Basty bet
Бақылау-кассалық машиналарын қолдану талаптары
Бақылау-кассалық машиналарды (бұдан әрі – БКМ) қолдану тәртібі Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 110–111-баптарымен айқындалған.
Қазақстан Республикасының аумағында ақша есеп айырысулары міндетті түрде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар, кассалық машиналар тізіліміне енгізілген үлгідегі бақылау-кассалық машинаны қолдану арқылы жүзеге асырылады, егер осы бапта өзгеше көзделмесе.
Бақылау-кассалық машинаны қолдану кезінде мынадай талаптар қойылады:
1) ақшалай есеп айырысулармен байланысты қызмет басталғанға дейін бақылау-кассалық машинаны салық органында есепке қою жүзеге асырылады.
2) сатылған тауар, орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет үшін төленген сомаға бақылау-касса машинасының чегін немесе тауарлық чекті беру жүзеге асырылады;
3) салық органдарының лауазымды тұлғаларына бақылау-касса машинасына қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 284-бабына сәйкес келесі бұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылған:
-бақылау-кассалық машинаның болмауы;
-ақаулы БКМ-ді қолдану;
-мемлекеттік кірістер органдарында тіркелмеген бақылау-кассалық машинаны пайдалану.
Бұзушылық алғаш рет анықталған жағдайда кәсіпкерлік субъектісіне ескерту беріледі.
Бір жыл ішінде қайталап жасалған әкімшілік құқықбұзушылық үшін айыппұл салынады:
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 15 АЕК;
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК;
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК.
Жуалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы