Basty bet

Қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін бәріміз жауаптымыз!

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бастамасымен қолға алынған «Заң керуені» акциясы ел аумағында, оның ішінде, Жуалы ауданына қарасты ауылдық округтерде өз жалғасын табуда.

Өткен аптада аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлы алдын ала жасалған жұмыс кестесіне сәйкес, ауданға қарасты Күреңбел және Жетітөбе ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен болған кездесулердің аясында оларға құқықтық кеңестер берді. Ал осы аптаның сәрсенбісінің сәтінде ауданнан құрылған құқықтық топтың өкілдері аудан орталығынан шалғайда жатқан Боралдай және Қошқарата ауылдық округтеріне барып, округ тұрғындарының өкілдерімен кездесті.
Бас прокуратураның бастамасымен қолға алынған «Заң керуені» акциясы аясында өткен жиындардың барысында тұрғындарға дәл қазір қоғамды алаңдатып отырған алаяқтық қылмыстар туралы кеңінен айтылып, құқықтық тұрғыда құнды кеңестер ұсынылды және тұрғындармен жеке қабылдаулар жүргізілді. Акцияны өткізудегі мақсат – жергілікті жерлерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру, заңды құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтарды анықтау, өңірде қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту болып табылады.
Аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлы, аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы және аудан әкімі аппаратының өкілдері ең алдымен Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында болып, тұрғындарға құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Құқықтық жиынды аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлы ашып, жүргізіп отырды.
-Құрметті ауыл тұрғындары. Қазіргі таңда біздің еліміздің өңірлерінде алаяқтық қылмыстар өте өршіп тұрғаны жасырын емес. Одан барлығыңыз хабардарсыздар деп ойлаймын. Сіздерді ең алдымен осындай көрінеу алдау-арбаулардан сақтандырамын. Оның қиындығы да сол, интернет арқылы және ұялы телефон байланысы арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарды ашу және олармен күрес жүргізу құқық қорғау органдары үшін де қиындық тудыруда. Оның бірден-бір себебі, мұндай қылмыстарда ұрыны ұстау мүмкін емес. Өйткені, олар өз құрбандарына шетелдік, көбінесе, ресейлік бөтен нөмірлерден қоңырау шалады. Алаяқтар әдетте тұрғындарға өзін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін деп таныстырып: «Сіздің банктегі есеп-шотыңызға хакерлік шабуыл жасалайын деп жатыр. Қаражатыңызды тез арада басқа шотқа аударуыңыз қажет. Өйтпеген жағдайда шоттағы қаражатыңыз ұрлануы мүмкін. Сіз маған тез арада жеке куәлігіңіздің фото суретін және банктік картаңыздың нөмірлерін айтыңыз» деген сияқты жалған алдаулармен банк тұтынушысының жеке басының және қаржы ұйымындағы құпия мәліметтерін біліп алып, содан соң өздерінің негізгі іс-әрекетіне көшу арқылы жымысқы ойын жүзеге асырады. Мұндай жалған алдау-арбауларға ешқашан сенуге болмайды. Бұлай хабарласатын адамдар олар – алаяқтар. Осындай жағдайлардан аса сақ болуды сұраймын, сіздерден. Алаяқтық жолмен жасалған қылмыстар былтырдан қарағанда, биыл үш-төрт дерекке өсіп отыр.
Тағы бір айтайын дегенім, қазір біздің қоғамда блогерлер көбейіп кетті. Олар қоғамның, халықтың арасында жүріп-ақ теген мәліметтерге қанық болу арқылы басқа адамдарды бопсалайды. Олардың негізгі көздегені – жеке басының қамы мен оңай ақша табудың жолы. Алдыңғы апталарда біз осындай құқықтық топтың жиынын ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында өткізген кезімізде, өзін ауыл тұрғынымын деп таныстырған бір азамат жиында отырған тұрғындардың назарына бірқатар дәлелсіз жаңсақ ақпараттарды жеткізді. Әлгі азамат ауданда басшылық қызмет атқарып жүрген бірқатар азаматтың атына кір жұқтырғысы келген оймен дәлелсіз ой-пікірлерін де айтты. Бұл – дұрыс емес. Егер, сол азаматтың айтқандары дәлелденбейтін болса, ертең ол басқа адамдардың жеке басына қатысты жалған ақпараттарды таратқаны үшін заң алдында жауап береді. Өйткені, әркім өз ойы мен пікірін орынды әрі нақты дәлелдермен жеткізулері қажет. Олай болмаған жағдайда, жалған ақпарат таратқандар үшін жауапкершілік қарастырылған.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде де ақпарат тарату мәселесіне өте абай болғандарыңыз жөн. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік және құқық қорғау органдарына жалған террорлық актілер туралы хабарлап, абайсызда жаза басқандарға да жауапкершілік қатаң,- деді аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлы.
Айта кету керек, ауыл тұрғындарымен болған кездесудегі басты мақсат та сол, азаматтарға заң талаптарын түсіндіру, заң нормаларына түсіндірме жұмыстарын жүргізу және құқықтық тұрғыдан түсінік бере отырып, тиісті көмек көрсету. Сонымен қатар, жергілікті жерлерде тұрғындарға жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдық құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ топтарды анықтау, елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайтумен қатар, азаматтық қоғам мен құқық қорғау органдарының күш-жігерін біріктіру болып табылады.
Тағы бір маңыз беріп айта кететін мәселе – қазіргі таңда өршіп тұрған құқық бұзушылықтар бойынша азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қылмыстардың алдын алу. Атап айтар болсақ, қазір көбінде ауылдық жерлерде мал ұрлығы орын алады. Қараусыз мал – ұрылардың оңай олжасы. Тиісінше, мұның арты үлкен дау-дамайға әкеліп соқтырып жатады. Бұл ретте мал иелері сақтық шараларын қатаң сақтаулары қажет.
Құқықтық жиынның барысында Боралдай ауылдық округінің әкімі Бауыржан Абдалиев және аудандық полиция бөлімінің аталған ауылдық округтегі учаскелік полиция инспекторы Асхат Әшірбаев аймақтағы құқықтық ахуалы туралы баяндады. Баяндамашылардың берген мәліметіне қарағанда, ағымдағы жылы округте қылмыс тіркелмеген.
Құқықтық топтың жиыны Қошқарата ауылдық округінің орталығы Қошқарата ауылында жалғасын тауып, онда да аудан прокуроры жиналған тұрғындарға жан-жақты құқықтық кеңестер берді. Ауылдық округтің әкімі Жәнібек Мырзалиев аймақта құқықтық және қылмыстардың алдын алу профилактикасы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баян етті.
-Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Бас прокуратураның жауапты өкілдері отандық телеарналар арқылы эфирге шығып, халықты осындай алаяқтық, тағы басқа жолмен жасалатын қылмыстардан сақтандырып, осындай жағымсыз іс-әрекеттердің құрбанына айналмауға шақыруда. Түсіне білгенге, бұл бәріміз үшін де пайдалы кеңес саналады. Сондықтан, қайбір істе де сақ болуға және нақты әрі ресми ақпараттарды тек мемлекеттік ресми көздерден ғана алуға шақырамын,- деді Бауыржан Жанұзақұлы.
Б.Жанұзақұлы ауыл тұрғындарымен болған жиындардың барысында қоғам қауіпсіздігі мен оның тыныштығына қоғамның мүшелерінің барлығының жауапты екендігіне баса назар аударды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close