Basty bet
СУ ҮШІН БОЛҒАН ШУ ЖӘНЕ ОНЫҢ АҚЫРЫ
Әр адам – тұлға. Тағдыр жолдары да қайталанбайды. Бастан кешетін оқиғалары да бөлек-бөлек болып өріледі. Сондықтан да келістіріп жаза білсе, әр адамның өмірі – бір-бір роман.
Бесбай Қансейітұлының өмір жолы да өзгеше. Бәріміз секілді мектеп тәрбиесін көреді. Техникум бітіреді. Ауданның ең түкпіргі Қызтоған ауылында еңбек жолын тракторшы болудан бастайды. Ауданның озат комбайншысы атанып, сыйлыққа машина мінеді. Сырттай оқып жоғары білім алады. Шаруашылықта бас инженер болады. Кеңестік шаруашылықтар күштеп таратылар алдында іргелі колхозды басқарады. Одан кейінгі қызметі ауданда басшылық жұмыстармен жемісті жалғасады. Таяуда ғана жазылып, аз таралыммен жарық көрген «Жақсылардың жалғасымыз» деген ғұмырбаяндық роман-эссесінде осының бәрі жан-жақты баяндалған. Ата-баба тарихынан бастап, өзінің осы күнге дейінгі көрген қызық, қуаныштарын, қиыншылық, машақатты күндерін арқау етеді. Оқи отырып, өзімен қатар тірлік кешкен қатарластарының, замандастарының өнегелі жақтарымен танысасыз. Соңына салым өмірінің жалғасы болатын ұрпақтарына арналған аталық сөздерін оқисыз. Оқырмандарымыз жеңіл де жүрдек тілмен жазылған қомақты кітаптан хабардар болсын деген ниетпен, мына төменгі үзік әңгімені газетке ұсынғанды қолай көрдім.
Талғат Айтбайұлы,
публицист-жазушы, «Тоғанай Т» баспасының директоры.
Әке-шешеміз кеңестік заманда туды, сол уақыттың қызығын да, шыжығын да көрді. Қарапайым колхоз өмірінің қазанында қайнады. Аспандағы айға қол созбады. Бізді де соған баулыды.
Ол уақытта оқымай қалатын бала жоқ еді. Білім нәрімен сусындап, кеңестік тәрбие мектебінен өтіп мойнымызға алқызыл галстук тақтық, лениншіл комсомолы болдық. «Бастаушымыз партия» деген сөзді санамызға сіңірген соң, соның қатарына өтуге құлшындық. Себебі, Коммунистік партия қатарына қоғамның ең саналы, озық өкілдері ғана өтетін.
Меніңше, бұл жерде ешқандай ағаттық жоқ. Олай дейтінім, кімнің саналы болғысы келмейді? Сол үшін де білімді болуға ұмтылдым. Еңбекті сүйіп өстім. Қиындықтан қашпадым. Алға ұстаған биік мақсатым болды, соған жету үшін ұмтылдым. Алдымыздағы Ержанбек, Анархан, Әбдімәжит, Айтымбек, Тельман, Сатымбек көкелеріміз секілді болғым келді. Араларымыз соншалықты көп болмаса да, ізінен ілескен біз үшін олар үлгі-өнеге ететін кісілер еді.
Дегенмен әркімнің түсетін өз жолы бар ғой. Мен де өз соқпағыма түстім. Еңбекті дәріптеген заманда бақытқа бастайтын бағдар сол деп білдім де, кімнің не дейтініне, қалай ойлайтынына қарамадым. Лауазымды қызметтің тұтқасын ұстататын дипломымды анамның сандығына салдым да, қара жұмысқа білек сыбанып кірістім. Тізгіндемеген техникам қалмады. Алып К-700-ді де жүргіздім. Қолайыма келсе, кеуде керіп кердеңдемей шынжыр табанды тракторды да, дөңгелекті тракторды да жүргізіп, жан алып, жан берген егін орағы уақытында комбайннан түспей астық ордым. Солай «Еңбеккер ұйқыдан ширап тұрады, еріншек ұйқыдан қирап тұрады» дегеннің растығын еселі еңбегіммен елге көрсеттім. Нәтижесінде 1980 жылы «Бесжылдықтың үздігі» деген медальмен марапатталдым. Бұл менің өмірімдегі өңіріме тұңғыш рет таққан марапатым еді.
