Basty bet
Тазалыққа тастай талап қажет!
«Тазалық – табалдырықтан басталады». Сондықтан қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әр азаматтың басты міндеті болып табылады.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бүгінде бұл шараға ерікті жастар мен аудандық «Жастар ресурстық орталығының» мамандары және түрлі мекеме қызметкерлері де белсене атсалысуда. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Апта ортасында қоршаған ортаға қамқорлық жасап, өскелең ұрпаққа өнегелі істі насихаттауға бағытталған шара өтті. Ауданға қарасты Мыңбұлақ және Ақтөбе ауылдық округтерінде акция аясында ауылдық округ әкімдерінің бастамасымен ауылдағы көрнекті жерлерге тазалық жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараны аудандық «Жастар ресурстық орталығының» мамандары мен ауылдық округ аппарат қызметкерлері ұйымдастырды.
Бұл игілікті жұмысқа ауыл тұрғындары мен қоғамдық жұмысшылар тартылған.
Біз алдымен Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Талапты ауылында болдық. Мұнда аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі мен ауыл әкімшілігі аппаратының қызметкерлері және қоғамдық жұмысшылар Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық үйінің айналасындағы түскен жапырақтарды тырмалап, тазартты.
Әрі қарай акция Ақтөбе ауылдық округінде жалғасын тапты. Ол жерде ауыл әкімшілігі аппаратының қызметкерлері мен ауыл тұрғындары Ақтоған ауылындағы облыстық мәндегі жол бойындағы қураған бұтақтарды кесіп, талдарды әктеу жұмыстарын жүргізді. Әрі қарай сол жердегі қоқыстар тазартылды. Қосымша ауылдық округтің орталығындағы көрнекті жерлерге тазалық жұмыстары жүргізілді. Біреуі сырласа, енді бірі арам шөптен тазартып жатты.
Акция аясында осы уақытқа дейін ауданда көптеген жұмыстар атқарылды. Ауданның көрнекті жерлері тазартылды.Әр ауылдық округтің ардагерлері, ауыл әкімшілігі аппаратының қызметкерлері мен жастары және ауыл тұрғындары өз туған ауылдарын көркейту үшін тазалық жұмыстарын ұдайы ұйымдастырып келеді.
Акцияның басты мақсаты – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту мақсатында құрылған қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау қағидаттарын қалыптастыру.
Акцияға екі ауылдық округтен 70-тен аса адам қатысты. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы әлі де жалғасатын болады.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»