Basty bet
Республика күні қарсаңында бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы мәдениет саласының көрнекті өкілдері З.Алтынбаеваға, Ә.Алтынбекке, Н.Жмеренецкаяға, Б.Қажыбаевқа, белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері И.Сауэрге және тағы да басқаларға берілді.
«Қазақстанның халық жазушысы» атағына ақын М.Айтқожа, жазушы Ғ.Қабышұлы, «Қазақстанның халық әртісі» атағына музыка, театр және кино өнерінің көрнекті қайраткерлері Б.Әбділманов, М. Өтекешова, А.Жайымов, Т.Жанқұл, Ш.Жанысбекова, Б.Ибраев, К.Қазақбаева, Р.Машурова лайық деп танылды.
Денсаулық сақтау және ғылым саласының бірқатар өкілі «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» және «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атақтарына ие болды.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, ұлттық қауіпсіздікті нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, I, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
