Адамның жасы ұлғайғанда өткеніне қарайлай береді екен. Ондағысы – сағымдай болып бұлдырап алыста қалған балғын шақ, балалығын сағынғаны. «Кімдермен оқыдым, бізді кімдер оқытты?» дегендей, өткен-кеткенін ой елегінен өткізетіні түсінікті. Менің балалық шағымның барлығы дерлік есімде. Әлі күнге ештеңені ұмытқан жоқ сияқтымын. Алғаш мектеп табалдырығын аттап, «Әліппе» кітабын қалай ашқаным, қолыма қалай қалам ұстағаныма дейін есімде…
Бұл 1961 жылы болатын. Бізді Мұсан есімді ағай оқытты. Жаратылысынан өте момын кісі еді. Ол кісі 1 мен 2 сыныпты оқытқаннан кейін басқа мұғалім беретін. Кейін есейгенде: «ең қиын кезін Мұсан ағай оқытып, ары қарай басқа мұғалімдер алып қоятын болуы керек. Ол кісі момын еді» деп ойлаймын. Екінші сыныптан бастап сабақты Сапар деген ағай берді. Үшінші сыныптан бастап Қадиша жеңгеміз беретін болды. Барлығы жақсы мұғалімдер еді. Балаларды жазалайтын мұғалімдер санаулы ғана.
Біз Қайрат ауылындағы бұрынғы мектеп-интернатқа Бақалы ауылынан бес бала болып оқуға келдік. Арамызда қыздар жоқ. Ауылда орта мектеп түгілі, 8 жылдық негізгі мектеп те жоқ. Негізгі мектепті Қосбөлтек ауылынан, ал орта мектепті Қайрат ауылынан оқимыз. Интернатқа барғандар: Райымбекұлы Бейбіт, Қалымханұлы Кәтімхан, Мүсірепбекұлы Боранбай, Жайлауұлы Мүзәт және мен.
Ауылдағы бастауыш мектепте 14 ұл-қыз едік. Біздің сыныпта ұлдар көп болатын, қыздар бар жоғы үшеу ғана. Онда сабақты екі класс бірге қосылып оқитынбыз. Қатарымызда екінші кластың оқушылары отыратын. Ол кездің «заңы» бойынша үлгерімі төмен оқушылар кластан класқа көшпей қалып қоятын. Негізгі 8 сыныпты бітірген оқушылардың біразы колхоз жұмысына араласып кетеді. Еңбекке ерте араласқан олардың көбісі өмірден өз орындарын тапты. Тракторшы, шопыр, ағаш және темір ұстасы көптеп шықты.
Орта мектепті бітірген бес баланың арасынан бірінші жылы құрдасымыз Бейбіт ғана оқуға түсіп, қалғанымыз оқудан құлап қалдық. Сол кезде оқуға түсе алмағандарды «оқудан құлапты» дейтін. Бәріміз ауылдамыз, бос жүрмей колхоз жұмыстарына араласуың керек. Жұмыстан ең бірінші болып Кәтімхан құтылды. Ол мектеп бітірген жылы әскер қатарына кетіп қалды. Енді қалған үшеуміз колхоздың әртүрлі жұмысына араластық…
Үйдің жұмысы бөлек, ал колхоздың жұмысы бөлек. Мен колхоздың жұмысына «ебедейсіз» болып шықтым. Бала кезден арманым – музыка маманы болу. Кішкене кезден домбыра шертіп, аздап гормошка тартам. Бір жыл бұрын өзім үйреткен оқушылар Шымкент қаласындағы музыкалық училищеге түсіп кеткен. Олардың ұстазы болған мен биыл қалайда оқуға түсем деп бардым. Бірақ жолым болмай, бірінші сынақ музыкадан өте алмадым. Ауылға оқудан «құлап» келдім. Сол кезде-ақ өнер жолының қиын екенін бірден түсіндім…