Еңбегімнің еленгені – еңбегімнің жанғаны ғой. Жігер оты жалындаған жаспын. Мен асар асулар алда деп құлшынған үстіне құлшына түстім. Бұл – жәй айта салған жалаң сөз емес, жүрегімнің түкпірінен шымырлап шыққан шын ойым.
Қалай десек те кешегі кеңестік жүйе еңбекті қатты насихаттайтын. Сол үшін мамандық беретін. Оның түп негізі мектептен бастау алатын. Еңбек сабағы жүргізілетін. Қыздарға кесте тігуді үйретсе, ұлдарды ағаш ұстасы болуға баулитын. Ауылдық жерлердегі әрбір мектепте тәжірибе алқабы болды. Онда көкөністердің барлығы өсірілетін. Мектеп жанындағы интернатта жатып оқитын оқушылар қыс бойы сонда өсірілген картоп, сәбіз, қырыққабат, пияз, қызылша және басқа да дақылдарды жеп шығатын. Жоғарғы сыныптардағыларды машина, тракторды жүргізуге оқытып, мектеп бітірер шамада сынақтар тапсыртып, қолдарына мамандық алғандығы туралы куәлікті де қоса ұстататын. Сонда оқыған балалар көктемгі егіс жұмысы кезінде еңбек тәжірибесінен өтуге бізге келетін. Өкініштісі, бүгінде соның бірі де жоқ. Мектепте еңбек сабағы деген пән оқу бағдарламасынан алынып тасталыпты.
Бұл не сонда? Балалар мектепте жүргенде жұмыс істемесе, оларды еңбекке баулымасақ, онда неге баулимыз?
Еңбек адамды бақытқа жеткізеді. Сондықтан біз оқып жүрген кезімізде, жыл сайын көктемгі каникул қарсаңында, шаруашылықтағы еңбек озаттарының қатысуымен «Бақыт – еңбекте» немесе «Кім болғың келеді?» деген тақырыпта дәстүрлі кездесу ұйымдастырылатын. Сондай жиынға бір жолы өзім де шақырылдым. Кеудеме дәл соның алдында ғана алған үшінші дәрежелі «Даңқ» орденін жарқыратып тағып бардым. Кездесуді оқушылардың арасынан белсенді біреуі жүргізді. Алдын ала жасаған сценариі бойынша таныстырып, қысқаша өмірбаянымды оқып шықты.
– Бесбай ағай, енді өзіңізді тыңдайық. Мектепте қалай оқыдыңыз, одан кейін қандай мамандық алдыңыз? – деп өзімді сөйлетті. Балалардың алдында бәріне ұғынықты етіп айтайын деген оймен арманшыл болғанымызды ауызға алдым. Сегізіншіге дейін бір сыныпта тоғыз бала оқығанымызды, егер нашар оқысақ, онда сыныптан сыныпқа өте алмай қалып қоятын едік, біздің арамызда ондай ешкім болмады дедім. Өңірімдегі орденім жөнінде білгісі келіп сұрақ берген балаға қарап: «Мынау үшінші дәрежелі «Даңқ» деген орден. Бұның екінші және бірінші дәрежелі дейтін түрлері бар. Ол үшеуін алған адам Социалистік Еңбек Ері атағын алғанмен бірдей құрметтеледі. Мынаның арнайы құжаты бар. Оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы мен хатшысы қол қойған», – дедім орденімді ұстап тұрып. Балалар үшін бәрі қызық. Бір оқушы «бұл орденді өзіңіз Москваға барып алдыңыз ба?» деп сұрайды. Білгісі келіп тұрғаннан кейін, таяуда ғана аудан орталығына шақырып, Жуалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы өз қолымен костюмімнің өңіріне таққанын айтқанымда тағы бір қыз қолын көтеріп, сұрақ берді. Қызық, оның қызық болатыны сол, «Сіз екінші дәрежелі «Даңқ» орденін қашан аласыз?» дейді. Сол сұрағына күліп: «Ол үшін бұдан да жақсы жұмыс істеуім керек. Сонда ғана береді» дедім.
