Basty bet

Оңтүстік аймақтық оқыту семинары өтті

Бүгінгі білім беру саласының алдында тұрған басты міндет – креативті ойлай алатын, жан-жақты белсенді әрекет ететін тұлға тәрбиелеу. Бүгінгі таңдағы қоғам кәсіби білімі жетік, құзіретті, бәсекеге қабілетті мамандарды талап етеді. Білікті ұстаз, білімді маман болу үшін әрбір мұғалім өз білімін үздіксіз жетілдіріп отыруы тиіс. Білімін тұрақты көтеріп отыру – мұғалімдердің құқықтары әрі міндеттері, білім беру жүйесінің тұрақты дамуының кепілі, мемлекеттің дамуының құралы болып табылады.
Осы орайда жуырда «Қазақстанның ауылдық мектептеріндегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасының әдістемелік қолдау жоспарын іске асыру мақсатында “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ “Білім беру бағдарламалары орталығы” филиалы мен Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің бірлесіп ұйымдастыруымен (ресурстық орталық) “Оқушылардың зерттеу дағдыларын дамыту” тақырыбында оңтүстік аймақтық оқыту семинары өтті.
Тәжірибелік семинарға Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарынан физика, химия, биология, география, тарих, көркем еңбек, музыка пәндерінен дәріс беретін 100-ден астам педагог қатысты. Оқыту семинарының мазмұны оқушылардың функционалды және цифрлық сауаттылығын қалыптастыру мен зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталды.
Семинарда Астана қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалы «Білім беру бағдарламалары орталығының» бөлім басшысы Дарқан Сейтмолдинов, орталықтың аға әдіскерлері биология пәнінің маманы Азиза Абдурахманова, химия пәнінің маманы Лилия Алтынбаева, сонымен қатар оңтүстік аймақта орналасқан «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ білікті педагогтері өзара тәжірибе алмасты.
Семинарда тәжірибелік оқытуға баса назар аударылды. Іс-шараға қатысушылар оқу бағдарламасындағы тақырыптарды және оқу мақсаттарын жан-жақты қарастырды. Екі күнге созылған семинар жұмысында тірек мектеп-лицей педагогтері қатысушыларға тәжірибелік жұмыстар жүргізіп, қосымша білім беру бағытындағы атқарылған жұмыстарымен тәжірибе алмасты.
Семинар барысында мұғалімдер оқытудың заманауи әдістері мен технологияларымен танысып, оқу тапсырмаларын әзірлеу әдістемелерін игерді. Ұсынылған шеберлік-сағаттар арқылы мұғалімдерге педагогикадағы заманауи әдіс-тәсілдерді сабақ барысында (тәжірибеде) қолданудың тиімді жолдары көрсетілді. Семинар Қайрат ауылындағы Батыр Бауыржан Момышұлының тарихи мұражайына экскурсия жасаумен жалғасты.

Қалампыр Сапаева,
Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицей
директорының ғылыми-
әдістемелік жұмысы
жөніндегі орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close