Basty bet

Жылыжайдағы берекелі тірлік

Бәйтерек ауылының тұрғыны Баһадүр Арыстановтың жылыжай кәсібімен айналысып жүргеніне биыл үшінші жыл. Диқан жыл сайын қиярдың түрлі сортын егіп, тәжірибе жинап келеді.
Өз қаражатына алты соттық жерге салған жылыжайына биыл сәуір айында отырғызған қиярынан төртінші рет өнімін жинап өткізіп келіпті. Бір жинағанда шамамен 200-300 келідей жинайтын Баһадүр аға.
-Жылыжай соғуға 1,5 миллиондай қаржы жұмсадым. Биыл үшінші жыл қияр ектік.
Қиярдың тұқымын Тараз қаласындағы агродүкеннен аламыз. Тәжірибе болу үшін жыл сайын түрлі сортын егудеміз. Биыл еккен “Северин” сорты жақсы өнім береді екен. Алғашқы жылы тәжірибеміз жоқ болғандықтан еккен қиярымыз қайта-қайта ауыра берді. Сосын агрономнан кеңес алдым. Сөйтсем, суғарып жүрген құдықтың суы оған суық болады екен. Сондықтан қазір арықтың суымен, яғни таудың суымен суғарып жүрміз.
Бау-бақшаның жұмысы көп қой. Бір жағының арам шөбін жұлып бітсең, екінші жағы шығып тұрады. Сондықтан биыл жұмысымызды жеңілдету үшін арнайы клеенка төсеп ектік. Бұл әдіс жақсы екен, жұмысымыз едәуір жеңілдеп қалды.
Қиярдың мұртшаларын уақтылы жұлып тұрмасаң, жақсы өнім бермейді. Одан бөлек жапырақтардың жанынан шығатын шағын да уақтылы жұлып тастау керек.
Жылыжайда таңертең және кешке отбасымызбен жұмыс істейміз. Түс мезгілінде мұнда кіру мүмкін емес, өте ыстық болады.
Өнім әр кезде әр қалай. Екі-үш күнде азанда-кешке суғарамыз. Қиярлар тамшылатып суғару әдісімен суғарылады. Күн жақсы ысыса, өнім де жақсы болады.
Тұқымды жыл сайын сәуір айында егеміз. 40-45 күнде қияр өнім береді. Содан қара күзге дейін өнім береді.
Бұл – біздің отбасылық кәсібіміз. Бұдан бөлек азын-аулақ малымыз бар,- дейді Баһадүр Жаппарқұлұлы.
Диқан жолдасы екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Балалардың алды студент болса, кейінгілері әлі кішкентай.
Еңбекқор отбасы осылай кәсібін дөңгелетіп, көп іс тындыруда. Есік алдынан үлкен үйдің іргетасын қалап қойған. Жұбайы қорасындағы бес сиырын сауып, сүтін өткізбей құрт, майын жасап қалаға өткізіп, отбасының нәсібесін арттырып отыр.
Баһадүр аға жылыжайды ағашпен соққан. Мұндағы жұмыс та ауыр. Шымкенттегі соңғы үлгідегі заманауи шетелдік қондырғылармен жабдықталған жылыжайлармен салыстырғанда арасы жер мен көктей. Онда жұмыс едәуір жеңіл.
Біздің жуалылық диқандардың да мақсаты – заманауи жылыжайларға қол жеткізу.
“Әрекет түбі – берекет”, “Қимылдаған қыр асады” деген дана халқымыз. Жуалылық диқандар талай биіктерді бағындыратына сенім білдіреміз. Алла істеріне береке берсін!

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close