Basty bet
Жазғы демалыс: мәдениет пен қауіпсіздік үндестігі
Балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру – олардың шығармашылық қабілетін дамытуға, мәдени-рухани тәрбиесін қалыптастыруға және бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған маңызды жұмыстардың бірі. Осы бағытта Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мәдениет үйлері мен орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 2026 жылдың маусым-тамыз айлары аралығында ауқымды іс-шаралар өткізуде.
Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Жаңабаевтың мәліметінше, аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты барлығы 24 мәдениет нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 1 аудандық мәдениет үйі, 11 ауылдық мәдениет үйі және 12 ауылдық клуб бар. Аталған мәдениет нысандарында жалпы саны – 137 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде, балаларға арналған 65 үйірме тұрақты түрде қызмет көрсетуде. Бұл үйірмелерге 930 бала қатысып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін шыңдауда. Балалар қолөнер, домбыра, би, көркемсурет және көркемсөз оқу бағытындағы үйірмелерге қатысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өнерге деген қызығушылықтарын арттыруда.
Үстіміздегі жылдың маусым-тамыз айлары аралығында балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, олардың бос уақытын мазмұнды өткізу және мәдени-рухани дамуына жағдай жасау мақсатында аудан көлеміндегі мәдениет нысандарында барлығы – 278 іс-шара өткізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін жоспарланған іс-шаралардың 172-сі ұйымдастырылып, оған 5 672 бала қамтылған. Барлық өткізілген мәдени-көпшілік шаралардың ақпараттары мен фотосуреттері мәдениет мекемелерінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында тұрақты түрде жарияланып келеді. Тамыз айының соңына дейін тағы 106 мәдени іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Жазғы демалыс барысында ұйымдастырылған іс-шаралардың барлығы балалардың жас ерекшеліктеріне сай әзірленіп, олардың шығармашылық, танымдық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, әрбір іс-шара барысында балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған. Іс-шара өткізілетін орындар алдын ала дайындалып, жауапты мамандар тарапынан балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілген.Табиғат аясында өткізілген бағдарламалар кезінде су айдындары мен ашық алаңдарда қауіпсіздік талаптарының сақталуы бақылауға алынып, балалардың ересектердің қарауынсыз қалмауына ерекше мән берілген.
Балалардың мәдени-рухани дамуына арналған маңызды шаралардың бірі аудан орталығында өткен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Әрқашан күн сөнбесін!» мерекелік көпшілік іс-шарасы болды. Мереке аясында түрлі санаттағы балалардың қатысуымен концерттік бағдарламалар, ойын-сауық кештер, шығармашылық байқаулар мен танымдық шаралар ұйымдастырылған. Сонымен қатар, Қайрат ауылдық мәдениет үйінде өткен «Бір сәтке әкім, бір сәтке депутат» тақырыбындағы дарынды балалардың аудан әкімімен кездесуі балалардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға ықпал етсе, Шымбұлақ ауылдық клубында ұйымдастырылған «Күл, балақай, күл, бүгін – сенің күнің!» мерекелік бағдарламасы бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ал, Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйі мен Ақтөбе ауылдық клубында өткен «Балдәурен балалық шақ», Көктөбе ауылдық клубындағы «Бала деген – бір бақыт» атты мәдени іс-шаралар балалардың өнерін шыңдап, шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырды. Одан бөлек, шілде айында Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйінде «Шабыт» би үйірмесінің алты айлық есеп беру концерті ұйымдастырылып, жас бишілер өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Бұл концерт балалардың жыл бойы үйренген өнерін сахнада көрсетуге мүмкіндік беріп, олардың өздеріне деген сенімін нығайтты.
Жазғы демалыс кезеңіндегі ерекше мазмұнды іс-шаралардың бірі – Қарабастау ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Қасиетіңнен айналдым, Қарабастауым!» атты бұлақ басындағы ойын-сауық бағдарламасы болды.
Іс-шара Қарабастау ауылындағы бұлақ басында ұйымдастырылып, оған 100-ге жуық адам қатысты. Бағдарламаның негізгі мақсаты – балаларға бұлақтың қасиеті мен судың адам өміріндегі, жануарлар мен өсімдіктер тіршілігіндегі маңызын түсіндіру, табиғатты аялауға, суды үнемдеуге, қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу болды.
