Basty bet
Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі
Қазақ қоғамында отбасы түсінігі рухани және мәдени, сәлт-дәстүрлердің сақтаушысы, буындар арасын жалғастырушы, адамгершілік пен мейірімділік ордасы екендігі анық.
Отбасының маңызы турасында қазақ даналығында қалған хикметтер өте көп. Қай уақытта болсын, отбасының адамзат ұрпағына ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. “Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі” атты тақырып аясында Көлтоған ауылдық мәдениет үйі мамандарының ұйымдастыруымен зейнеткер, көпбалалы Батыровтар отбасымен кездесу өтті.
Жақсынбек Батыров пен Патима Батирова екеуінің шаңырақ көтергендеріне биыл 57 жыл толып отыр.
Өнегелі отбасы өмірге алты ұл мен екі қыз әкеліп, оларды тәрбиелеп өсірді. Барлығы жоғары білімді. Қазіргі таңда олардан 28 немере, 17 шөбере сүйіп отыр.
“Отбасы – тек қана бір ғана адамға артылған жүк емес. Отбасының әрбір мүшесі отбасын дамытып, көркейтуге қосар үлестері ерекше. Отбасы – өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын өмірлік баспалдақ” деп Патима апай отбасы жайлы қысқаша айтып берді.
Қазіргі таңда қос қарияның қолында, киелі қара шаңырақта кенже ұлы Аманбек пен келіні Самал тұрады. Ұлы Аманбек аудандық Мансап орталығының Боралдай ауылдық округі бойынша ассистенті болып қызмет атқарады. Ал келіні Самал Көлтоған ауылдық дәрігерлік амбулаториясында акушер болып жұмыс істейді.
“Келін ененің топырағынан жаралған” демекші келіні Самал Мамырқызы да көпбалалы ана. Отағасы екеуі бір қыз, төрт ұл тәрбиелеп отырған жайлары бар.
Көлтоған ауылдық мәдениет үйі