Basty bet
Түлектер бокс мектебіне жаңа рингті сыйға тартты
Жамбыл облысының боксы туралы сөз қозғағанда, қасиетті өңірдегі осынау спорт түрін дамытуға Жуалы ауданынан шыққан білікті бапкерлер мен даңқты спортшылардың оған қосып келе жатқан қомақты үлесін айтуға тиіспіз. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бокстан аға бапкер Тұрлыбек Көпжасаров ауданда өз алдына бір «мектеп» қалыптастырып, бірқатар спорт саңлақтарын баулып шығарды.
Есімі аудан, облыс қана емес, республикада құрметпен аталатын аса білікті бапкер өз кезегінде бокстан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Токио Олимпиадасына Ұлттық құрама сапында қатысқан таңдаулы былғары қолғап шеберлерінің бірі Әбілхан Аманқұл, т.б. айтулы спортшыларды өсірді. Ал, Жуалы ауданының түлегі, Афины Олимпиадасының (2004) чемпионы, танымал былғары қолғап шебері Бақтияр Артаевтың жөні бір бөлек. Бүгінде аталған спортшылардың спорттағы сара жолын жас спортшылар жарқын жетістіктермен лайықты жалғастырып келеді.
Жуалы ауданында Жамбыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №16 бокстан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бірнеше жылдан бері жұмыс істейді. Онда ауылдық округтерде жаттығып жүрген жасөспірімдерді қоса есептегенде, барлығы 406 бала былғары қолғап киіп, бокс спортының қыр-сырына қанығу үстінде. Олардың арасында ел чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және бірқатар халықаралық жарыстардың жүлдегерлері бар. Жуалы бокс мектебінің жетістіктеріне тоқталатын болсақ, білікті жаттықтырушы Тұрлыбек Көпжасаровтың шәкірті Әбілхан Аманқұл әлем чемионатында күміс жүлдеге қол жеткізген айтулы былғары қолғап шебері. Әбілхан қазір Америка Құрама Штаттарында жаттығып, сонда кәсіпқой бокста сәтті өнер көрсетіп жүр.
Бокстан Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпиондары, Әлем және Азия чемпионаттарының қола жүлдегерлері, Қазақстан құрама командасының мүшелері – Айгерім Ошақбай және Анжелика Цой да Жуалы бокс мектебінің айтулы түлектері. Бокс мектебінің әртүрлі байрақты бәсекелер мен дүбірлі додаларда олжа салып, елдің даңқын асқақтатып жүрген басқа да мақтан тұтарлық шәкірттері бар.
Иә, Жуалы бокс мектебінің дамып, шәкірттердің жоғары жетістіктерге жетуіне жергілікті мектептерден түлеп ұшқан түлектер де үлкен үлес қосу үстінде. Жақында «Жомарт түлек» жобасының аясында түлектер аудандық №16 бокстан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жаңа рингті сыйға тартты. Атап айтқанда, ауданның түлегі, бүгінде Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты ауызсу басқармасының басшысы қызметін атқаратын Нұрсұлтан Керемқұлов және т.б. жекелеген азаматтардың демеушілігімен аудан орталығындағы Спорт кешенінің үшінші қабатында бокспен айналысатын жасөспірімдер үшін бокс рингі қойылды.
Жаңа рингтің ашылу салтанатына боксшыларға өнегелі тәлім беріп, томағасын сыпырған білікті бапкері, елге еңбек сіңірген жаттықтырушы, марқұм Тұрлыбек Көпжасаровтың туған ағасы Тұрғын Көпжасаров, бапкердің отбасы мүшелері, т.б. азаматтар қонақ ретінде шақырылды.
Жас ұрпақты саламатты өмір салтына баулу және оларды жастайынан үлкен спортқа бейімдеу, оларға көмек-қолдау көрсету мақсатындағы маңызды шара барысында аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев құттықтау сөз сөйлеп, игілікті іске ұйытқы болған өңірдің жанашыр азаматтары мен мектеп түлектеріне аудан халқының атынан алғыс білдіріп, рингті орналастыруға үлес қосқан демеуші азаматтарға мәслихаттың Алғысхатын көпшіліктің алдында табыс етті.
Сондай-ақ, жиында Тұрлыбек Көпжасаровтың туған ағасы Тұрғын Көпжасаров, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ауызсу басқармасының басшысы Нұрсұлтан Керемқұлов, аудандағы Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің және бокс мектебінің директорлары Данияр Әбілов, Мұхтар Құлтаев сөз сөйлеп, жасөспірімдердің жаттығуына көмек көрсетудегі спорт жанашырларына және оған демеушілік жасаған түлектерге алғыс білдіріп, Д.Әбілов өз кезегінде Т.Көпжасаровтың иығына қазақты дәстүрмен шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Жаңа рингтің ашылу салтанатында аудандық мәслихаттың депутаты, өңірге жанашыр азамат Ұлан Айхожаев сөз сөйлеп, қасиетті өңірден айтулы спорт шеберлерінің көптеп шығып жатқанын айтып, бокс мектебіне жаңа рингті демеушілікпен сыйға тартқан түлектерге алғысын жеткізіп, ауданның бокс мектебінен жас былғары қолғап шеберлерінің көптеп шығуына тілектестік білдірді.
Жаңа рингтің лентасын аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев және Тұрлыбек Көпжасаровтың ағасы Тұрғын Көпжасаров қиды.
Айта кету керек, аудандық Спорт кешенінде жаңа рингтің ашылуы білікті жаттықтырушы Тұрлыбек Көпжасаровтың атындағы бокстан облыстық турнирдің өтуімен тұспа тұс келгенін де жақсы ырымға баладық. Өткен аптада Спорт кешенінің үлкен залында 2011-2012 жылы туған жасөспірім ұлдар және қыздар арасында жарыс өтті. Турнирдің ұйымдастырушылары білікті жаттықтырушы Т.Көпжасаров атындағы турнирді республикалық және халықаралық деңгейге көтеруді басты мақсат тұтып отырғанын айтады.
Кеудесінде оты бар, жігерлі спортшылардың бабын тауып, жұлдызын жаға білген айтулы бапкер азаматтың есімі елдің спорт тарихында алтын әріптермен жазылатыны анық. Түлектердің бокс мектебіне жасаған сый-құрметінен осыны аңғарғандаймыз…
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»