Күзде картоп жинау науқаны басталатын. «Картоп тиеуге барасың» деді бригадир Әміртай ағам. Терілген картопты салатын арнайы темір жәшіктер (контейнерлер) бар. Соны бір адам жерден тракторға тіркеп берсе, бір адам машинаның үстінен құлағын ағытып түсіріп алу керек. Кезек-кезек машинаның үстіне шығып, контейнерден картопты түсіріп тұрамыз. Біраз күнде жұмысқа төселіп-ақ қалдым. Бір алқапты бітіргеннен соң екінші алқап ауысасың. Бір күні екінші алқапқа көшкенде машинаға тиелген бос контейнерлерді қатар-қатар түсіріп шығу керек болып, оған мені жұмсады. Жүк машинасы жайлап жүріп келе жатыр, ал мен болсам контейнерлерді бір-бірлеп түсіріп келе жатырмын. Бір кезде не ойлап кеткенімді білмеймін, итеріп түсірген контейнерге костюмім ілініп қалып, мені өзімен бірге ала кетті. Бірақ жерге толық құламадым. Машинадағы бір контейнерге шалбарым ілініп салбырап қалдым. Жерге түскен контейнер костюмімнен ажырамай сүйреп келемін. Сол кезде кең балақ шалбар кию «мода» еді. Тура машинаның түтіні шығатын түтікке құлаппын. Көк түтінге шашалып, тұншығып барамын. Аяғым машинаның үстінде, басым төменде сүйретіліп келеді. Оны шопыр ағамыз байқап қалса керек, машинасын тез тоқтатты. Қалбалақтап жүгіріп жүр. Ілінген костюмді шеше алмады. Жүгіріп машинаға кетті, пышақ іздеген сияқты. Айналаға алақтап қарады, жақын маңда ешкім жоқ. Машинаның үстіне шығып мені контейнермен қосып жоғарыға тартып алды. Керіліп тұрған маталар машинаның үстіне шыққаннан кейін тез шешілді. Түтінге тұншығып, басым төменде салақтап қалған менің басым айналып, жүре алмай қалдым. «Бала ертең келмей-ақ қой, колхоздың жұмысы сенсіз-ақ бітер» деді шопыр ағам. Содан үйде бір аптадай ауырып жаттым…
Бір күні Әміртай ағам: «бар, сеялкада жұмыс істеп көр, Ащыға барасың» деді. Бардым. Өзіммен бірге оқыған Тұрсыналы, Бектібек және мен бір тракторға тіркелдік. Шынжыр табанды тракторға дән себуге арналған үш сеялка тіркеледі екен. Олар 8 кластан кейін еңбекке ерте араласып кеткендер. Жұмыстан аздап тәжірибелері бар. Үшеуміз үш сеялкада тұрамыз. Алқаптың аяғына жеткенде сеялканы көтересің, қайта айналып келгенде түсіресің. Қатар тұрған екі бірдей тұтқаның біреуін тартсаң бір бөлігі, екінші тұтқаны тартсаң екінші бөлігі түседі. Сеялка тіркемесінің үстінде еркін тұра алмайсың, артында темір тырмасы бар, оған жалғанған доңғалағы тағы бар. Доңғалағы қолдан жасалған, дәу діңгекке темір шегелер қағып тастаған. Біраз күнде сеялкаға да үйреніп қалдым. Бектібек пен Тұрсыналы үйреніп қалған, олар екі тежегішті бірден тартады. Бірақ мен екі тежегішті бірден тарта алмаймын. Себебі, құлап кетуің мүмкін. Бірте-бірте мен де намысқа тырысып, екеуін бірден тартатын болдым. Бірақ қорқам. Егістік таудың етегінде. Биікке шығып бір-ак бұрыласың. Егістікке түскен кезде екі тежегішті бірден тартып қалдым. Сол кезде трактор да жылдамдық арттырып қатты тартып қалды. Мен екпініммен артқа құлап түстім. Тырманың үстіне емес, дәл доңғалақтың алдына құлаппын. Жан керек, қатты секірдім. Доңғалақ менің астымнан өтіп кетті. Мені «Құдай қақты». Жүрегім аузыма тығылды. Не болғанын білмей орнымда отырып қалдым. Кесек атқылап тракторды зорға тоқтатты. Бәрі жаныма жүгіріп келді. Олардың да естері шығып кетіпті. Менің тірі қалғаныма таңғалып жатыр. Осы оқиғадан кейін сеялкада отыруға менің де онша ықыласым болған жоқ..
