Basty bet

Таразда балалар жүрегін емдеудің қолжетімділігі мен сапасы талқыланды

Тараз қаласында туа біткен жүрек ақауы бар балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, ауруды ерте диагностикалау және балалар кардиохирургиясын дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды.

Осы бағыттарға арналған баспасөз конференциясы Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында өтті. Іс-шара «Heart Center Foundation» қоғамдық қоры ұйымдастырған «JÜREK» пациенттер мектебі мен Қазақстанның балалар жүрегін емдеу мамандары қоғамының «TARAZ PEDIATRIC HEART FORUM» IV конференциясы аясында өткізілді.

Жиында балалардағы туа біткен жүрек ақауларын анықтау мен емдеудің заманауи тәсілдері, өңірлерде мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және халықаралық клиникалық тәжірибені енгізу мәселелері сөз болды.

Баспасөз конференциясына Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры Сейтхан Жошыбаев, UMC Педиатрия департаментінің директоры, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар кардиологы Татьяна Иванова-Разумова, UMC Жүрек орталығы балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, штаттан тыс бас балалар кардиохирургі Дмитрий Горбунов және басқарма басшысы Сержан Назарбек қатысты.

Мамандар туа біткен жүрек ақауларын ерте анықтаудың бала өмірі үшін маңызына тоқталды. Сондай-ақ күрделі патологияларды емдеуде заманауи хирургиялық және интервенциялық әдістерді қолдану, ата-аналарға медициналық ақпаратты дұрыс жеткізу және науқас балалардың отбасыларына қолдау көрсету бағыттары қарастырылды.

Мұндай кәсіби кездесулер дәрігерлер арасында тәжірибе алмасуға, жаңа емдеу тәсілдерін енгізуге және өңірлердегі медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – туа біткен жүрек ақауы бар балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ өңірлік мамандардың кәсіби әлеуетін нығайту.

Таңдаулы материалдар

Close