Basty bet
Саяси шараға аудандық мәслихат депутаттары да қатысты
Өткен аптада Астана қаласында мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумы өтті. Саяси шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 2 500 депутат қатысты.
Форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Президент өз сөзінде депутаттардың біліктілігін арттырып, мәслихаттар мен әкімдіктерді үйлесімді жұмыс істеуге шақырды.
Форумда түрлі түйткілді мәселелер көтерілді. Мәселен, Ринат Заитов тасада қалған төл өнерімізді төрге шығаруымыз керек деді. Ол үшін ұлттық дәстүр мен өнердің оңаша ордасы қажеттігін айтты.
-Мәселен, Қытайдағы дәстүрлі Бейжің орталығы, Италиядағы Ла-скала, қырғыз ағайынның Манас орталығы өз ұлтының төл өнері мен дәстүрін сақтап, дамытып отыр. Бізге де осындай республикалық деңгейдегі ұлтымыздың ән-күй, жыр, айтыс-термесін әлемге танытатын бір дәстүрлі ұлттық театр ауадай қажет,- деді Ринат Заиытов.
Мемлекет басшысы мәслихат депутаттары айрықша сенім мандатының иесі екенін, тұрғындар оларға мәселесін шешуге көмектеседі деп үміт артатынын айтып, сондықтан депутаттар жауапкершілікті терең сезініп, халыққа адал қызмет ету керектігін айтты.
Десе де, депутаттардың барлығы жұмысына жауапты емес, біразының сайлаушылар алдындағы есебі көбінде формальді түрде өтеді деді Президент. Әрі әкімдіктердің жұмысын беталды сынайтын азаматтардың өзін сынға алды. Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзінше әкімнің жұмысына сын көзбен қарау – демократиялық қоғамға тән қалыпты нәрсе. Бірақ сынағанның жөні осы екен деп, тым артық кететін әсіре белсенділер де бар.
Сонымен қатар Президент депутаттар назар аударуы тиіс түйткілдерге де тоқталды. Депутаттар жергілікті жердегі тазалықтан бастап, ұрпақ тәрбиесіне дейін бей-жай қарамауы тиіс. Әсіресе телефоннан бас көтермейтін балаларға үлгі болатындай, ел ішіндегі шынайы қаһармандарды насихаттау керек.
-Біздің оқушылар математикадан, физикадан және басқа да пәндерден өткен олимпиадаларда жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Осындай талантты балаларды қолдап, олардың ұстаздарын ынталандыру керек. Таяуда академик Асқар Жұмаділдаев осы турасында: “Біздің спортшылар Олимпиадаға барып, қарсыластарын төпелеп ұрып, танауын бұзып келеді. Кейін оларды әуежайда қарақұрым халық қарсы алып құттықтайды, тіпті пәтер мен көлік сыйлап жатады. Ал математика, физика, химия пәндерінен өткен халықаралық олимпиадаларда бірінші орын алған балаларымызға мұндай құрмет көрсетілмейді” деп орынды пікір білдірді,-деді Мемлекет басшысы.
Форумға қатысқан депутаттар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз әсерлерімен бөлісуде.
Орталық пен аймақты біріктіріп, проблемаларды талқылап, пікір алмасуға мүмкіндік жасаған шараға біздің аудандық мәслихаттың депутаттары да барып қатысып қайтты.
Аудандық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер, көпбалалы ана Нүрилә Мәлібекова форумда ел көкейінде жүрген көптеген өзекті мәселелердің көтерілгенін, депутаттар өз ой-пікірлерімен, ұсыныстарымен бөліскенін айтып, ұсыныстар назардан тыс қалмайтынына сенім білдірді.
-Астанада өткен форум депутаттардың пікірі, ұсынысы, идеясы зая кетпейтініне, естілмей қалмайтынына тағы көзімізді жеткізді.
Форумға Мемлекет басшысының қатысып, ой бөліскені, депутаттарды әкімдікпен үйлесімде жұмыс істеуге шақырғаны, нендей мәселелерге назар аудару қажеттегі туралы айтқан сөздері бізге ерекше әсер етті, жұмысымызға деген ынта-жігерімізді жани түсті.
Көпшілікке ерекше әсер қалдырғаны Ринат Заиытовтың қазақ ұлттық әдебиеті пәнін оқу жоспарына енгізуді, ұлттық дәстүр мен өнеріміз ұмыт болмау үшін дәстүрлі Ұлттық театр қажеттігін ұсынуы. Ол жай ғана театр емес, қазақ ұлтының рухани байлығын баршаға паш етіп ұрпақ тәрбиесіне оң әсерін тигізетін орталық болатынын атап өтті.
Мұндай пікір алмасу, тәжірибе алмасу алаңның ұйымдастырылуы аса қажетті саяси шара. Осы шарадан кейін әр депутат өз жұмысын жүйелеп, одан әрі дамиды деген ойдамын,- дейді Нүрилә Мәлібекова.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»