Basty bet

Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру – басты міндет

Өткен аптаның жұма күні аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысқа аталған комиссияның мүшелерімен қатар, аудан әкімдігінің Отбасын қолдау орталығының жауапты қызметкерлері және БАҚ өкілдері шақырылды.

Комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары, аталған комиссияның төрағасы Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды. Жиынның күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселе қаралды. Бірінші мәселе – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау, есепке алу және оларға әлеуметтік сүйемелдеу көрсету бойынша Отбасын қолдау орталығының атқарған жұмыстары, сондай-ақ, «FSM Social» ақпараттық жүйесі арқылы келіп түскен сигналдар негізінде жүргізілген профилактикалық және әлеуметік қолдау шараларының нәтижелері туралы аудан әкімдігінің «Отбасын қолдау орталығы» КММ-ның директоры Жамила Қалымбетова ауқымды есептік баяндама жасады.
Ең алдымен «Отбасын қолдау орталығы» мекемесінің атқаратын қызметінің мақсаттары мен функцияларына тоқталсақ, аталған мекеме негізінен – некені және отбасыны сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу жөніндегі шараларды іске асыру; өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың қолдауымен жұмысты үйлестіру; өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсетуге жәрдемдесу; тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұру мүмкіндігін беру арқылы қолдау көрсету; мемлекеттік отбасы саясатының бағыттары мен шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысы; жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, волонтерлермен, консультативтік-кеңесші органдармен мемлекеттік отбасы саясатын іске асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау; мемлекеттік отбасы саясатының үрдістерін мониторингілеу және талдау; халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның үйлестіруімен, өз құзыреті шегінде білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары қатысқан кезде өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топтардың жұмысын ұйымдастыру; тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша өзге де шараларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іске асыру жұмыстарын атқарады.
– 2026 жылдың І жартыжылдығында орталыққа барлығы – 116 адам көмекке жүгінді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2025 жылдың осы кезеңінде 38 қызмет алушыға көмек көрсетілді. Оның ішінде: өмірлік қиын жағдайға тап болғандар 2025 жылы – 38, 2026 жылы 6 айда – 105 адам, 7 айда – 191 (шілде айында – 86 адам). 2025 жылы зорлық-зомбылық белгілері бар – 15 адамға көмек көрсетілді (3 әйел 12 баласымен бірге орталыққа уақытша орналастырылды). 2026 жылы 8 адамға (отбасына) көмек көрсетілді. Оның ішінде: 3 әйел 5 баласымен бірге орталыққа уақытша орналастырылды. Қызмет алушылардың санаты бойынша айтсақ, 2025 жылдың 6 айында көмекке жүгінген 38 азаматтың ішінде ерлер саны – 9 адам, әйелдер – 29 адам. 2026 жылы 116 тіркелген азаматтың ішінде ерлер – 37 адам, әйелдер – 68 адам. 2026 жылдың көрсеткіші бойынша Отбасын қолдау орталығына 35-50 жастың аралығындағы азаматтар көп жүгінгенін байқауға болады. Бұл көрсеткіш көмекке жүгінгендердің 47 пайызын құрайды. Орталыққа көмекке жүгінгендерге негізінен психологиялық қолдаулар, заңгерлік кеңес, әлеуметтік көмек, сонымен қатар, пробация қызметіне байланысты да қызмет түрлері көрсетіледі. Орталықта негізінен отбасылық құқық мәселелері (неке, ажырасу, алимент, қамқоршылық, баламен ата-ана арасындағы қарым-қатынас), арестте тұрған есеп-шоттар, айыппұлдар бойынша көмек, банкроттық бойынша, сонымен бірге, құжаттар дайындауға көмек, жер, тұрғын үй, мүлік құқықтары, азаматтық және еңбек құқықтары, әлеуметтік кепілдіктерге құқық (мемлекет немесе жергілікті билік тарапынан берілетін әлеуметтік жеңілдіктер мен төлемдерге құқықты пайдалану (жәрдемақылар, субсидия, жеңілдіктер, медициналық немесе білім беру кепілдіктері және басқа да заңгерлік кеңестер алуға жан-жақты көмек көрсетіледі.
Пробация қызметі бойынша 2025 жылы «FSM Social» цифрлық платформасына пробация қызметінен – 7 сигнал түссе, 2026 жылдың 6 айында 9 сигнал түскен (7 айда – 12 сигнал). Оларға заңгерлік кеңес, әлеуметтік көмек және психологиялық қолдау бағытында қызмет түрлер көрсетілсе, заңгерлік көмектің аясында азаматтарға банкроттық рәсім бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қажетті құжаттар жинақталып, Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы соттан тыс банкроттық рәсіміне жолданды. Сонымен қатар, көмекке жүгінушілерге әлеуметтік көмек көрсету барысында мемлекеттік бір реттік көмек алу үшін құжаттар жинақтауға қолдау көрсетіліп, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 4 азаматтың құжаттары тапсырылды, үш азамат «Мансап» орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, бір азаматтың құжаттарын қайта қалпына келтіруге көмек берілді.
Отбасын қолдау орталығы мекемесінің жанынан аудан әкімінің тиісті өкімімен мобильді топ құрылған. Қызмет мерзімі бір күнтізбелік жылды құраса, оның құрамында –жергілікті атқарушы органдар, әлеуметтік қорғау саласынан, білім беру, денсаулық сақтау саласынан, аудандық полиция бөлімі және пробация қызметінен мүшелер тіркелген,- деді баяндамашы.
Комиссия отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе – жазғы демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру және олардың мәдени-рухани дамуына жағдай жасау бағытында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, кітапханалар, ауылдық округтердегі мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда ұйымдастыраған мәдени-көпшілік, танымдық, шығармашылық және тәрбиелік іс-шаралардың барысы мен нәтижелері туралы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының директоры Салтанат Біләнқызы және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Қайсар Асылбеков өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Ал, үшінші мәселе – жазғы демалыс кезеңінде жастар мен кәмелекте толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың арасында құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ, есірткі құралдары мен психоактивті заттардың таралуының алдын алу және олардың зиянды әсерлері туралы профилактикалық жұмыстарды күшейту, зиянды әдеттердің қалыптасуына жол бермеу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық Жастар ресурстық орталығы мекемесінің директоры Сәбит Қадыров ауқымды есептік баяндама жасады.
Комиссия отырысының күн тәртібінде қаралған барлық мәселеге байланысты аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Анар Ахметова сөз сөйлеп, ең бірінші кезекте атқарылатын жұмыстың тиімділігін арттырып, оған зерделеу мен терең талдау жасаудың қажеттігін атап өтіп, жұмыстың Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатының аясында ұйымдастырылуының маңызды тұстарын айтты. Онымен қоса, балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалыс кезеңін ұтымды әрі қызықты ұйымдастырудың қажеттігін, бұл мәселеде ең бірінші кезекте қауіпсіздікке терең мән берудің маңыздылығы атап өтілді. Жазғы демалыс кезеңінде балаларды мәдени-танымдық, мұның ішінде, кітап оқуға шақырудың баланың рухани даму тұрғысынан аса пайдалы екені, оларды спорттық іс-шараларға тарту денсаулыққа пайдалы екені де жан-жақты айтылды.
Жиын соңында жұмысқа жауаптыларға нақты хаттамалық тапсырмалар берілді.

Таңдаулы материалдар

Close