Basty bet
Заң мен тәртіп – ортақ жауапкершілік: Ақсай ауылында ата-аналар жиналысы өтті
Ақсай ауылдық округінде «Заң мен тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды.
Іс-шараға ауылдық округі аппаратының мамандары мен учаскелік полиция қызметкерлері қатысып, елді мекен тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиналыс барысында оқушылардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз көшеде жүруіне жол бермеу, жасөспірімдердің құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кездесудің негізгі бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандардың еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алу және ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін күшейту болды. Мамандар қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты заң талаптары, ата-аналардың міндеттері мен құқықтық жауапкершілігі жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Сонымен қатар тұрғындарға жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырудың маңыздылығы, құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары және бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі отбасы мен қоғамның бірлескен жауапкершілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мұндай кездесулер қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға және «Заң мен тәртіп» қағидатын тұрғындар арасында кеңінен дәріптеуге бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болып табылады.