Бір жолы қыс кезінде қойшыларға шөп таситын болдық. Тауда жатамыз. Шынжыр табанды трактордың артына дәу шана тіркелген. Қатты соққан боран таудағы қырқа-қыраттардың ортасын күртік қарға толтырып тастаған. Арнайы жүретін жол жоқтың қасы. Күніне үш-төрт трактор тасимыз. Бірте-бірте трактор жүргізуді де үйреніп алдық. Сайлау ағамыз тракторын бізге сеніп тапсырып қойған. Рөлге кезек-кезек отырамыз. Екінші кезекті біз Тұрсыналы екеуміз түсіріп келуіміз керек. Тракторды мен айдап келемін. Бұл трактордың бір жаман жері – жылдамдық ауыстыратын тежегіші (муфтасы). Оны қолмен итеріп тежеп, жылдамдық ауыстырасың, оған қолдың күші керек. Тауға шығар кезде жылдамдық ауыстыруың керек. Тежегішке қолымның күші жетпей қалғаны. Трактор тіке кетіп бара жатыр. Мен тежегішпен әуре болып жатырмын. Трактор екі төбенің ортасындағы қалың қарға шығып кетті. Тракторды тоқтаттық. Енді қозғалтсақ трактор қарға батып қалайын деп тұр. Артымызда шөп тиелген шана, алға жүре алмаймыз, терең қар. Тәуекелге барып тракторды артқа жүргіздік. Кішкене жүргені сол еді, шана тасқа тірелді де трактор қарға батып қалды. Бұл тракторды шығару үшін колхоздан басқа трактор шақыруың керек. Ол келгенше қанша уақыт. Сайлау ағам қатты ашуланды. Жолға шығып трактор әкелуге кетті. Біздің бір күн жұмысымыз тоқтап қалды.
Көктем шыға Құдайберген ағамызға қой төлдетуге жіберді. Меринос қойдың төлі алғаш туғанда өте әлсіз болады екен. Уақытында жылы жерге көшірмесең, тез өліп қалады. Сондайда: «қайран, қазақы қойларым-ай» деп ойлайсың. Құдайберген ағам: «Аташбек, екеуміз таңғы сағат бестегі кезекті қарайық» дейді. Оған «жоқ» деп айта алмайсың. Таң азанда қатты ұйқың келеді. Онда электр жарығы жоқ. Қолыңа шам алып қарап тұруың керек. Қой туған жағдайда оны жылы жерге ауыстырасың. Таңғы жетілер шамасында біраз қойды бөліп береді, оны бөлек бағасың. Сөйтіп бір ай зорға дегенде өтті.
Сақпан біткеннен кейін екі жыл әскер қатарына кетіп қалдым. Боранбай Мүсірепбекұлы жұмысқа менен бетер ебедейсіз екен. Бір жолы маған: «Мен әкемнің қарамағында жұмыс істеймін» деді. Әкесі әскери совхозда картоп суғарады. «Социалистік Еңбек Ері» деген атағы бар. Бір жолыққанда «әкем жұмыста қатал екен» деді. Содан ол бір айға жетпей келіп қалды. Себебін сұрамадым. Біраз күн үйінде болды. «Мен аңға кеттім» деді. Әкесінің қосауыз мылтығын оқтап алып үйрек атам деді. Тағы бір айдай жүрді. Үйрек атқызбады. Тауға қарап отыр екен, «тауға кетем» деді. Таудың етегінде сүйгені Айшаның ауылы, соны айтып отырған шығар дедім. «Жоқ, мен геолог болам!» деді. Көктемде сақпанға бірге бардық. Сақпан біте ол әскер қатарына кетіп қалды.
Ал Мүзәт (Музамуддин) Жайлауұлы мектепте жүргенде газет-журналға мақала жазатын. Мектеп бітірер жылы сабақтан көп қалатын болды. Үйіне барсаң қиялға беріліп отырар еді. Ол да оқуға түсе алмады. Колхоз жұмысына да көп араласа алған жоқ. «Денсаулығым болмай жүр!» деді. Біз әскер қатарына кетіп қалдық да, ол бармай қалды. Біз әскерден келсек ол әлі жазып отыр екен. «Арнайы мамандығың болмаған соң жазу қиын екен. Бір тақырып жазайын десем, оның кіріспесі, шарықтау шыңы, финалы болу керек. Оған білімім жетпейді» деді. Барлығын тастап колхоздың жұмысына араласып кетті.
Кәтімхан мектеп бітіре салып әскерге кетіп қалды. Әскер қатарынан келген соң ауыл шаруашылығы институтын бітірді. Бейбіт оқуын оқып жатыр. Бір жыл колхозда жұмыс істеп, екі жыл әскерде болып келсек, ол үшінші курсқа жетіп қалыпты. Әскер қатарынан келген соң бәріміз оқуға бардық. Мен Шымкент қаласындағы мәдениет институтын бітірдім. Алғаш музыка мектебінде, кейін мектепте тарих пәнінен ұстаздық етіп зейнет жасына жеттім.
