Basty bet
Тірлігі тындырымды, еңбегі өнімді
Адал еңбек арқылы кәсіптің көзін табумен бірге, атакәсіпті дамытып, сол арқылы отбасылық табысын да арттырып, ел құрметіне бөленіп отырған еңбек адамдары жайлы газеттің әрбір нөмірінде қалам тербеп келеміз.
Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Шыңбұлақ ауылында да мұндай еңбексүйгіш азаматтар аз емес. Соның бірі – Марат Әлиев. Еңбекқор азамат «Ғалымжан» шаруа қожалығының жұмысын 2000-шы жылдан бері лайықты жүргізіп келеді. Еңбекке ерте араласқан Марат Алтынбекұлы ауылда егін шаруашылығымен қатар, атакәсіпті қолға алған тәжірбиелі азамат. Отбасы мүшелерімен бірге еңбек ету арқылы аяққа нық нұрған шаруашылықта бірқатар оңды істер де бар.
Шаруашылық басшысы 2020 жылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, оған лизинг жүйесімен трактор сатып алып, егін шаруашылығын дамытуға біржолата бет бұрады. 2023 жылы екінші рет несие алып, иелігіндегі екі тракторды жаңартқанын айтады. Одан бөлек, шаруашылықтың иелігінде ауыл шаруашылығы техникаларынан бір астық дәнін жинайтын комбайн, шөп турайтын және шөп тайлайтын тіркемелері науқандық жұмыстарға жарап-ақ тұр..
Бүгінде аяққа нық тұрған «Ғалымжан» шаруа қожалығында 300 гектарға жуық егістік жер бар. Жыл сайын оның 70 гектарына мал азығына қажетті көпжылдық шөп түрлері егілсе, ал қалғанына жаздық арпа егіледі. Әрекет бар жерде берекеттің де онша қашық емес екенін жақсы білетін еңбексүйгіш азамат жыл он екі ай бейнет ете жүріп, егістік алқаптан мол өнім алуға қол жеткізіп отыр.
Ауыл тұрғындарының күнкөрісі мен табыс көзіне айналған атакәсіптің бірі мал шаруашылығы болса, қазір шаруашылықтың иелігінде 70 бас сауынды сиыр, оған қоса, ет бағытында өсіріп отырған бірнеше бас ірі қара малы бар. Шаруашылықта төрт түлік малдың басын көбейту ісіне мықтап ден қойылып отыр. Осыған сәйкес, мал азығының мол болуы да төрт түліктің қыстан қысылмай шығуының кепілі.
Шаруашылыққа басшылық жасап, оның жұмысын ұзақ жылдан бері жүйелі жүргізіп келе жатқан іскер азамат Марат Алтынбекұлының ерен еңбегі жас ұрпаққа үлгі деуге әбден лайық. Шаруа азаматтың еңбекті сүйетіні, алға қойған мақсатқа жету үшін әрбір істі бағамдауы мен оны басты ұстанымына айналдырғаны оның тындырымды тірлігінен анық байқалады…
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»