Кеңес өкіметін дамыту үшін қолымыздан келгенше адал жұмыс істедік. Алған мамандығыма байланысты қызметке қойды. Шаруашылықтың бас инженерлігіне дейін көтерілдім. Одан жеке шаруашылығымның жұмысын дөңгелетіп жүргенімде Кеңестер Одағы деген алып ел тарады.
Иә, оқырман, жоғарыда тәуелсіздік алған жылдардағы атқарған қызметім жөнінде барынша баяндап өттім. Шаруашылық басқарған кезім де мен үшін үлкен үйрену мектебі болды. Қалыптасқан талапқа сай болайын деп, жоғары білім алдым. Өзім басқаратын шаруашылықпен ғана шектеліп қалмай, ауданның басқа да шаруашылықтарымен таныстым. Сол кейін аудан әкімінің бірінші орынбасары болып жүргенімде жұмысты тиімді атқаруыма ықпал етті. «Қарасаз», «Күреңбел» және «Гамбург» деген шаруашылықтарға қалайда үкіметтің беріліп жатқан жеңілдетілген несиесінен алып берсем деп құлшындым. Басында банк басшылары береміз деп ынтықтырып қойған. Алайда артынан не дейсің, бұлар жеке адамның иелігінде, оларға беруге болмайды екен, беру үшін құрамындағы жүз адамның да қолы керек деп, тайқып шыға келді. Қайтсем де алып беремін деп, Таразды былай қойып, Алматыға дейін бардым. Ол жерде де ісім бітпеді. Ал, бітіргенім Алмалыбақтағы Қазақ егіншілік институтына барып, астықтың мол өнім беретін жаңа сұрыптарын алып қайттым.
«Еркін еңбек – барлығын жеңбек» депті баяғы аталарымыз. Бір нәрсеге байланып қалмай, еткен еңбек, төккен теріңді ақтайтын саласын да ойластыр дегені емес пе бұл. Алтынға балайтын бидайымыздың құны түсіп кеткені сондай, килограмы бес-он теңгеден аспай қалды. Шығарған шығыныңды жаппайды. Міне, сол кезде қарақұмықтың бағасы аспандап тұр еді. Дүкендерде бір килограмы жүз теңгеден сатылды. Сұраныс өте жоғары сиқты көрінді. Біз нарық заманына ендік, ендеше соған икемделейік деген оймен қарақұмықтың өнімді түрі қайда бар деп сұрастыра бастадым. Өзіміздің Шығыс Қазақстан облысында өсіретін шаруашылықтар бар екенін білдім де, әлгі аталған шаруашылық басшыларына құлаққағыс етіп едім, ісін ілкімді етіп ұйымдастыра жүргізетін азаматтар бірден құлшынысын көрсетті. Әуелі егіп байқайықшы, қалай болар екен деген тәжірибеміз оңды нәтиже берді. Өскенде, керемет өседі екен. Өкініштісі, соның көзін таба алмадық па, әйтеуір өткізу жағын үйлестіре алмадық.
Дегенмен бүкіл аудан шаруашылықтары тек соған қарап тұрған жоқ қой. Бұрыннан егіншіліктің сыртында мал шаруашылығы да өркендеген өңір. Сол жағын да назардан тыс қалдырмай, қой санын көбейту, ірі қара мал, жылқы өсіру жағына да көңіл бөліп, ет, сүт мәселесін дұрыс шешуге күш салдық.
