Basty bet
Тұмса табиғат – біздің өмір сүретін қасиетті ортамыз
оны көздің қарашығындай қорғау мен аялау – азаматтық парыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында да табиғатты аялау, экологиялық және биологиялық әркелкілікті қорғау жөнінде айтылып, Президент ел Үкіметіне экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруды тапсырғаны белгілі.
«Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды. Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді. Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек.
Орта мерзімді кезеңде экономиканың өсімі мейлінше «жасыл экономика» жағдайында ілгерілеуге тиіс. Сондықтан қазірдің өзінде көміртегінің үлесін барынша азайтуға бағыт ұстаған жөн. Үкіметке ғылыми қауыммен және жеке сектормен бірлесіп, «жасыл өсім» жөніндегі ұсыныстар жиынтығын әзірлеуді тапсырамын. Үкімет азаматтық сектормен бірлесіп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі қажет. Жануарларға көзқарас – кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі. Ал бұл жағы-нан біздің жағдайымыз мәз емес»,- делінген Президент Жолдауында.
Тұмса табиғатты қорғау мәселесі қай кезде де маңызды мәселе саналады. Өйткені, жалпы дүниежүзі елдерінде мұндай мәселе бер. Бұл – бір күнмен немесе бір жылмен шектелетін жұмыс емес. Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаға деген қамқорлық ұдайы жалғаса беретін маңызды мәселе.
Экологиялық және биологиялық әркелкілікті сақтауда табиғаты көркем Жуалы ауданында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Осы ретте аудандағы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің табиғатты қорғау жөніндегі атқарып жатқан жүйелі жұмыстарымен бөліскенді жөн санадық. Орманды күзету, қорғау, оның қорын молықтыру және орман пайдалану мәселелерімен орман шаруашылығы қызметкерлерінен тұратын мемлекеттік орман күзеті айналысады.
Мекеменің тарихына тоқталар болсақ, Жамбыл облысы әкімиятының 2002 жылғы 22 қарашадағы №1236 қаулысымен «Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» болып құрылды. Биыл аталған мекеменің құрылғанына 21 жыл толып отыр.
Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің директоры Мәди Нұралиевтың айтуынша, аталған мекемеде қазіргі таңда барлығы 72 қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде, орман шаруашылығы мамандығы бойынша алты жоғары білімді және жеті арнайы орта білімі бар қызметкер жемісті жұмыс атқаруда.
Мекеменің жалпы жер көлемі – 103 861 гектар. Қоянды орманшылығының жер көлемі – 73 629 гектар болса, Жуалы орманшылығының жер көлемі – 30 232 гектар.
Мекемеде екі бірдей ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. «Берікққара» және «Жуалы-Қарашат» – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатады. Республикалық дәрежедегі ерекше қорғалатын «Берікқара шатқалы» мемлекеттік табиғи қаумалы (кешені) – жалпы ауданы 17 500 га, Жуалы-Қарашат ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жалпы жер көлемі – 148 300 гектар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылы қараша айының 10 жұлдызында №1074 қауысымен Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесіне республикалық дәрежедегі «Берікқара» ерекше қорғалатын мемлекеттік табиғи қаумалы құрылған.
Аталған «Берікқара» ЕҚТА-дан Қазақстанның Қызыл кітабына енген ерекше құнды ағаш-бұталар және шөптес өсімдіктердің 50-ден аса түрі, жануарлардан – арқар, үнді жайрасын кездестіруге болады. Республикалық маңызы бар «Берікққара шатқалы» мемлекеттік табиғи қаумалын күзету – ерекше назарда. Мұнда Берікққара терегі мен Қаратау арқары бар. Қаратау арқарына жыл сайын санақ жұмыстары жүргізіледі. Берікқара ЕҚТА-да алты орманшы қорықшы табиғат заң бұзушылықтардың алдын алу үшін жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
Иә, осы ретте Берікқара шатқалының құпиясы туралы аз-кем әңгімелей кеткенді жөн санап отырмыз. Қаратаудың қойнауындағы құтты мекен, жұмақ мекен – Берікқара шатқалынан тұмса табиғатты көруге болады. Сайдың суы мөп-мөлдір. Шатқалдың іші сыңсыған ағашқа, аң-құсқа бай. Жалпы бұл шатқалда әлемде сирек кездесетін өсімдіктер дүниесі бар. Шатқалдың 19 шақырымының өн бойында ағаштың сирек түрінен ақ шаған ағашы кездеседі. Табиғат жанышырларының айтуынша, шатқал ішінде мұндай ағаштың түрі тек Американың Колорадо аймағында ғана кездеседі екен.
Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң тиісінше, Берікқара аймағының да табиғаты түрленіп келеді. Бұл маңдағы тау аңғарынан демалыс орындары ашылған.
