай ауылдық округінің Көлтоған ауылындағы өрт сөндіру бекетінде 11 маман қызмет атқарса, аудандық өрт сөндіру бөлімінде 27 қызметкер жұмыс істейді. Ал, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде бес маман тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қызмет етуде.
Кез келген қауіп-қатерге дайын тұратын ұжымның басты мақсаты – адам өмірін сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бөлімнің негізгі міндеті – төтенше жағдайлардың алдын алып, олардың салдарын азайту және төтенше жағдай орын алған жағдайда жедел әрекет етуді ұйымдастыру. Сондықтан бұл қызмет тек апат болған кезде әрекет етумен шектелмейді. Оның маңызды бөлігі – алдын алу, түсіндіру және дайындық жұмыстары.
Сонымен қатар, қазіргі таңда Қызыларық ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылында өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Мұнда жеті адам ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кезекшілік атқарып, төтенше жағдайлар мен өрт оқиғалары кезінде жедел әрекет етеді. Одан бөлек, бүгінгі күні Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Кәріқорған ауылында да өрт сөндіру бекетінің құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі аталған бекетті қажетті өрт сөндіру техникасы мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, мамандарды төтенше жағдайлар кезіндегі дұрыс әрі жедел іс-әрекет етуге үйретуді және тиісті даярлықтан өткізуді жоспарлап отыр. Өрт сөндіру бекеті ауылдық округ әкімдігіне қарасты мекеме ретінде жұмыс істейтін болады. Мұнда жеті адам тұрақты жұмысқа қабылданып, олар 3 065 тұрғынға өрт қауіпсіздігі бойынша қызмет көрсетіп, төтенше жағдайлар орын алған жағдайда жедел әрекет ететін болады.
Қазіргі таңда аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша Мейірхан Әлімбеков атқаруда. Биыл ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік шараларын күшейту бағытында бірқатар жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылы көпқабатты үйлердің терезесіне 30 блокатор орнатылған. Үстіміздегі жылы ауданда биіктіктен құлау оқиғасы тіркелмеген. Дегенмен, судағы қауіпсіздік мәселесі өзекті болып отыр. Өйткені, жыл басынан бері суда бір қайғылы жағдай орын алған. Атап айтқанда, азамат шомылуға тыйым салынған жерде суға түсіп, қайғылы жағдайға ұшыраған. Сонымен қатар, шомылуға рұқсат етілген аумақта суға батып бара жатқан бір адам дер кезінде құтқарылған.
Ал, биыл аудан аумағында 32 өрт оқиғасы тіркеліпті. Оның 8-і автокөлікте және 24-і тұрғын үй секторында орын алған. Өрт оқиғаларының негізгі себебінің бірі – тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы. Атап айтқанда, электр сымдарының ескіруі және бір жерге бірнеше электр құрылғысының қосылып, электр желісіне шамадан тыс күш түсуі өрт қаупін арттырады. Ауданда жалпы 74 жағдайы төмен отбасы анықталған. Қазіргі таңда бұл отбасыларға аудандық төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан улы газ бен түтінді анықтайтын құрылғыларды орнату жұмыстары жүргізілуде.
Аудандық төтенше жағдайлар бөліміндегі техникалар жылдың кез келген мезгіліне сақадай-сай дайын. Сонымен қатар, алдағы уақытта сиреналық сөйлеу құрылғысын сатып алып, оны орнату жұмыстары жоспарлануда.
Бүгінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің маңызды маусымдық жұмыстарының бірі – қысқы жылыту маусымына дайындық. Осы орайда, мекеме қызметкерлері тұрғындарға қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Себебі, қысқы жылыту маусымына дұрыс дайындық түрлі қауіптің алдын алуға және тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтауға тікелей ықпал етпек. Әсіресе, күз-қыс мезгілдерінде улы газдан улану қаупі арта түседі. Осыған байланысты тұрғындарға пештерді, мұржаларды және газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану, ақауларды уақтылы жою және газ құрылғыларын тек мамандарға тексерту және улы газдан уланудың алдын алу және газ иісі сезілген жағдайда дұрыс әрекет ету тәртібін түсіндіруде.