Адам қай жерде жұмыс істемесін жауапкершілік деген мәселені жадынан шығармауы тиіс. Бұл өзімнің өмірлік ұстанымым. Атқаратының жеке өзіңе ғана қатысты жұмыс па, жоқ әлде бір бөлімшенің ауқымымен шектелетін шаруа ма, болмаса іргелі шаруашылықтың бар жүгін арқалайсың ба, осының қай-қайсысы да жауапты нәрсе. Солай екенін шынайы көңіліңмен сезінген болсаң ғана ісің ілгері басады. Мен дәл солай екенін өз басымнан өткеріп көрдім, көзім анық жетті. Аймақтық басқармада соған көзім жеткен үстіне жете түсті. Ауданның екінші басшысы қызметіне келгеннен соң алдыма жағдай айтып келетіндер саны тіпті көбейді. Жай шаруа емес, күрделі шаруа. Соның бірі су мәселесіне байланысты болды. Егер ол аудан ішінде шешілетін жұмыс болса, қиындығы түк емес қой, ал мынау еларалық тартысты, дау-дамайлы іс болды. Ғасырлар бойы өз ағысымен ағып жатқан Көксай өзенінің суы қырғыз ағайындардың көзқұртына айналды. Басы біздің Қазақстаннан басталып арна тартатын су Қырғызстан аймағына кіріп, одан қайта айналып шығатын аздаған жері бар еді. Нақтылап айтсам, бір-бір жарым шақырымдай ғана. Табиғи арнасы өзен – өзен болып аққалы солай ағып, қайтадан біздің жаққа өтеді. Шекара бөлісінен кейін әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов туып-өскен Шекер айылының сыртындағы біздің жерге қырғыз ағайындар малын жая алмай қалды. Олардың діттеген буынды жері сол жайылым болды. Талаптары сондай қатал: сендер сол жерді бізге бермесеңдер, суды жібермейміз деп арнаны бұзып, жібермей қойды. Ағын-тегін су жерлеріне жайылып жатыр. Есесіне біздің жақта егінші ел зар еңіреп, сусады. Барар жеріміз осы ғой деп аудан әкімдігіне қайта-қайта келеді. Күн өткен сайын алқаптары қаңсып, еккен егіндері түгі қалмай қурайтын жағдайда. Әрине, шырылдайтын жөндері. Облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың өзі де кірісіп-ақ жатыр. Біз де екі араны жол қылдық. Алайда тастүйін бекініп алған ана жақ илікпей қойған, содан бір күні келіңіздер көрейік деп хабар берді. Айтуларынша бір жерде басымызды тоқайластырып, жиналыс жасамақшы екен. Халықты да қатыстырамыз, ортақ мәмілеге келерміз дейді ғой. Бізге де керегі осы емес пе, біраз кісілерден өкілдік құрып бардық.
Иә, бәтуәлі сөз айтып, шаруаны шешерміз деп алдында да баруын бардық-ау, бірақ қырғыз ағайындарымыз сөзге тоқтамайтын дүлейліктерін барған бетте байқатты. Мына залда кім отыр демейді. Заңына пысқырмайды. Мына жерде прокурор отыр ғой, сот бар-ау деп қыңбайды. Даусы даланы дірілдететін, білектері түйенің санындай жігіттерді әдейілеп жиып әкелген бе, бізбен сөйлесуді ұйымдастырмақшы болған өздерінің әкімдерін де тыңдамай кең залды бастарына көтерген. «Әй, шаруаны шешетін сендер кімсіңдер, мына отырған жерлеріңді де түгін қалдырмай өртеп жібереміз, тас-талқанын шығарып қиратамыз!» – дейді.
