Basty bet

Атакәсіпті ардақтап, дәстүрімен дараланған ауыл

Қазақтың кең даласында қалыптасқан салт-дәстүрлердің әрқайсысының астарында халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен өмірлік ұстанымы жатыр. Атадан балаға мирас болып, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан сондай тағылымды дәстүрдің бірі – қымызмұрындық. Ақ молайып, бие байланып, ел-жұрт жаз жайлауға шыққан шақта өткізілетін бұл дәстүр халқымыздың қонақжайлығын, береке-бірлігін, төрт түлікке деген құрметін айшықтайды.
Қымызмұрындықты тек қымыздан дәм тату дәстүрі деп қабылдау аздық етеді. Оның мазмұнында елді бірлікке ұйыстыру, ағайынның басын қосу, үлкеннің батасын алып, ақ тілек айту, төрт түліктің өсіп-өнуін тілеу секілді терең ұғымдар тоғысқан. Дәстүрдің өміршеңдігі де осында. Ол халқымыздың күнделікті тұрмысымен біте қайнасып, ұрпақ тәрбиесінің маңызды тетігіне айналған.
Осындай ұлттық құндылықты дәріптеп, көнеден жеткен дәстүрдің тәрбиелік мәнін кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында ауданға қарасты Шақпақата ауылындағы орталық стадионда «Берекелі ауыл – Ел мерейі» мәдениет және өнер фестивалі аясында «Қымыздың дәмі – даланың нәрі» тақырыбында қымызмұрындық дәстүріне арналған тағылымды мереке ұйымдастырылды. Ауыл тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан шара ұлттық салт-дәстүрді дәріптеумен қатар, ауыл мәдениетін, ұлттық өнерді, қолөнерді және атакәсіпті кеңінен танытқан мазмұнды мәдени басқосуға ұласты.
Фестивальдің өзіне тән ерекшелігі – оның ұлттық нақышпен өрнектелуінде болды. Мерекеге келген көпшілік алдымен тақырыптық көрмелерді тамашалап, қазақ халқының тұрмысында қолданылған көне және дәстүрлі бұйымдармен танысты. Ұлттық нақыштағы дүниелер, қолөнер туындылары, тұрмыстық заттар мен қымыз дайындауға қажетті жабдықтар көпшілік назарына ұсынылды. Көрме төрінен орын алған әрбір бұйым халқымыздың күнделікті тіршілігі мен мәдениетінің ажырамас бөлшегі екенін аңғартты.
Қарапайым ғана көрінетін ұлттық бұйымдардың өзінен халқымыздың өмір салты, талғамы мен шеберлігі байқалады. Әсіресе, қымыз дайындауға қатысты ыдыстар мен құралдардың қойылуы шараның мазмұнын аша түсті. Себебі, қымыздың өзі ғана емес, оны баптап, бабына келтіруге байланысты қалыптасқан дәстүрлі тәжірибе де ұлттық мұраның бір бөлігі саналады.
Шараның ашылуында жүргізушілер Шақпақата ауылының табиғи ерекшелігіне, елдің берекелі тіршілігіне және қымызмұрындық дәстүрінің халқымыздың өміріндегі орнына кеңінен тоқталды. Қасиетті Жуалы жерінің табиғаты тамылжыған, тарихы терең өңірлерінің бірі саналатын Шақпақатаның шүйгін жайылымы, таза ауасы мен табиғи ортасы төрт түлік өсіруге, оның ішінде жылқы шаруашылығын дамытуға қолайлы екенін атап өтті.
Бұл өңірде атакәсіптің жалғасып, қымыз өндіру мәдениетінің сақталуы да сондықтан өзіндік мәнге ие. Табиғат пен тіршілікті үйлестіре білген ауыл жұрты ғасырлардан жеткен кәсіпті бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Мұндай еңбек көзге көріне бермегенімен, оның артында үлкен жауапкершілік пен маңдай тер жатыр.
