Basty bet
Сот жүйесіндегі мемлекеттік тіл – құқық пен әділет тілі
Мемлекеттік тіл – елдің егемендігін, ұлттық бірегейлігін және мемлекеттік басқару жүйесінің тұтастығын айқындайтын маңызды құндылықтардың бірі. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бұл конституциялық норма мемлекеттік органдардың, соның ішінде сот жүйесінің қызметінде де айрықша маңызға ие.
Сот – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін мемлекеттік биліктің маңызды институты. Сондықтан сот төрелігін жүзеге асыру барысында мемлекеттік тілдің қолданылуы тек тіл саясатының мәселесі емес, сонымен қатар азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігі мен құқықтарын толық жүзеге асыруының кепілі болып табылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот ісін жүргізу мемлекеттік тілде жүзеге асырылады, ал орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар ресми түрде қолданылады. Қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде басқа тілдер де қолданылуы мүмкін.
Сот ісін жүргізу тілін дұрыс анықтау – процеске қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз етудің маңызды шарты. Жоғарғы Соттың сот ісін жүргізу тіліне қатысты нормативтік қаулысында сот ісін жүргізу тілі қағидатын сақтау сот процесіне қатысатын адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін құқықтық кепіл екені көрсетілген.
Бұл жерде мемлекеттік тілдің қолданылуы белгілі бір азаматқа немесе процеске қатысушыға қандай да бір тілдік шектеу қою дегенді білдірмейді. Керісінше, әрбір адамның өз құқықтарын толық түсінуіне жағдай жасау маңызды. Сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдарға заңда көзделген тәртіппен аудармашының көмегі көрсетіледі және ана тілінде немесе өзі меңгерген тілде сөйлеу мүмкіндігі беріледі.
Қазіргі таңда сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге ерекше мән берілуде. Бұл бағыттағы жұмыс сот актілерін, процессуалдық құжаттарды сапалы қазақ тілінде әзірлеумен ғана шектелмейді. Судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби құқықтық терминологияны дұрыс қолдануы, азаматтармен мемлекеттік тілде еркін қарым-қатынас жасауы да маңызды.
Заң тілі – қарапайым тілден өзгеше. Бір ғана құқықтық терминнің дұрыс қолданылмауы құқықтық норманың мазмұнын бұрмалауы мүмкін. Сондықтан сот жүйесінде мемлекеттік тілді дамыту мәселесі ең алдымен құқықтық тілдің сапасын арттырумен тығыз байланысты.
Мемлекеттік тілдегі сапалы сот актісі – заң талаптарын дәл жеткізетін, мазмұны түсінікті және құқықтық тұрғыдан сауатты құжат болуы тиіс. Бұл ретте судьяның тілдік сауаттылығы мен кәсіби білімі өзара сабақтасып жатады.
Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде орнығуы бір күнде қалыптасатын үдеріс емес. Ол судьялардың, сот қызметкерлерінің, адвокаттардың, прокурорлардың және жалпы заң қоғамдастығының бірлескен еңбегін талап етеді. Әсіресе жас заңгерлердің қазақ тіліндегі кәсіби құқықтық сөздік қорын қалыптастыруына, заң терминдерін меңгеруіне және сот тәжірибесінде дұрыс қолдануына жағдай жасау маңызды.
Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің дамуы – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерумен қатар, азамат пен сот арасындағы байланысты нығайтудың да бір жолы. Себебі сотқа жүгінген азамат өзінің құқықтары мен міндеттерін анық әрі түсінікті тілде білуге тиіс.
Мемлекеттік тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол заң мен әділетті жеткізудің тілі. Сондықтан сот жүйесінде қазақ тілінің сапалы әрі кеңінен қолданылуы – құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған маңызды міндет.
Әділеттің айнасы саналатын сот саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – уақыт талабы. Заңды құрметтеу мен мемлекеттік тілді құрметтеу бір-бірімен сабақтас ұғымдар. Мемлекеттік тілде сапалы сот төрелігін қамтамасыз ету арқылы біз заң талаптарының халыққа түсінікті болуына, азаматтардың сотқа деген сенімінің нығаюына және құқықтық мәдениеттің қалыптасуына үлес қоса аламыз.
Жуалы аудандық сотының
төрағасы м.а.
Айдарбек Замбаев