– Қарт Қаратау қойнауының туризмін дамыту үшін кешенді бизнес-жоспар жасап, оны саяхатшылардың игілігіне айналдыратын кез жетті. Сонау Күйік асуынан бастап Созақ ауданының аумағына дейінгі алып аймақта, адам баласы сүйсінер небір ғажайып асулар, өсімдіктер, аңдар кезігеді. Оларды қырып-жоюға емес, тамашалауға жағдай жасау керек. Адамзаттың алтын бесігі – Қаратау екендігін бүкіл әлем білуі тиіс, – дейді табиғат жанашыры, Берікқарадағы ерекше қорғауға алынған аймақтың қорықшысы Рүстембек Назарбеков.
Ендігі кезекте Берікқара шатқалының тарихына аз-кем тоқталып өтсек. Иә, бұл жердің негізгі көркі – табиғаттың байлығы. Шатқал ішіндегі сыңсыған ағаштары мен еліміздің басқа аймақтарында кездесе бермейтін өсімдіктер дүниесі. Тауды еркін жайлаған аң-құстар дүниесі да өз алдына бір бөлек әлем. Атап айтсақ, мұнда қорықшылардың санағына сәйкес, 102 бас Қаратау арқары бар. Олар тиісінше, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізіліп, ерекше қорғауға алынған. Одан бөлек, осынау өлкеде Сібір елігі, үнді жайрасы, борсық, жыртқыш аңдардан қасқыр, түлкі, т.б.16 түрлі аң-құстар мекендейді. Ал дәл мынадай қалың қарлы, аязды ауа райында оларды бір мезгіл қолдан азықтандыруға тура келеді дейді қорықшылар.
-Қазіргі таңда мұнда аң-құстарға ереше көңіл бөлініп, олар жүретін аймақтарға жемшөптер шашылып, тұзжалақтарға тұз шашылуда. Қазір қорық аймағында әлі де болса аязды ауа райы сақталып отыр. Сондықтан аң-құстарға күтім жасалмаса болмайды,- дейді Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің аңшылықшы маманы Сұңғат Әбделі.
Берікқарашатқалы Қаратаудың Билікөл маңындағы өсімдіктер мен жануарлардың ре-ликт және эндемик түрлері көп кездесетін өңірде орналасқан. Қорықшада сирек кездесетін Семенов үйеңкісі, Сиверс алмасы, согдиана шағаны (ақ шаған ағашы) т.б. өседі. Мұнда әсіресе, кейінгі жылдары белгілі болған Берікқара терегіне ерекше мән берілген. Өйткені қазір теректің бұл түрі тек Қазақстанда (оның ішінде, Берікқара шатқалында) ғана сақталып қалған. Реликт түр болғандықтан Берікқара терегіне Канада ботаниктері үлкен көңіл бөлуде. Олар төрт жыл сайын осында келіп, теректің өсу ерекшелігін зерттеп отырады. Мұнда өсімдіктің 51 түрі қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Қорықшада торғайдың сирек кездесетін, қауырсындары құлпырып тұратын түрі – жұмақ шыбыншысы деп аталатын құс ерекше қорғалады.
Әйгілі қарт Қаратаудың аумағындағы табиғаты әсем, қойнаулары аң мен құстарға, өсімдіктер дүниесіне бай Берікқара шатқалы екені дау тудырмайды. Берікқара шатқалындағы ерекше қорғауға алынған табиғи аумақты қорғайтын қорықшылардың үшеуі жеке үй-жайларда тұрып, аумақтың ахуалын жіті бақылау үстінде.
-«Берікқара» ерекше қорағалатын табиғи аумақта «Қызыл кітапқа» енген ерекше құнды ағаш-бұталар мен шөптес өсімдіктердің 50-ден аса түрін, жануарлардан – арқар, үнді жайрасын кездестіруге болады. Республикалық маңызы бар «Берікқара шатқалы» мемлекеттік табиғи қаумалын күзету біздің ерекше назарымызда болады. Мұнда Берікққара терегі мен Қаратау арқары бар. Қаратау арқарына жыл сайын санақ жұмыстары жүргізіледі. Берікқара ЕҚТА да алты орманшы-қорықшының көмегімен табиғат заң бұзушылықтардың алдын алу үшін жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Берікқара ЕҚТА-да 2022 жылы екі заңсыз аңшылық фактісі тіркеліп, қаруы тәркіленіп, сотқа жіберілген,- дейді Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің директоры Мәди Нұралиев.
Орман қорғау және оны күзету жұмыстарына да қысқаша шолу жасасақ артық болмас. Мекеме басшысының айтуынша, Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің қызметкерлері 2022 жылы ормандарды заңсыз шабудан, өрттен қорғауды және басқа да заң бұзушылықтарды болдырмау үшін бірқатар іс-шаралар атқарған.
Аталған мекеменің қызметкерлері орман қоры жерлерімен шекаралас орналасқан елдімекендерде және жеке шаруа қожалықтарында өрт қауіпсіздігі туралы түсіндірме-әңгімелер жүргізіп, тиісті нұсқамалар таратылған.