Қазақ халқы ежелден жылқыны ерекше қастерлеген. «Жылқы – малдың патшасы» деп бағалаған бабаларымыз оны көлік немесе төрт түліктің бірі ретінде ғана емес, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігі ретінде таныған. Ат жалында ер жеткен ел үшін жылқы – еркіндіктің, далалық өмір салтының, азаматтық рухтың символы.
Ал, жылқының ақ сүті қымыз – халқымыздың дастарқан мәдениетінде айрықша орын алған қасиетті сусын. Оның бойында даланың табиғаты, жылқының қасиеті, оны баптаған адамның еңбегі мен ғасырлар бойы жинақталған тәжірибе тоғысқан. Сондықтан қымыздың қадірін арттыру – ұлттық тағамды ғана насихаттау емес, атадан қалған тұтас бір мәдениетті дәріптеу.
Қымызмұрындықтың түпкі мәні де осы ұғымдармен сабақтас. Дәстүр бойынша бие байланып, алғашқы қымыз ашытылғанда, ел-жұрт бір-бірін шақырып, ақтан дәм татқызған. Үлкендер бата беріп, жастар ән айтып, күй тартып, ағайын арасында ақжарма тілектер айтылған. Мұндай басқосудың әрбір рәсімінен елдің амандығын, төрт түліктің өсіп-өнуін, ақтың молаюын, жұрттың тыныштығын тілеу аңғарылады.
Сондықтан қымызмұрындық – халқымыздың тұрмысындағы береке мен бірліктің, молшылық пен татулықтың көрінісі. Бұл дәстүр адамдарды ортақ дастарқан басына жинап қана қоймай, үлкен мен кішінің арасындағы байланысты бекемдеген. Ақсақалдың батасы, ананың ақ тілегі, жастардың өнері – барлығы бір арнаға тоғысып, елдік құндылықтарды қалыптастырған.
Шақпақатада өткен шара да осы тарихи сабақтастықтың заңды жалғасы болды. Ұлттық дәстүрді заманауи мәдени шарамен сабақтастыра отырып, ұйымдастырушылар ауыл тұрғындары мен қонақтарға мазмұнды бағдарлама ұсынды.
Фестивальдің ашылу салтанатында аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Ол мұндай шаралардың ұлттық мұраны дәріптеудегі, атадан қалған асыл құндылықтарды кейінгі буынға жеткізудегі маңызына тоқталды.
Сондай-ақ, мерекелік шараға аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Абуғали Ералиев, Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының директоры Салтанат Біләнқызы, Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов арнайы қатысып, ұйымдастырушыларға ризашылық білдірді.
Ақсақалдар мен ел ағаларының арнайы қатысуы да шараның мазмұнын тереңдете түсті. Себебі, қазақ қоғамында үлкеннің ақ батасы мен өнегелі сөзі әрдайым тәрбиенің өзегі саналған. Ел ағалары ауылдың ынтымағын, халықтың амандығын, жастардың жарқын болашағын тілеп, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге шақырды.
Шара барысында ауылдың қадірлі ақсақалдары Әділхан Әмірсейітов, Күнтубек Еркебаев және Смаил Көбесов көпшілікке ақ баталарын берді. Қазақ «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деп үлкеннің ақ тілегін ерекше бағалаған. Фестиваль барысында берілген ақ бата да елдің ынтымағы мен берекесін тілеген ізгі ниеттің көрінісі болды.
Мерекенің мазмұнын ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасы одан әрі аша түсті. Қазақтың әні мен күйі, би өнері арқылы халқымыздың бай рухани мұрасы насихатталды. Өнер – халықтың өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір. Ән мен күйден елдің тарихы, даланың тынысы, халықтың қуанышы мен арманы көрініс табады.
Шақпақата ауылының өнерпаздары да өнерлерін ортаға салып, мерекелік көңіл күйді еселей түсті. Ұлттық өнер мен дәстүрдің қатар өрілуі көпшілікке ерекше әсер сыйлап, фестивальдің мазмұнын байыта түсті. Сахна төріндегі өнер ауылдың мәдени тынысының қалыптасқанын да аңғартты.