Боранбай өзі армандағандай, геолог болды. Қазіргі Түркістан облысына қарасты Кентау қаласының маңынан кен қазды. Зейнетке шыққанда Тараз қаласына көшіп келді. Бейбіт ГИДРО институтын бітірді. Біраз жыл ауданға қарасты «Большевик» колхозында прораб болды. Егемендік жылдары ол біраз уақыт жұмыссыз қалды. Қайтыс болардың алдында қалада такси жүргізді. Ал, Кәтімхан ауыл шаруашылығы институтын бітіргенімен, өзінің мамандығымен жұмыс істей алған жоқ. Кейін егемендік алған жылдары бас есепші болып жұмыс істеді. Мүзәт ауылда қалды. Колхоздың әртүрлі жұмыстарын атқарды. Соңғы жылдары сушы болып та жұмыс істеді. Құрдастардың ішінде ең соңында үйленген де осы Мүзәт болды. Ең алғаш қайтыс болғаны да – Мүзәт. Елуден жаңа асып еді. Соңында үш ұл, бір қызы қалды. Немере көре алмады. Бейбітте алпысқа жетпей қайтыс болды. Бір жолыққанда «жүрегім ауырып жүр» деп еді. Оның екі ұл, бір қызы қалды. Немере көрген жоқ. Зейнет жасына жетіп, қайтыс болған Кәтімхан болды. Бір ұл мен бір қызы қалды. Ол да немере сүйген жоқ…
Мектеп бітіргенімізге 50 жыл толғанда ауылда көзі тірісі Боранбай екеуміз ғана қалыппыз. Бірге оқыған 15 ауылдың ұл-қыздарын жинауға шамамыз жетпеді. Міне, содан бері де бес жыл өте шығыпты. Биыл біздің мектеп бітіргенімізге – 55 жыл. Бірге оқыған құрбы-құрдастардан кімдер қалды екен?! Жасың жетпістен асып, осындайда өткенге көз жүгіртесің. Барлығы көз алдымда. Бастауыштан бастап барлығы есімде қалыпты. Небір қызықты оқиғалар бастан өтті. Ол кезде адамдар арасында мейірім сезімі бар еді. Үйден мектепке әкелген нанымызды бірге бөліп жейтінбіз. Үшінші сыныпта Дулатбай ағайдан таяқ жегеніміз де есімде… Қыс айы болатын. Бізді төрт баланы кластағы еден жууға алып қалды. Мен, Боранбай, Кәтімхан және Марат қалған. Далада боран. Су әкелетін шелекті таппадық. Кетіп қалуға тағы болмайды. Біреуміз ой тастадық: «даладан қар тасиық, сол ерігенде еден жуамыз» дедік. Бірақ қар еріген жоқ. Бір кезде Дулатбай ағай келіп қалды. Төртеуміз де тақтаның алдында тұрмыз. Балалық қой. «Ағай ұрды» деп ата-анаға айтудың өзі ыңғайсыз, тіпті, ұят…
Ауылдағы бары мектеп төрт жылдық қана. Бесінші сыныптан бастап Қосбөлтек ауылындағы интернатқа барып оқимыз. Бізді бала кезден топтастырып, жақындастырған интернат болуы да мүмкін. Сырт жерде жүргенде бір-біріңе қолдау көрсетуің керек. Ол кезде орыс балалары көп болатын. Интернаттың барлық тамағын іше бермейсің, кейбірі біз көрмеген тамақтар.
Негізгі мектепті бітірген соң ауданның орталығына жақын орналасқан Қайрат ауылындағы мектеп-интернатқа оқуға келеміз. Мұнда Жуалы ауданының 15 ауылынан балалар жиналады. Ержетіп қалған кезіміз. Бөтен қыздарға ұрлана қараймыз. Алғаш болып арамыздан қыздарға «көз салып, қырындаған» Боранбай болды. Оның махаббаты берік екен, кейін сол сүйген қызына үйленді. Қалғанымыз соның жанында атқосшы болып жүреміз. Мектеп бітірген соң бәріміз жан-жаққа кеттік. Демалыс кезінде ауылға жиналғанда бір- бірімізді кәдімгідей сағынып қаламыз. Бәрі маған жандары ашып, «қыз» іздеп жүреді.
Бейбіт екеуміз Тараз қаласында жалдамалы бір бөлмеде тұрамыз. «Біздің топта жалғыз қыз, қалғаны ер балалар, жүр сонымен таныстырайын» дейді Бейбіт. «Төрт жыл бойы ешкімді менсінбеген қызың мені миығына да ілмес. Оның үстіне жол апатына түсіп, кирелеңдеп жүре алмай жүрмін» деймін мен. Көңілін қимай жатақханаға барамыз. Шашым өсіп кеткен, киімім жұпыны. Қызбен тез тіл табыстым. Бейбіт қатты қуанды. Бірақ жалғасын таппады.