Мемлекеттік орман қорын күзету, қорғау, қадағалау мақсатында 15 орманшы-қорықшының өздеріне бекітіліп берілген айналымдарда тұрғылықты тұру жағдайы толығымен қамтамасыз етілген. Орман қоры аумағында демалушылар мен мал жаюшыларға орман өрттерінің шығуына жол бермеу мақсатында қызметкерлермен орманда жүріп-тұру қағидалары түсіндіріліп, қосымша нұсқамалар таратылуда. Орманшы- қорықшылар өздеріне бекітіліп берілген айналымдарында қору жұмыстарын тәулік бойы атқару үстінде.
Мекеменің ақпаратына сүйенсек, үш ұзақмерзімді орман пайдаланушымен іс-шара жоспары келісіліп, өрттің алдын-алу және өрт шыққан жағдайда дер кезінде өшіру туралы келісім-шарт жасалынған. Мойынқұм өңірінде өрттің алдын-алу және өрт шыққан жағдайда дер кезінде бірлесіп өшіру туралы онымен шекаралас жатқан Жамбыл, Байзақ, Мойынқұм және Талас аудандарындағы әріптестермен іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілген. Былтыр «Түркістан-Сырдария» өңірлік табиғи паркінің Боралдай филиалымен іс-шара жоспары бекітілген. Одан бөлек, орман қорына жақын орналасқан ауылдық округтердің әкімдерімен және үш ірі шаруа қожалықпен өрттің алдын-алу және өрт шыққан жағдайда дер кезінде өшіру туралы келісім-шарттар жасалған.
Орман қоры мен ондағы жануарлар (аң-құстар) мен өсімдіктер дүниесі мемлекеттің байлығы дейтін болсақ, қуанышқа орай, былтыр мемлекеттік орман қорының аумағында орман өртінің бірде-бір оқиғасы тіркелген жоқ.
Иә, былтыр ауданның орманшы-қорықшылары орман қоры аумағында ұзындығы 600 шақырым болатын өртке қарсы ескі жолақтарды күтіп-баптады. Өртке қарсы техникаларды қамтамасыз етуге және бақылау жұмыстарына 6 тонна бензин, 4 тонна дизель отыны әзірленді. Бұдан бөлек, өртті сөндіруге және оның алдын алу жұмыстарына жанар-жағармайдың қоры жеткілікті әзірленді.
Мекеменің орманшы-қорықшылары арнайы киімдермен қамтамасыз етілген. Олар – 4 дана «Байкал» пистолетімен қамтылып, қарулар тиісінше, ережеге сәйкес арнайы темір сейфтерде сақталуда. Сондай-ақ, жеті орманшы-қорықшы қажетті үй-жайлармен қамтамасыз етілген. Мойынқұм өңірінде орналасқан «Қоянды» және «Көксай» айналымдарында бір-бірден жылжымалы үй (вагон) қойылған. Былтыр есепті мерзімде мекеменің орманшы-қорықшылары мен қызметкерлері тексеру барысында 46 азаматқа әкімшілік құқықбұзушылық хаттама толтырылды. Оның ішінде, заңсыз балық аулау дерегі -6, заңсыз аң аулау -14, заңсыз мал жаю -9, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі – 17
Жалпы қорғалатын аймақтарда орын алған заң бұзушылықтарға 507,2 мың теңге айыппұл салынып, оның 436,7 мың теңгесі өндірілген. Мемлекетке 320,1 мың теңге залал келтіріліп, оның 243,5 мың теңгесі өндірілді. Ерекше қорғалатын табиғи аймақта заңсыз аң аулау бойынша толтырылған екі хаттама сотқа жіберілді. Бір хаттама бойынша сот шешімі шығып, оған сот 150,0 мың теңге айыппұл салынған.
-Ормандарды молайту және қалпына келтіру жұмыстарына келсек, мекеменің орман қоры жерлерінде былтыр 500 гектар жерге 1 млн 562,5 мың дана сексеуіл көшеттері отырғызылды. Көктем айларында 288 келі қарағаш тұқымы жиналып 2,0 гектар тұқымбаққа себілді. Алдыңғы жылы көктемде себілген екі гектар тұқымбақта 450,0 мың дана стандартты көшет бар. Былтыр күзде 697,5 келі сексеуіл тұқымы жиналып, 7,5 гектарды құрайтын тұқымбаққа себілді. 2023 жылы 160 гектар алқапқа 500,0 мың дана сексеуіл көшетін отырғызу, жалпы 10,5 гектар тұқымбаққа сексеуіл және қарағаш тұқымдарын себу жоспарлануда. Бүгінгі таңда жер дайындау жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай да жүйелі түрде жалғасын таба беретін болады,- дейді мекеме басшысы.
Жалпы, ғажайыпқа толы тылсым да тұмса табиғат – біздің өмір сүретін қасиетті ортамыз. Оны көздің қарашығындай қорғау – адамзаттың негізгі міндеті. Ол бүгінгі буынға ғана емес, ертеңгі ұрпаққа да ауадай қажет дүние. Біз оны бұрынғылардан қалай қабылдап алдық, кейінгіге де солай тапсыруға тиіспіз. Оған қиянат жасауға ешкімнің де қақысы жоқ. Сондықтан, табиғатты қорғау – бәріміздің азаматтық парызымыз болып қала береді!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»