Дегенмен мерекенің негізгі өзегі – қымыз мәдениетін насихаттау болды. Қазақ үшін қымыз – ұлттық сусын ғана емес, атакәсіптің, табиғи өнімнің, салауатты өмір салтының көрінісі. Оны дайындау мен бабына келтірудің өзіндік қалыптасқан тәртібі бар. Қымыздың дәмін келтіру, сапасын сақтау, ыдысын таңдау, оны дұрыс ұсыну секілді жұмыстардың әрқайсысы мол тәжірибені қажет етеді.
Бұл – бір күнде қалыптасқан кәсіп емес. Ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық шеберліктің нәтижесі. Сондықтан қымыз өндірумен айналысып, атакәсіпті абыроймен жалғастырып жүрген азаматтардың еңбегін бағалау – дәстүрдің өзін бағалаумен тең.
Осыған орай мереке барысында қымыз баптап, атакәсіпті жалғастырып жүрген азаматтарға құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табысталды. Мұндай құрмет еңбек адамын ынталандырып қана қоймай, кейінгі буынға да өнеге береді. Жастарға ауылдағы кәсіптің қадірін түсіндіру, адал еңбектің нәтижесін көрсету – осындай шаралардың маңызды тәрбиелік бағыттарының бірі.
Бүгінде табиғи өнімге, ұлттық тағамға деген қызығушылық артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда қымыз өндіру ісін дамыту ауыл шаруашылығы үшін де, ұлттық мәдениетті сақтау үшін де маңызды. Атакәсіпті кәсіпкерлікпен ұштастырып, қымыз өндірісін дамытуға мүмкіндік мол.
Шақпақата ауылының қымызының да өзіндік ерекшелігі бар. Табиғаты таза, жайылымы шүйгін жерде өсірілген жылқының сүті мен оны дайындаудың қалыптасқан шеберлігі ұштасқанда, ұлттық сусынның сапасы мен қадірі арта түседі. Сондықтан Шақпақатаның қымызы – ауылдың еңбекқор жұртының маңдай терімен жасалып отырған табиғи өнім ғана емес, өңірдің өзіндік ерекшелігін танытатын ұлттық өнім.
Фестиваль барысында қымыздың түрлері таныстырылып, оның дайындалу ерекшелігінеде назар аударылды. Қымыздың қазақ тұрмысындағы орны мен оны әзірлеуге байланысты дәстүрлі тәжірибе кеңінен көрсетілді. Мұның өзі жас ұрпаққа ұлттық тағамның қадірін түсіндіруге, атадан қалған тәжірибені ұмыт қалдырмауға мүмкіндік береді.
Мерекенің мәні қымызды дәріптеумен ғана шектелген жоқ. Шара барысында ауыл тұрғындарының бірлігі мен өзара сыйластығы да айқын көрінді. Бір жерде бас қосып, ортақ құндылықты дәріптеген көпшіліктің көңілінен ауылға деген жанашырлық пен туған жерге деген құрмет аңғарылды.
Ұлттық салт-дәстүр мен өнер тоғысқан ортада үлкен мен кішінің арасындағы ұрпақтар сабақтастығы да көрініс тапты. Ақсақалдар ақ батасын берсе, аналар ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарын таныстырды. Жастар өнер көрсетіп, мерекелік бағдарламаның белсенді қатысушысына айналды. Осылайша фестиваль әр буынның басын қосқан ортақ мәдени алаң болды.
Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау – уақытың талабы. Өйткені халықтың өзіндік болмысын айқындайтын тіл мен дәстүр, ұлттық тағам мен өнер, қолөнер мен атакәсіп секілді құндылықтар бір-бірінен бөлек қаралмайды. Олардың әрқайсысы ұлттың тарихи жадын сақтауға қызмет етеді.
Осындай құндылықтарды ел ішінде кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру арқылы ғана рухани сабақтастықты жалғастырыға болады. Дәстүрді тек өткеннің еншісінде қалдырмай, бүгінгі өмірмен сабақтастырудың маңызы да осында.
