Basty bet

Дарынды шәкірт – ұлт болашағы

Өткен аптаның ортасында Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылдық мәдениет үйінде №27 Диқан орта мектебі ұйымдастырған «Дарынды шәкірт – ұлт болашағы» атты жылдық марапаттау салтанаты жоғары деңгейде өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – оқу жылы бойында білім, өнер, спорт және қоғамдық жұмыстарда ерекше жетістікке жеткен оқушыларды марапаттап, олардың еңбегін ел алдында дәріптеу, жас ұрпаққа жігер беру. Одан бөлек, оқушыларды ынталандыруға, шәкірттердің шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға жағдай жасау және оларды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.
Салтанатты кешке аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев, аудандық мәслихаттың депутаты Мұхамеджан Әсемов, Ақсай ауылдық округінің әкімі Мақсат Мәтен, ата-аналар, ұстаздар қауымы және мектеп оқушылары қатысты. Кеш шымылдығы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Әрі қарай мектеп оқушыларының әсем әні мен мың бұралған биімен жалғасып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Іс-шарадағы алғашқы сөз мектеп директоры Майра Молдақұловаға берілді. Ол өз сөзінде, оқу жылы барысында білім мен өнерде, спорт пен қоғамдық жұмыстарда биік жетістіктерге жеткен шәкірттерге ризашылығын білдіріп, олардың табысы – ұстаздар мен ата-аналардың тынымсыз еңбегінің жемісі екенін атап өтті. Сонымен қатар, жас ұрпақтың сапалы білім алып, ел болашағына үлес қосатын азамат болып қалыптасуына тілектестігін жеткізді. Әрі қарай мектеп директоры аудандық, облыстық және республикалық байқауларда топ жарып жүрген үздік оқушыларға Алғысхаттар мен арнайы марапаттар табысталды.
Марапат алғандардың қатарында пән олимпиадаларының жеңімпаздары, спорттық жарыстарда жеңіске жеткен оқушылар, өнер байқауларының жүлдегерлері және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқан шәкірттер болды. Олардың жетістіктері көпшілікке таныстырылып, әр оқушыға ерекше құрмет көрсетілді.
Кеш барысында ұстаздар мен ата-аналар дарынды балаларға ақжарма тілектерін білдіріп, болашақта ел тізгінін ұстайтын білімді ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген ата-аналар да Алғыс хаттармен марапатталды.
Мерекелік кеш ерекше концерттік бағдарламамен жалғасты. Оқушылар мен өнерпаздар әсем ән шырқап, күмбірлеген күй орындап, көрермендерге әсерлі би нөмірлерін ұсынды. Шара барысында ұстаздар мен ата-аналар дарынды жастардың жетістігі – ел болашағының жарқын көрінісі екенін атап өтті. Осындай игі дәстүр оқушыларға жігер беріп, олардың жаңа белестерді бағындыруына серпін сыйлайды. «Елдің болашағы – білімді жастардың қолында» деген ұстанымды негізге алған тағылымды кеш көпшілік көңілінен шығып, жас ұрпаққа үлкен мотивация сыйлағаны анық.
«Дарынды шәкірт – ұлт болашағы» атты салтанатты кеш көпшіліктің көңілінен шығып, әсерлі естеліктерге толы мерекелік жиын ретінде есте қалды.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close