Осы жолғы отырысқа облыстарының әкімі, оның орынбасары, ауданның әкімі және құқықтық орган басшылары келді. Сол жердің тұрғылықты адамдары да залда толып отырды. Клубы үлкен екен, біз он екі адам едік, ең алдыңғы қатарға отырғызды. Артымыз тола қырғыздар. Келетіндердің бәрі келді деген тұста облыс әкімінің орынбасары ма, біреуі «қазақ ағайындар келіп отыр, суды беру мәселесіне қалай қарайсыздар?» деп сөз бастағаны сол еді, артқы жақтан «Қазақ деген кім ол? Суды бермейміз!» деген дауыс гүр ете түсті. Иығына майор шенін таққан милициясы және одан басқа пагон таққандары бар, облыс әкімі келген соң, сол жерде қаптап жүрген. Солардың арасынан шені үлкендеу біреуі барып, «сен тыныш отыр» дей бергені сол еді, білегі жуан біреуі дап-дайын отыр екен, жападай жалпақ шапалағымен бір-ақ ұрды. Анау құлап түсті. Содан төбелес басталды да кетті. Жергілікті адамдар мен милиционерлердің арасындағы төбелес. Бір-бірлерін ұрған қырғыздар айқайлап, тілдеп жатыр. Қой-қойлап та жатыр. Алайда тыңдайтын қырғыз жоқ. Төбелесушілердің алды сытылып сыртқа кетті. Біз орнымыздан өре тұрып, не істерімізді білмей дағдарып тұрғанымызда «шықпаңдар, шықпаңдар» деп сақтандырды. Бір шетте үрпиісіп тұрғанымызда, бізді басқа жақтағы екінші есікке қарай бастап жүрді. Суы бар болсын, алтын басымыздың аманында кетіп қалайық деп машинамызға қарай бұқпантайлап қаштық. Келе қалыңдар, шаруаны шешеміз деп шақырған азаматтардың да зәре-құттары кеткен, қасымызда қатарласа жүгіріп:
– Тез-тез кетіп қалыңдар. Әйтпесе мыналардың түрі жаман, қазір машиналарыңда таспен атқылап, өртеп жібереді, – деді. Қашып үлгердік. Сол жолы осылай кеттік.
Қырғыздарға бәрі бір дей алмаймын, оларға жайылым керек, бізге судың зары өтіп бара жатыр. Екі-үш күннен кейін, сендер бізге келіңдер деп Военный совхоздың арғы жағындағы шекараға шақырдық. Ауылдың шетіне кіріп тұрған жер. Бұрын өзіміз бардық қой, енді рекет жігіттерді араластырып көрейікші дедік. Біздің әкім оны ұйымдастырып жүрген. Сөйтіп өздері басқаша сөйлесер деп алып барды. Сот пен прокурордан ықпаған қырғыздар қиын адамдар екенін тағы көрсетті. Ештеңе шешілмеді. Аспанға қараймыз. Шақырайған күн шыжғырып барады. Екі мың гектар алқапқа картоп егілген. Ауданның ауыл шаруашылығы жағын басқарғандықтан бұл менің жаныма батып барады. Не істейін енді? Ауылдық округтің әкімінің телефонын да алып алған едім, соған хабарласып едім:
– Беке, бізге облыс әкімінің де, аудан әкімінің де керегі жоқ, өзің ғана келші, мына жақтан іскер азаматтарды шақырамын, – деді.
Шекарадан ары-бері өте береміз. Өзіміздің жақтан өтіп едім, олар арғы жақтан келіп тұр екен. Облыс әкімінің орынбасары, ауданның әкімі және өздері айтқан іскер үш-төрт жігіті бар, бәріміз тура судың басына бардық. Оразаның кезі болатын. Аузымыз берік. Күн күйдіріп барады. Қасыма Керімқұлды ертіп алған едім. Арапхан Заппаров та жанымызда. Одан басқа суға қатысы бар тағы бір ауылдық әкімді қосқанбыз. Сөзіміз бірден жарасып кетер деген дәмелі ойда едік, қайдан, «сендер алдымен ана қоршауларыңды алып тастаңдар, малымыз жайылсын» дейді. Ал маған қалайда су мәселесін шешу керек. Оны жоғарыдағы басшылықта отырғандардың өздері шеше алмай әуре-сарсаңға салды. Уақыт болса өтіп барады. Елдің еккен нәрселерінің бәрі күнге күйіп бітетін түрі бар. Ол әсіресе менің жаныма батып бара жақан соң, не болса да бар жауапкершілікті өз мойныма алуға бекіндім де:
– Қоршауды ашып береміз. Сендер суды жіберіңдер. Мен айтқан талаптарыңды орындатуға уәде беремін, – дедім сөзімді кесіп айтып.
– Жерді бересің ба? – деді олар.
– Беремін, – дедім мен. Сол сөзім жандарына жақты-ау, шамасы:
– Жерді беремін деп тұр ғой, береді. Бұл – әкімнің орынбасары, айтқанын орындайды. Кешке су жіберілді деп теледидардан да көрсетеді, – деп қауқылдаса құптасып жатыр. Бәрі Қазақстанның хабарын көреді екен.
