Basty bet

Жүйелі жұмыстар жемісін беруде

Жуалы ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Жуалы-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 2008 жылы құрылған.
Бүгінгі күні мекеме аудан орталығындағы және онымен іргелес Қайрат, Диқан, Талапты, Көлбастау және Нұрлыкент, Қызыларық, Қарабастау, Жылыбұлақ, Дарбаза, Қарасаз, Күреңбел, Шақпақата және тағы басқа да ауылдардың тұрғындарын және заңды тұлғаларды ауызсумен қамтамасыз ету, аудан орталығында кәріз, шайынды суларды алып кету және орталық қазандықта жылыту қызметтерін атқаруда.

Кәсіпорын басшысы Қуанышбек Болысбаевтың айтуынша, мекеме 396,6 шақырым су тарату желісін, 5,88 шақырым кәріз су желісін, 66 су тарту нысанын, 1 кәріз су айдау станциясын, 4,8 га жерде орналасқан сүзгі алаңын күтіп баптау және пайдалану жұмысымен шұғылданады.
Кәсіпорынға 2021 жылы Жетітөбе ауылдық округіндегі Шыңбұлақ, Майбұлақ және Қосмұрат ауылдарында, Қарасаз ауылдық округіндегі Қарасаз, Жұрымбай, Ақбастау ауылдарында, Қызыларық ауылдық округіндегі Сұрым, Теріс-Ащыбұлақ және Алатау ауылдарында, Көкбастау ауылдық округіндегі Теріс ауылында, Шақпақ ауылдық округіндегі Ынтымақ және Т.Дүйсебайұлы ауылдарында, Боралдай ауылдық округіндегі Ертай және Көлтоған ауылдарында, Қошқарата ауылдық округіндегі Қошқарата ауылында жаңадан құрылысы біткен су тарту нысандары мен жалпы ұзындығы 175,9 шақырым жаңа орталық ауызсу жүйесі пайдалануға берілді. Орталық ауызсу жүйесінен ауласына құбыр тарту жұмыстары атқарылып, бүгінгі таңда негізгі қызметімізді пайдаланып отырған 1127 тұтынушы (абонет) тіркелді.
Бүгінгі таңда ауызсу желілерімен су жеткізу қызметіне арналған орташа-босату бағасы 1 текше метр үшін ҚҚС-сыз – 90,54 теңге, тұрғындарға – 39,55 теңге, бюджет қаражатынан қаржыландырылатын мекемелерге – 156,95 теңге, басқа тұтынушыларға – 100,04 теңге.
Шайынды суларды бұру қызметтеріне арналған орташа босату бағасы 1 текше метрге ҚҚС-сыз – 40,32 теңге, тұрғындарға – 17,64 теңге, бюджет қаражатынан қаржыландырылатын мекемелерге – 42,20 теңге, басқа тұтынушыларға – 39,08 теңге.
Мекемеде бүгінгі таңда барлығы 165 қызметкер, оның ішінде 15 әкімшілік-басқарушы қызметкер, 150 жұмысшы қызмет атқарады. Қажеттілікке байланысты келісім-шартқа сай алты жұмысшы уақытша жұмысқа қабылданған.
Жергілікті бюджеттен қарастырылған қаражатқа Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылындағы Ә.Молдағұлова көшесінде ЖСҚ-қа сай – 3652,3 мың теңге орталық ауызсу жүйесінің ағымды жөндеу жұмыстары сәуір-мамыр айларында атқарылды.
Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы, Мыңбұлақ ауылдық округі Көлбастау ауылындағы орталық ауызсу жүйесінде орын алған 15 ақауларды қалпына келтіру жұмыстары атқарылды.
Мыңбұлақ ауылдық округі Көлбастау ауылының жоғарғы беткейінде орналасқан су тарту нысанында экологиялық талаптарға сай бактерицидтік қондырғы орнату жұмыстары жасалуда.
Қошқарата ауылдық округі Ақтасты ауылындағы ауызсу жүйесінде ЖСҚ-қа сай ағымды жөндеу жұмыстарын атқару жоспарланды.
Ақсай ауылдық округі Қайрат ауылындағы «Тәукебай», «Қайрат», Б.Момышұлы ауылындағы «Солтүстік», Шақпақ ауылдық округі Ынтымақ ауылындағы «Ынтымақ» су тарту нысандарында істен шыққан ЭЦВ су сорғыларын ауыстыру, жаға сорғыларды қосу жұмыстары атқарылды.
– Кәсіпорынның негізгі қызметіне келіп түскен қаражатына Б.Момышұлы, Көлбастау, Қайрат, Күреңбел, Талапты ауылдарындағы ауызсу жүйесінде барлығы 18 орын алған ақаулар қалпына келтірілді, – дейді мекеме басшысы Қуанышбек Болысбаев.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close