Basty bet

Қателесуге болмайтын мамандық иесі

Жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу үшін науқастар оңашаланады. Ең алдымен инфекциялық ауру жұқтырған науқас, жұқпалы аурулар бөліміне келіп, тексерістен өтеді. Бұл тұрғыда ақ халатты абзал жандардың жұмысына деген аса жауаптылықты талап етеді.
Жұмыр жер бетінде осы дәрігер мамандығынан абыройлы, құрметті мамандық жоқ шығар. Сол құрметтің салмағы қаншалықты ауыр болса, оның иелеріне жүктелер жауапкершіліктің де жүгі соншалықты болмақ.
Дәрігер болу «ақ халат кидім, ант қабылдадым» емес, дәрігер болу алдыңа келген науқасқа ем беріп қоймай, ісімен де, жылы сөзімен де дем беретін маман болу емес пе?

Рас, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, ақ халаттылардың іздей бастаймыз ғой. Жаны ауырған әрбір адамға қол ұшын беруге дайын тұратын ізгі ниетті жандар ортамызда баршылық. Сондай жандардың бірі – Ақмар Демеуова. Ол аудандық орталық ауруханаға қарасты жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігері болып халыққа сапалы қызмет көрсетеді. Бүгін біз, бұл салада талай жылдан бері тынбай еңбектеніп келе жатқан дәрігер туралы сыр шертетін боламыз.
Ақмар Демеуова Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы Мақпалкөл ауылында дүниеге келген. Ол Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы медициналық университетінде шығыс медицинасы мамандығында жеті жыл білім алып, жетінші курста жалпы тәжірибелі дәрігер интернатурасында оқиды.
Тәжірибелі маман алғашқы еңбек жолын 2013 жылы Қызылорда қалалық №1-ші емханада терапевт болып бастайды. Кейіннен осы емханада жалпы тәжірибелі дәрігер, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарады. Жұмыс істей жүріп Астана қаласында жұқпалы аурулар дәрігері мамандығымен қазшықтықтан білім алады.
Ол 2017 жылы жуалылық азамат Нұрмат Төрехановқа тұрмысқа шығады. Осылайша Ақмар Демеуова осы жылдан бастап аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде дәрігер болып қызмет етеді.
Әр жылдарда терапия бөлімінің дәрігері, жұқпалы аурулар бөліміндегі СOVID бөлімінде бөлім меңгерушісі болып жүйелі жұмыстар атқарған.
2021 жылдың қараша айынан бастап аталған бөлімде дәрігер болып халыққа сапалы қызмет көрсетуде.
– Білесіз бе, егер науқас адамға шынайы көмек көрсетіп, ол адам соның нәтижесінде ауруынан айығып жатса, төбем көкке бір елі жеткендей болып қуанамын. Менің бала арманым – дәрігер болу еді. Бүгінде мен сол арманыма жеттім. Өздеріңізге белгілі, дәрігерге мүлде қателесуге болмайды. Жұмысымыздың қиындығымен бірге қызығы да қатар жүреді.
«Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты» деп Шопенгауэр айтқандай, адамның ең қымбат байлығы – денсаулық. Ал денсаулықтың қорғаны – дәрігер.
Бірақ ауру адам дер кезінде тексерістен өтіп, дәрігерге қаралар болса, науқасынан тез айығуға мүмкіндік бар. Алайда, денсаулығына салғырт қарайтындар да бар.
Сүзгі бөлімінде жұмыс істегендіктен, алдымен ауру жұқтырып келген науқастардың ПТР тестін алып, облыс орталығына жібереміз. Тесттің нәтижесі бір күннің ішінде дайын болады.
Гепатит және бруцеллез ауруымен тіркеуде тұратын науқастарға қараймыз. Гепатит ауруы бойынша – 72 науқас және бруцеллез ауруы бойынша – 38 науқас тіркеуде тұр. Тіркеудегі науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отырамыз.
Дәрігер мамандығының қыр-сырын қанық біліп, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Ақ халатты киіп алу шарт емес, әрбір дәрігер адам өмірінің арашасы екенгін білуге тиіс, – дейді ел тілегін жанына демеу етіп, Гиппократ антына адал дәрігер.
Ақмар Қасқырбайқызының айтуынша, жұқпалы аурулар бөлімінде күндігіне 15-20 шақты адам келіп қаралатын болса, оның 3-4 ғана ересек адам, ал қалғаны бала екенін айтады.
Бүгінде бұл бөлімдегі жасыл аймақта – 15 науқас жатса, 4 адам сүзгіден өткен. Медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Маман тапшылығы жоқ.
Жалпы 23 қызметкер болса, оның екеуі – дәрігер, 10 медбике және 11 тазалықшы.
Жұмыста білікті дәрігер, отбасында үлгілі келін, аяулы жар болып отырған кейіпкеріміз жұмыстан бос уақтысында ата-енесінің жағдайын жасап, бала тәрбиесіне баса мән беретіндігін айтады.
Қазіргі таңда жолдасы Нұрмат екеуі Раяна және Әліби есімді ұл-қызды тәрбиелеп отыр.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close