– Болды онда, келістік, – деді облыс әкімінің орынбасары.
– Онда суды жіберіңдер, – дедім мен.
Сол сөзімнен соң алдын бекіту үшін тасталған тастардың бәрін екі жаққа лақтыра бастады. Судың бөгеуі алынды. Сол-ақ екен, ағыны қатты су арнаның ішінде қалған тастарды ағыза тасырлата домалатып әкетті. Жүзіміз жанып біз тұрмыз.
– Әйтеуір алдық қой суды! – деді жанымдағы жігіттердің бірі. Қырғыз ағайындар да жолындағы шөп-шалам, басқа да түсіп кеткен нәрселерді қалдырмай арқырап аққан суға қызыға қарап тұр еді.
– Қырғыз бауырлар, аман болыңдар, – деп әрқайсымен қол алысып қоштасып, Көксайдың жоғарғы жағына шықсам, телеарнаның журналистері келіп тұр. Оларға кімнің хабар беріп, шақырғанын білмеймін. Бұрын да судың дауы туралы хабар беріп тұратын. Бүгін де бітпейтін әңгіме жалғасатын шығар деп келген сыңайлы. Жоқ, олай болмай, шаруаның сәтті шешілгенін біліп, олар да арқыраған өзеннің ағысына қарап мәз болып тұр екен.
– Қуаныш құтты болсын, Бесбай аға. Қалай, бір ауыз сөйлеп бересіз бе? – дейді бұрыннан таныс-біліс болып қалған тілші ініміз.
– Сөйлеп берейін. Біраздан бері басымызды қатырып, іргелес жатқан екі елдің ауыр әңгемесінің арқауы болған судың қалай ағып келе жатқанын көру үшін төменірек түсіп, арнаға жақындайық, – дедім.
Олар да машинамен жүр, біз де машинамызға отырып солай қарай кеттік.
Сонда алдындағылардың бәрін тасырлата-түсірлете домалатып, долдана ағып келе жатқан дыбысын естісең, жайбарақат тұру әсте мүмкін емес. Сол судың сарынына құлақ түре қызықтап тұрғанымызда алдымыздан арындап ағып өтті.
– Ал, Бесбай аға, сөйлеңіз, – деп операторы түсіріп, тілші ініміз микрофонын аузыма жақындатты.
– Не дейтіні бар? Бүгін біз мал жайылымын уақытша беруге келістік, қырғыз ағайындар Көксайдың суын жіберді. Бәрібір жеріміз бос жатыр ғой. Кейін, уақыты келгенде қоршауын қайта тұрғызармыз, – дедім қысқа ғана. Өзі жаңалық хабар болса, не болғанын ертегідей ұзартып сөйлей бермейсің ғой.
– Жақсы болған екен, енді картоп еккен ел қатты қуанатын болды, – деп олар кетті.
Шындығында, бар шаруасы картобына қараған қожалық иелері қуанды. Өйткені бәрі тығырыққа тіреліп, тыныш ұйықтай алмай, еткен еңбегіміз еш болатын болды-ау деп қатты қиналып жүр еді. Суды көріп, алғыстарын жаудырғаны аздай, тіпті бетімізден де сүйіп олар кетті. Соны жаһанға жар салғандай Алматының да, Тараздың да телеарнасы екі-үш күн қайта-қайта берді. Әйтеуір аяғы жақсы болған екен деп жер-жерден менің өзіме телефон шалғандар қаншама.
Арада бірер күн өткенде әкім өзіне шақырды. Не болып қалды деп алдына барсам:
– Сен теледидарға сұхбат беріпсің ғой, не деп сөйледің? – дейді.
– Көрмедіңіз бе? Не деп сөйлеймін, қырғыздарға онсыз да бос жатқан жер ғой деп жайылымдық жерді уақытша пайдалауға бердік, олар бізге суды жіберді дедім.
– Сенің сөзіңді бәрі естіпті. Қырғыздарға жер беретін ол кім, жұмыстан кетсін деп жатыр.
