Basty bet

Тазалық пен тәртіп – мәдениеттіліктің белгісі

өңірде республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында жұмыстар жалғасуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен ағымдағы жылдың сәуір айының басында қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясындағы жоспарлы іс-шаралар жалғасу үстінде.
Аталған акцияның бастау алар тұсында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарауға тиіс» деп атап өткен болатын.

Акцияны өткізудегі басты мақсат-міндеттерге тоқталатын болсақ, ағымдағы жылдың 8 сәуір күні елдің бірнеше өңірінде бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының ел өміріндегі және табиғатты қорғаудағы мән-маңызын ерекше деп айтуға болады.
Аталған іс-шараның негізгі кезеңі бес аптаға созылғанымен, экологиялық маңызды акцияның аясындағы жоспарланған жұмыстар жыл бойына жалғасатын болады.
Иә, науқанның алғашқы күнінен 13 сәуірге дейін созылған бірінші апта «Таза өлке» деген атауға ие болды. Бастапқы жеті күнның ішінде елді мекен тұрғындары, қоғам белсенділері және ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалауға міндеттенді.
Тазалық пен тәртіп – кез-келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, өңірлер тұрғындары мәдениеттілігінің өлшемі. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясындағы іс-шаралар аудан көлемінде де қолға алынып, қасиетті өңірде ауқымды жұмыстар атқарылу үстінде. Табиғатты сақтау және қоршаған ортаны қорғау бағытында қолға алынған осынау маңызды экологиялық шара алғаш болып республикалық мәндегі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомобиль жолының (аудан аумағын кесіп өтіп жатқан үлкен көлік дәлізі) бойындағы, нақтырақ айтқанда, автобанның 557-560 шақырымдарының аралығында жалғасты.
Тазалық жұмыстарына өңірдегі «Жасыл ел» еңбек жасақтары мен белсенді жастар, онымен қоса, ауданға қарасты – Нұрлыкент, Қызыларық, Ақтөбе және Көкбастау ауылдық округтері әкімшіліктерінің мамандары мен тұрғындары және «Жуалы ауданы ормандарды және жануарларды дүниесін қорғау жөніндегі» мекемесінің мамандары белсене атсалысты. Айта кету керек, іс-шараға қатысқан азаматтар үлкен жолдың бойындағы ағаш екпелерінің арасындағы қураған, сынғандарын алып, ондағы қоқыстарды да тазартып шықты. Шараға жалпы 100-ден аса адам және қоқыс тасымалдауға арналған жүк көліктері жұмылдырылды.
Кез келген өңірдің таза болып, көз тартарлықтай болып жайнап тұруы – ең алдымен сондағы тұрғындардың экологиялық белсенділігіне тікелей байланысты екені белгілі. Осы мақсатта қасиетті Жуалы өңірінің аумағын абаттандыру мен көгалдандыру мақсатында ауданға қарасты ауылдық округтердің барлығында дерлік сенбілік жұмыстарымен қатар, тал-дарақтар бұтау және ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары ұйымдастырылғанын айту қажет.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының ел өміріндегі және табиғатты қорғаудағы мән-маңызын ерекше атап өткеніміздей, аталған іс-шараның аясында «Таза ауыл», «Таза көше» және «Таза аула» аталатын байқаулардың негізінде өңірдегі үлгілі ауыл-аймақтардың да тазалығына, онымен қоса, ондағы тұрғындардың экологиялық мәдениетіне де баса назар аударылды. Осыған сәйкес, ауданға қарасты Б.Момышұлы және Қарасаз ең үлгілі ауылдардың бірі ретінде таңдап алынып отыр.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясындағы тазалық және абаттандыру жұмыстарына аудан бойынша 6 000-ға жуық адам атсалысып, қасиетті өңірді көгеріштендіру мен тазалық жұмыстарына белсенді түрде өз үлестерін қосты.
«Таза өлке» аталатын алғашқы апталықта экологиялық акциясының аясында өтетін іс-шаралардың желілік кестесі бекітіліп, ауданға қарасты елді мекендердің барлығында дерлік жоспарланған санитарлық тазалық жұмыстарымен қатар, сенбіліктер ұйымдастырылып, саябақтар мен скверлердің аумағы абаттандырылып, тазаланды. Онымен қоса, ауылішілік көшелердің бойы мен арық-атыздарды тазалау жұмыстары жүргізілді.
«Өнегелі ұрпақ» апталығында өңірде тыл және еңбек ардагерлерімен қатар, жалғызбасты қарт кісілердің үйлері және аулаларына тазалық және абаттандыру жұмыстары атқарылды. Талапты ауылындағы Ш.Мұртаза әдеби-мемориалдық музей-үйінің аумағына ардагерлер мен жастардың қатысуымен ағаш көшеттері мен гүлзар отырғызылды.
«Жасыл аймақ» апталығында жалпы аудан көлемінде 4 000-ға жуық жеміс, декоративті, қылқанжапырақты және т.б. түрлі ағаш көшеттері отырғызылса, тал-дарақтарды ақтау жұмыстары да қоса жүргізілді.
«Киелі мекен» апталығында Б.Момышұлы ауылы мен ауылдық округтерде орналасқан ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткіштерге, Б.Момышұлы музейіне, Садыбай батыр және Батырбек Датқа кесенелерінде, «Баркуаб» ежелгі қала орнына санитарлық тазалық және абаттандыру жүргізілсе, «Мөлдір бұлақ» апталығында өңірдегі су тоғандары, каналдар мен өзен-көлдердің айналасы стихиялық қоқыстан тазартылды. Өңірдегі «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы, «Қоңыртөбе» су тоғаны, Теріс өзенінің бойы, «Байсейіт», «Зербұлақ», т.б. каналдардың аумағы түгелдей қамтылғанын айту қажет. Бес аптаға созылған науқан барысында 60 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылған.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының Жамбыл облысы күндерінің аясында Б.Момышұлы ауылындағы Рысбек батыр және Жібек жолы көшелерінің бойында санитарлық тазалық жұмыстары, оның ішінде, жол жиегіндегі шөпті шабу, электр бағаналары, қоршаулар мен жол белгілерін сырлау, жаяу жүргіншілер жолдарын шөптен тазалау жұмыстары атқарылды. Аталған іс-шараға аудан әкімдігіне қарасты бөлім және мекеме қызметкерлері атсалысып, ауыл тазалығына үлес қосты.
Одан бөлек, ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылындағы «Жастар аллеясы» мен «Мәңгілік ел» саябағының аумағында мекеме және бөлім қызметкерлерімен қатар, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қатысуымен саябақ аумағын тазарту, шөп шабу, қоршау, орындықтарды сырлау және жасыл желектерді суғару жұмыстары белсенді атқарылғанын да атап өткен жөн.
-Бұл жұмыстардан бөлек, жалпы аудан көлемінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізу барысында желілік кесте әзірленіп, аталған кестеге сәйкес, аудан орталығы мен ауылдық округтердегі ауылішілік көшелердің бойында, арық-атыздар, мекемелердің аумағымен қатар, саябақтар мен аллеяларда күнделікті санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары тұрақты ұйымдастырылу үстінде.
Ағымдағы жылдың 10 шілдесінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының Жамбыл облысы күндерінің аясында «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының адамдар шоғырланған аумақтарда шомылу маусымы кезінде жағажай аумағын күл-қоқыстардан тазалау мақсатында су қоймасы жағажайының бойында ауқымды санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді,- дейді аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close