Basty bet
ЖИ дәуіріндегі кітапхана қандай болуы керек?
Қазір мектеп кітапханалары арасында 19 қазан мен 19 қараша аралығында «Кітапхана, сауаттылық және жасанды интеллект» тақырыбында айлық жүргізіліп жатыр. Аталған айлық аясында Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімі «Кітапхана қызметін цифрландырудың тиімді жолдары» атты аудандық семинар ұйымдастырды. Ондағы мақсат – заманауи ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану дағдыларын дамыту.
Семинарда кітапхана тек кітап сақтап, беретін орын ғана емес, білім мен руханияттың, мәдениет пен тарихтың қазынасы, сондай-ақ қоғамдық пікір мен шығармашылық идеялардың тоғысқан ортасы екенін Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің кітапхана меңгерушісі Гүлбайра Танысхожаева айтты.
– Қазіргі ақпараттық қоғамда кітапхана – білім мен рухани құндылықтардың ордасы болумен қатар оқушылардың ақпараттық сауаттылығын арттыратын, шығармашылық қабілетін дамытатын және заманауи технологияларды тиімді пайдалануға бағыт беретін маңызды білім беру орталығы. 2026 жылғы халықаралық мектеп кітапханасы айлығының (ISLM) негізгі тақырыбы – «Кітапханалар, сауаттылық және жасанды интеллект» деп белгіленіп, кітап оқуды насихаттауға, оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және жасанды интеллект мүмкіндіктерін жауапкершілікпен пайдалануға бағытталып отыр. Жасанды интеллектіні пайдалануда академиялық адалдық пен авторлық құқық талаптарын сақтау ерекше маңызға ие. Оқушылар дайын мәтінді сол күйінде көшірмей, өз ойларын, жеке талдауы мен шығармашылық шешімдерін ұсынуы қажет. Цифрлық жобаларда пайдаланылған құралдардың атауы мен сұраныстарын көрсету, ал алынған ақпаратты сенімді дереккөздер арқылы тексеру ұсынылады.