Мүзәт үш ай каникулда менің атымнан бір қызға хат жазыпты. Мен ол қызды танимын, ол басқа топта оқиды. Хатқа сенгені соншалық, қыз мені шын «сүйіп» қалыпты. Сабаққа келсем, қыз мені бас салып құшақтайды. Қыз маған шын «сүйетінін» айтып жатыр. Мен Мүзәттің ісі екенін бірден білдім. Адамның сезімімен ойнауға болмайды ғой. Бұл Мүзәттің соңғы шығармашылығы еді. Кәтімхан: «сен үйленем десең болды, мен саған үйіңе бір қыз әкеліп беремін» дейді. Сонда таныспай, біліспей үйлене салам ба?! Мұның қалжың екенін білем әрине. Үйіне қонақ келсе болды, мені шақырады. «Мына қызды аласың ба? Бұл қыз менің жиенім. Ұнаса айт» дейді. Сөзі осы. Оны бала кезден білем ғой…
Боранбай алыста. Жолығысып қалсақ, амандық-саулығымызды сұраған соң «қызың бар ма?» дейді. «Жоқ болса тауып берейін!». Боранбайдың сөзі осы. Барлығы Коммунистің баласы. Ешқандай өтірігі жоқ, алдамайды, шын жанашыр. Бейбіт колхозда прораб. Жолыққанда «үйіңе құрылыс жасап ж атқан жоқсың ба?» деп сұрайды. Ондағысы «көмектесемін» дегені. Қалған көзі тіріміз мен және Боранбай ғана. Боранбай 70 жасқа толған мерейтойын көпшілікпен атап өтті. Той жақсы өтті. Мен сол кезде тойға қатыса алмаған достарым туралы ойладым. Егер, олар тірі болғанда жақсы көңіл көтерер едік. Біздің ақылшымыз Кәтімхан, балалық шақтан әңгіме қозғайтын Бейбіт, ал барлығына қосыла салатын Мүзәт. Балаларын көргенде әкесі тағы да еске түседі. Балалары мен қыздары туралы әйелдері келіп ақылдасады. Балалары туралы жақсы жаңалық естісем болды, ең бірінші хабарласып, құттықтаймын. Қазір бір әулеттің ғана емес, бүкіл ауылдың қариясы болдық.
Балалық шақ туралы естелік жазып, оның біразын кітапқа енгіздім. Біздің балалық шағымыз Коммунистік тәрбиенің ықпалымен өткені белгілі ғой. Алғаш октябрят, пионер, комсомол, партияның қатарында болдық. Балалық шақ еске түскен кездерде:«біздің кез қандай жақсы еді!» деп сағынышпен еске аламын. Әлеуметтік жағдайымыз онша жақсы болмаса да, 5 сыныптан бастап интернатта оқысақ та, колхозда жұмыс істеп шаршасақ та біздің кез жақсы еді. Ауылда жарапазан айтып, асық ойнап, доп қусақ та сол кез қызық еді. Жігіт кезімізде достарымыз оқитын оқуға барамыз. Әртүрлі қызықты кештер болатын. Кейіннен отбасын құрып, балалы болдық. Елдің дамуы жолында адал еңбек етіп, абыройға бөлендік. Сонда да бірге өскен достарыңды сағынасың…
Ауылда бізді оқытқан ұстаздардан қазір ешкім қалған жоқ. Олардың өмірі мен еңбек жолы туралы естелік жинасам деген мақсат болды. Менің бір байқағаным, өмір бойы жұмыс істеп, бірде бір Мақтау қағазын алмағандары болады екен. Қазіргі жас мұғалімдердің түрлі медальдар алып жатқанын жиі көретін болдық. Мен оларды сол кездегі бізді оқытқан ағай-апайлармен салыстырамын. Бір тақтадан басқа ешқандай құрал-сайманы жоқ, екі сыныпты бірге қосып оқытқан мұғалімдердің еңбегі ұшан-теңіз шығар деп ойлаймын. Бірақ, сол мұғалімдер біздің ойымызда өмір бойы ұмтылмайтын жарқын бейне болып қалды. Өзім де өмір бойы мұғалім болып, шәкірт тәрбиелеу ісіне үлес қостым. Мұғалімнің еңбегін мұғалім түсінетін шығар…
Аташбек Әмірқұлұлы,
Көкбастау ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жуалы ауданының
Құрметті ардагері.
Теріс ауылы