Бұл мереке ауылдың ынтымағы мен елдің бірлігін айқын танытқан тағылымды басқосу болғаны анық. Өйткені, берекелі ауылдың байлығы тек оның табиғатымен немесе шаруашылығымен өлшенбейді. Оның басты қазынасы – еңбекқор халқы, жарасымды тіршілігі, үлкенге құрметі, кішіге ізеті және ұлттық мұраға деген ерекше құрметі.
Осындай құндылықтар орныққан жерде ғана дәстүр де өмір сүреді, ұрпақтар сабақтастығы да жалғасады. Қымызмұрындықтың бүгінгі күнге жетуінің өзі – соның айғағы. Бір кездері қазақ ауылының күнделікті тұрмысында табиғи түрде атқарылған дәстүр бүгінде мәдени шара арқылы жаңғырып, өзінің тәрбиелік әрі рухани маңызын қайта танытып отыр.
Қымызмұрындық – қазақтың дала өркениетінен жеткен төл дәстүрі. Оның әрбір рәсімінен халықтың табиғатпен етене өмір сүргені, төрт түлікті қадірлегені, ақты қасиет тұтқаны, дастарқанды береке мен бірліктің бастауы санағаны байқалады. Сондықтан мұндай дәстүрді жаңғырту – өткенді еске алу ғана емес, болашаққа бағытталған рухани міндет.
Бұл мерекенің тағы бір ерекшелігі – ұлттық мұраның сахналық қойылым немесе концерттік бағдарлама аясында ғана қалмай, көпшілікке тікелей көрсетілуінде. Мерекеге жиналған жұрт қымыздан дәм татып, оның дайындалу ерекшелігімен танысты, ұлттық бұйымдарды тамашалап, өнерпаздардың өнерін көрді. Яғни, дәстүрді сырттай тамашалау емес, оның мазмұнын жақыннан танып, тәжірибе арқылы сезінуге мүмкіндік туды.
Мұндай тағылымды шаралардың ауыл жастарына берері мол. Өйткені, атадан қалған кәсіпті жалғастыру, ұлттық тағамды дәріптеу, қолөнерді меңгеру және салт-дәстүрді білу – туған жерге деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі. Ұлттық құндылықты қадірлеген жас өз елінің тарихы мен мәдениетін тереңірек таниды.
Дәстүрін білген ұрпақ өзінің кім екенін, қандай құндылықтарды арқау етіп өмір сүру керектігін жақсы түсінеді. Сондықтан ұлттық мұраны дәріптейтін әрбір шараның астарында үлкен тәрбие жатыр. Бүгінгі көрсетілген өнеге ертеңгі ұрпақтың таңдауы мен көзқарасына әсер ететіні сөзсіз.
Осы тұрғыдан алғанда аталған фестивальдің тәрбиелік маңызы айрықша болды. Ол бір күндік мерекемен шектелмей, ауылдың мәдени өміріне серпін берген, ұлттық мұраны дәріптеген игі бастамалардың біріне айналды. Ұлттық өнер мен дәстүрді бір арнаға тоғыстырған шара көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, жұртты ортақ құндылық төңірегіне топтастырды.
Қазақ халқы «Ақ мол болсын!» деп тілек айтқанда, жай ғана қымыздың немесе сүттің молдығын емес, елдің ырысы мен несібесінің артуын, шаңырақтың берекесін тілеген. Ақтың қазақ дүниетанымындағы орны да осындай терең мағыналармен сабақтас. Ақ – адалдықтың, тазалық пен молшылықтың белгісі.
Ақтың қадірін ұлықтап, атакәсіпті ардақтаған, ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеген елдің мерейі қашанда үстем болмақ. Ең бастысы, мұндай игі бастамалар дәстүрдің музей төрінде ғана сақталмай, ел арасында қайта жаңғыруына жол ашады. Атадан ұрпаққа қалған аманатты бүгінгі ұрпақтың өз көзімен көріп, жүрегімен сезінуі – ұлттық құндылықтың келешекке жетуінің кепілі.

Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close