Basty bet

Жастардың жарқын болашағына жол ашатын бағдарлама

Жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы бағытта жүзеге асырылып келе жатқан маңызды жобалардың бірі – «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасы. Бағдарлама жастардың сапалы білім алып, еңбек нарығында сұранысқа ие маман ретінде қалыптасуына және тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – еңбек күші артық өңірлердің жастарын кадр тапшылығы байқалатын аймақтарда тегін оқытып, оларды жұмыспен қамтуға ықпал ету. Бұл бастама жастардың білім алуына ғана емес, болашағын нық қалыптастыруына да зор мүмкіндік береді.
«Серпін – 2050» бағдарламасы аясында талапкерлер мемлекеттік білім гранты негізінде еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінде білім алады. Сонымен қатар, студенттер жатақханамен қамтамасыз етіліп, шәкіртақымен қамтылады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік қолдау шараларын пайдалана алады. Оқуын тамамдағаннан кейін түлектер еңбек ресурстары қажет өңірлерде өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, кәсіби тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады.
Жастардың мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттану деңгейін арттыру мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығы ауылдық округтерде тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру кездесулерін, кеңес беру алаңдарын және кәсіптік бағдар беру іс-шараларын ұйымдастырып келеді. Кездесулерде жастарға бағдарламаға қатысу талаптары, қажетті құжаттар тізімі, білім беру ұйымдарын таңдау тәртібі және оқу аяқталғаннан кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат беріледі.
«Серпін – 2050» – бұл тек білім алуға бағытталған жоба ғана емес, жастардың кәсіби дамуына жол ашып, жаңа мүмкіндіктерге бастайтын маңызды мемлекеттік бағдарлама. Сондықтан әрбір жас осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, сапалы білім алып, білікті маман атану арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуға ұмтылуы қажет.
Жастар – еліміздің жарқын болашағы. Ал, олардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуы – мемлекеттің тұрақты дамуы мен өркендеуінің басты кепілі.

Жансая Ерназарова,
аудандық жастар ресурстық орталығының
жастарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close