Құтқарушылар тұрғындарды жылыту маусымында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, пеш пен газ жабдықтарын дұрыс пайдалануға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақыруда. Жеке тұрғын үйлерде пешті пайдаланған кезде оның жарамдылығына ерекше көңіл бөлу қажет. Пеш мұржаларын күйеден уақтылы тазалап, оны кемінде жылына бір-екі рет тексеріп отырған жөн. Мұржада күйенің шамадан тыс жиналуы өрттің шығуына немесе түтіннің үй ішіне таралуына себеп болуы мүмкін.
Сондай-ақ, жарылған, сызат түскен немесе ақауы бар пештерді пайдалануға болмайды. Пештің ақауларын дер кезінде жөндеп, жарамсыз бөліктерін қалпына келтіру қажет. Пешті дұрыс орнату талаптарын да қатаң сақтаған жөн. Пештің төменгі бөлігіне жанбайтын материалдан, атап айтқанда, цементтен арнайы тұғыр немесе төсем жасау керек. Пештің алдыңғы және айналасындағы аумақты жанғыш заттардан таза ұстау қажет. Пештің алды кемінде 70×70 сантиметр көлемінде қорғалған әрі бос болуы тиіс. Одан бөлек, шатырдан өтетін мұржаның айналасына да ерекше назар аудару қажет. Мұржа өтетін тұстарды жанғыш материалдардан оқшаулап, оның айналасын темір немесе басқа да отқа төзімді материалмен қоршау керек. Бұл мұржаның қызуынан шатырдың және басқа да құрылыс элементтерінің тұтану қаупін азайтады. Жанып тұрған пешті қараусыз қалдыруға болмайды. Әсіресе, пешті түнгі уақытта немесе балалардың қарауына қалдыру өте қауіпті.
Тұрмыста қолданылатын газ және электр құралдары да өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болуы тиіс. Қолдан жасалған немесе сапасыз электр жылытқыштарын пайдаланудың соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан, тек сапалы әрі техникалық талаптарға сәйкес келетін электр құрылғыларын қолданған жөн. Газ плитасын бөлмені жылыту мақсатында пайдалануға қатаң тыйым салынады. Үйді жылыту үшін газ плитасын ұзақ уақыт ашық қалдыру көміртек тотығының жиналуына және өрт немесе улану қаупінің туындауына себеп болуы мүмкін.
– Қазақта «Сақтансаң, сақтаймын» деген жақсы сөз бар. Шын мәнінде, әрбір отбасының қауіпсіздігі ең алдымен үйдегі әр адамның қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауына байланысты. Сондықтан қысқы жылыту маусымына немқұрайлы қарамай, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызы зор. Әсіресе, жылыту маусымында газбен байланысты қауіпсіздік талаптарына ерекше мән берген жөн. Қарапайым ғана сақтық шараларын сақтау адам өмірі мен денсаулығын қорғап, қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жылыту маусымында адам өміріне қауіп төндіретін негізгі факторлардың бірі – көміртек тотығы, яғни иіс газы. Оның түсі де, иісі де жоқ болғандықтан, адам оны сезбей қалуы мүмкін. Сондықтан тұрғын үйлерге көміртек тотығын анықтайтын арнайы иіс газы датчиктерін орнатудың маңызы зор. Пеш жаққан кезде мұржаның тарту күшін үнемі бақылап отыру қажет. Түтіннің кері тартуы немесе бөлмеге таралуы байқалса, пешті пайдалануды тоқтатып, ақаудың себебін анықтау керек.
Өрт қауіпсіздігіне немқұрайды қарау орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір тұрғын үйдегі пешті, газ және электр құралдарын пайдалану кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтап, өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өйткені, өрттің алдын алу – әрбір адамның міндеті. Қауіпсіздік ережесін сақтау арқылы өз үйіңізді, мүлкіңізді және ең бастысы, адам өмірін сақтап қалуға болады,- дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Мейірхан Әлімбеков.
Мамандардың айтуынша, төтенше жағдайдың салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда маңызды. Егер төтенше жағдай орын алған жағдайда, «101» нөміріне қоңырау шалып, үрейге бой алдырмай, оқиғаның нақты мекенжайын хабарлау қажет. Қоңырау кезінде нақты әрі дұрыс ақпарат беру өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың оқиға орнына дер кезінде жетуіне септігін тигізеді. Қауіпсіздік – баршаға ортақ жауапкершілік. Төтенше жағдайдың алдын алу әр азаматтың сақтығы мен жауапкершілігінен басталады!
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”