– Әй, Батеке-ау, бұл қалай болғаны? Егер мен солай етпесем, олар маған суды бермейді. Онда Құдайдың құтты күні келіп, су-су деп есігіңізді тоздырып жүрген қожалық иелері не істейді? Мен солардың жағдайын ойлап, осылай еткеннен басқалай жол таба алмадым. Әйтпесе жерді мен тұрмақ, облыстың әкімі де бере алмайтынын өте жақсы білемін. Ол – мемлекеттік мәселе, – деп шығып кеттім.
Сонымен маған байланысты жағдай өз жөніне келер деп жұмысымды атқара бердім. Алайда мені қызметтен кетіргісі келген әңгіме сонымен бітпепті, екі күннен соң әкім сөзін тіпті төндіріп айтты.
– Беке, облыстың әкімі менің өзімді де қыспаққа алып жатыр.
– Сонда не дейді?
– Не ол кетсін, ол кетпесе сен кет деді.
– Солай деді ме, ендеше маған арнап нендей себеппен орнымнан босататының туралы шешім шығар да, алып таста, одан кейін еш қарсылығым болмайды.
– Мен ондай шешім шығара алмаймын.
– Онда не дейсің? – дедім де бұрылып, кабинетіме кетіп қалдым.
Ертеңінде тағы да бөлмесіне шақырды. Айтатыны кешегі сөз.
– Беке, болмай тұр. Өзің-ақ айтшы, не істеймін? – дейді әбден шарасыз шекке келген кісінің кейпімен.
Оның сондағы түрін көріп, аяп кеттім. «Керек болып тұрған қызметі құрысын! Әкемнен қалған қызмет пе еді?» дедім де, тіктей қарап:
– Батырбек, жағдай дәл өзің айтқандай болса, онда өтінішімді қазір-ақ жазып берейін, – деп, қарсы алдына отыра қалып, өз өтінішім бойынша бірінші орынбасар қызметінен босатуыңызды сұраймын деген қағазыма қолымды қиғаштата қойып, астына күнін көрсетіп үстеліне тастадым.
Бұл да мәрттік шығар. Алайда әркім әрқалай қабылдайтын әрекет екен. Бір достарым ренжіді. Олардың бірі:
– Сен неге кеттің? Нені бүлдірдім деп кеттің? Сен ештеңені бүлдірген жоқсың, қайта айқай-шулы оқиғаны әдемі бітірдің ғой. Кетсе, әкімнің өзі кетуі керек еді, – деді. Ал, екіншісі:
– Су үшін сенімен бірге ол неге жүгірмеді? Ана қырғыздарда облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімі бірге жүр. Мына жақтан сен бастап жүрсің. Жаныңда суландыратын алқаптары бар ауыл әкімдері жүр. Қандай жақсы іс бітірдің. Саған риза болып, «Жарайсың, Бесбай!» деуі керек еді. Бірақ сен алғыс алудың орнына қызметіңнен кеттің. «Жақсылыққа – жамандық» деген осылай болады, – деді.
«Қызмет үшін өкінбе, ол – қолдың кірі» деп жатады.
Неге қолдың кірі болсын, ол – елге қызмет етуге жасалған мүмкіндік. Мен сол мүмкіндікті үш жарым жыл пайдаландым. Жұмыссыз емеспін ғой. Баяғыдан бері тастамай алып келе жатқан шаруа қожалығым бар. Бірдеңе бітіремін деген кісі мұндайда өкінбейді, одан ары атқаратын жұмысты өзі де тауып алады.
Дегенмен, несін жасырайын, көңілімде күдік қалды. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев шынымен мені кетсін деді ма? Мен кетпей қойғаннан кейін Батырбекке «ананы кетір, кетіре алмасаң өзің кет» деді ма екен деп, ол кісімен өте жақсы араласатын бір азамат арқылы білсем, ондайдың сыбысы да шықпаған.
Батекең де пенде емес пе, өзі ұнататын бір азаматқа менің орным керек болған шығар. Сонда әлгі шулы оқиға мені кетіруге жәй ғана ілік болды. Өзім солай деп білдім…
