Basty bet

Көкейдегі сұрақтың көбісіне жауап берілді

Жыл басында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты жарияланды. Президенттің «Біз озық ойлы ұлт ретінде алға қарауымыз керек» тақырыбындағы сұхбат-мақаласын оқып танысқаннан кейін одан туындаған ой-пікірімді оқырманмен бөліскенді жөн көріп отырмын.
Аса бір маңызды жағдай немесе ел өміріне қатысты болмаса, Президент бұқаралық ақпарат құралдарына жиі сұхбат бере бермейді. Ал Ұлу жылы басталар тұста бас газетте жарық көрген бұл жолғы Президент сұхбатының жөні бөлек, мағынасы ерек. Олай дейтініміз, сұхбатта елдің өткені мен бүгіні һәм болашағы, онымен қатар, жаһандық сын-қатерлер туралы да кеңінен ой қозғалған. Бұл – дәл осындай жауапты кезеңде өте маңызды.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне биыл 33 жылға аяқ басты. Тиісінше, Президент сұхбатта 30 жыл бойы қордаланған мәселелерді шешуде бірқатар жұмыстардың атқарылғанын, атап айтқанда, экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау және елге инвестиция тарту жұмыстарына баса назар аударылғанын атап өтті.
Осы орайда, шағын және орта бизнесті қолдау, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шағын бизнесі бар бұқара халықтың кішігірім кәсібін дамытуға үлкен мүмкіндік бергеніне куә болып отырмыз. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды кешенді қолдау Кодексі де қағаз жүзінде қалмай нақты іске асырылып келеді.
Кәсіпкерлікті қолдау – өз кезегінде отандық өнім түрлерін көбейтіп, оның сапасы мен санының артуына жол ашып, кейбір тауар түрлері бойынша импорттық тәуелділіктен арылуға, бәсекеге қабілетті экономика құруға мүмкіншілік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды, әйелдер мен балалар құқықтарын қорғауға арналған тиімді шара мен Кодексін қарастыру – мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам мен адам өміріне баса мән беріп, заң тұрғысынан қорғауды күшейтіп, қоғамдағы зорлық-зомбылықты азайтуға өз үлесін қосатынына сенімім мол.
Сұхбатта Президент қосарланған билік жүйесі мен Қаңтар оқиғасына да тың көзқарас білдіріп, көңілге қонымды уәж айтты. Қандай жағдайда да, Қаңтар оқиғасы ескі жүйенің 30 жылдық салғырттығының көрінісі екені және ол жүйенің енді келмеске кеткені белгілі деңгейде айқындалғандай болғаны сөзсіз. Тағы бір қуантарлық жайт, Президент лауазымына бір рет қана жеті жыл мерзімге сайлану мәселесіне Президент соңғы нүктені қойды.
Сұхбатта сонымен қатар, отын-энергетика саласы мен ел аумағында атом электр стансасын (АЭС) салу-салмау мәселесі көтеріліп, ол жайындағы өзекті мәселелерге нақты жауап берілді. Әсіресе, «АЭС салуды халық шешеді» деген Президенттің қорытынды сөзі халықтың көкейіне қонатынына бек сенімдімін.
Сұхбаттан бұқара халық көкейінде жүрген талай сұраққа жауап алғаны сөзсіз. Ауызбірлігі мол халқымыз Президенттің сындарлы саясатын қолдай отырып, жаңа заманның ағымымен бірге алға ұмтылып, Қазақстанның экономикасын көтеруде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып еңбектене беретініне үмітіміз мол.

Сейітхан ЖҰМАШЕВ,
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның
аудандық филиалының төрағасы.
ҚР денсаулық сақтау жүйесінің үздігі

Таңдаулы материалдар

Close