Бағдарлама барысында мәдениет үйінің меңгерушісі Салтанат Иманбаева бұлақтың тарихы мен табиғи ерекшеліктері туралы қызықты мәліметтер айтып, балаларға судың қасиеті жайлы танымдық түсіндірме жүргізді.
Концерттік бөлімде Раушан Асқар «Спорт» әнін орындаса, Ақерке Мәлік су перісі бейнесінде «Маленькая страна» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ал, Аяла Асқарбай «Мөлдір бұлақ», Аяру Бақыт «Көңілді күн» әндерін орындап, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Театрландырылған қойылымдарда балалар су перісі, су патшасы, алтын балық, теңіз қарақшылары және теңіз жануарларының бейнесін сомдап, қызықты көріністер көрсетті. Сонымен бірге, түрлі ұлттық және қимылды ойындар ұйымдастырылып, шараға балалар белсенді қатысты.
Іс-шара барысында балаларға «Қасиетті бастау» тақырыбында жас ерекшеліктеріне сәйкес сұрақтар қойылып, олар өз білімдерін ортаға салды. Табиғат аясындағы демалыс балалардың танымдық қабілеттерін дамытып қана қоймай, олардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырды.
Бағдарлама соңында мәдениет үйінің мамандары барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, ауыл тұрғыны Майдагүл апа балаларға ақ тілегін жеткізді. Жаздың шуақты күнінде ұйымдастырылған бұл мәдени іс-шара балаларға ұмытылмас әсер қалдырған.
Сондай-ақ, балалардың жазғы демалысын мазмұнды өткізуде аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де жүйелі жұмыстар атқаруда. Аудан бойынша жалпы саны 25 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде, 1 аудандық орталық кітапхана, 1 ауылдық балалар кітапханасы және 23 ауылдық кітапхана бар. Соның 21-і цифрландырылған ақпараттық орталық ретінде қызмет көрсетуде.
Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында 1 маусым мен 31 тамыз аралығына арналған арнайы жұмыс жоспары бекітіліп, бүгінгі күнге дейін жоспар бойынша 11 іс-шара ұйымдастырылып, оған 275 адам қатысқан.
Атап айтқанда, Бауыржан Момышұлы ауылдық балалар кітапханасында «Бала күлкісі – әлемге нұр» атты мерекелік кеш және «Экология біздің өмірімізде» тақырыбында эко-квест сағаты өткізілді. Көлбастау ауылдық кітапханасында «Туған өлкем – Жуалы» атты сурет салу сағаты ұйымдастырылса, Қарасаз ауылдық кітапханасында «Туған жер – тал бесігім» тақырыбында тәрбие сағаты өтті.
Ал, Қошқарата ауылдық кітапханасында «Әке – отбасы тірегі» атты кездесу кеші, Жаңаталап ауылдық кітапханасында «Балалықтың бақытты әлемі» кітапхана аралы ұйымдастырылған. Нұрлыкент ауылдық кітапханасында «Кітаппен жазды бастайық» атты фото коллаж жасалып, Күреңбел ауылдық кітапханасында «Оқы! Ойла! Ойна!» ойын-квесті өткізілген.
Сонымен қатар, Ертай ауылдық кітапханасында «Кітапқа толы көңілді жаз» библиокроссы, Кәріқорған ауылдық кітапханасында «Кітап менің сырласым» атты кітап әлеміне саяхат және Сұрым ауылдық кітапханасында «Жақсы кітап – жан азығы» атты ашық аспан астындағы оқу залдары ұйымдастырылған.
Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру – олардың жан-жақты дамуына жасалған маңызды инвестиция. Аудандағы мәдениет үйлері, ауылдық клубтар мен кітапханалар ұйымдастырып отырған сан түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, олардың туған жерге, табиғатқа, кітапқа және ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін қалыптастыруда. Ең бастысы, барлық шаралар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып өткізілуде. Мұндай игі бастамалар балалардың жазғы демалысын қызықты, мазмұнды әрі қауіпсіз өткізуге және олардың жарқын болашағын қалыптастыруға өз үлесін қоса бермек.