Basty bet

Қазақстан – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде

Маусым айында Қазақстан алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға уақытша мүшесі болып сайланды. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Әлем елдері қуаттап, сенім артқан бұл мүшелік нені білдіреді және еліміз өзінің жаңа мәртебесін қалай пайдаланғалы отыр?
Әлемдік кеңестегі келелі миссия
Қазақстан бәсекелестік анағұрлым жоғары болып табылатын Азия мемлекеттері тобынан сайланғаны мәлім. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке 53 мемлекет үміткер бола алса, бұл топта жеңіске жету қалғандарына қарағанда күрделірек еді.
Сөйтіп, Азия-Тынық мұхиты аймағы мемлекеттері атынан ақырғы сында екі үміткер – Қазақстан мен Таиланд Корольдігі қалған болатын. Ұлы дала елі бұл сайлауда 55 дауыс жинаған жалғыз бәсекелесінен басым түсті. Дауыс берушілердің үштен екісінің қолдауына ие болып, Қауіпсіздік Кеңесіне 2 жылға тұрақты емес мүше болып сайланған еліміз енді 1 қаңтардан бастап қызметін бастайды. Қазақстанның осынау әлем мемлекеттерінің тұрақтылығын құрметтеп, бейбітшілігін қолдайтын беделді ұйымның жұмысына атсалысуға талпынысы оның халықаралық қоғамдастықтағы рөлімен, БҰҰ құрылымдық бөлімшелерімен жемісті әрі тығыз қарым-қатынастарымен тікелей сабақтасып жатыр. Президент Н.Назарбаев бұл мақсаттың негізінде Қазақстанның Орталық Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың діңгегі болуға, бейбітшілікті орнықтыруда және халықтар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде сенімді әріптес болуға деген ұмтылысы жатқандығын айрықша атап өткен болатын.
Бүгінде әлемдік қауымдастық Қазақстанды Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бейбіт даму жолын таңдаған, жаһандық қауіпсіздік бастамаларын көтеріп келе жатқан жасампаз ел ретінде таниды. Қарусыздану саясатының айрықша үлгісін паш еткен Қазақстан мен оның басшысының Семей ядролық полигонын жабуы, әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуы халықаралық қоғамдастықта үлкен қолдауға ие болды. Бұл қадам жаһандық диалогқа тың серпін беріп, жаңа, бейбітшіл мемлекеттің өзіндік символына айналды. Осы жолмен халықаралық қауіпсіздік саласындағы тың бастамаларды одан әрі жүзеге асыру арқылы еліміздің абыройы артып, беделі биіктеді. Қазақстан көшін бастаған Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ ресми құжаты ретінде тіркелуі де бұл жетістіктің жолын жақындата түсті. БҰҰ ҚК мүшесінің уақытша мәртебесінің өзі Қазақстанға басты сыртқы саяси және экономикалық серіктестері ретінде өз маңыздылығын арттыруға, халықаралық келіссөздердегі позициясын нығайтуға, жаңа байланыстарды реттеуге және дәстүрлі байланыстарды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Еуразия кеңістігіндегі ерен фактор
Сыртқы істер ведомствосының басшысы Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы аймақтың шиеленісті жағдайларына әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға, мемлекеттің халықаралық бастамаларын іске асыруға, Астананың жаһандық мәселелерде маңызды рөл атқарып, «Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық факторы» ретінде Қазақстанның имиджін көтеруге себеп болмақ.
Қазақстан БҰҰ ҚК тұрақсыз мүшесі болуға ниеті жайлы 2010 жылы баршаға жария еткен болатын. Үш жылдан кейін Астана өз үміткерлігін сүйемелдеу бойынша ресми науқанды бастады. Науқан Қазақстанның 2014-2020 жылдарға сыртқы саясаты Тұжырымдамасына негізделеді, оған сәйкес халықаралық ұйымдарға белсенді қатысуы елдің ұлттық мүдделерін қорғаудың және барынша танымалдығын қамтамасыз етудің маңызды құралы, сондай-ақ аймақтық және жаһандық сыртқы саясатының қозғаушы күші болып табылады. Аталған науқан аясында халықаралық ынтымақтастықтың төрт басымдық салалары – азық-түлік, су, энергетика және ядролық қауіпсіздікті қоса алғанда БҰҰ ҚК-мен байланысты трансұлттық қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан жеке тәжірибесіне қарай отырып, осы салаларға назар аударады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысына кірісерде Қазақстан ауқымды халықаралық тәжірибе жинақтады. Атап айтқанда, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы бастамасы, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру, қауіпсіз жаңа әлем мен әділеттілікке негізделген G-Global бастамасы Қазақстанды әлемде саяси сенім қалыптастырушы көшбасшы ретінде танытты. Халықаралық қоғамдастықты ядросыз әлем құруға, кез келген соғыс түрін болдырмай, оның алдын алуға шақырған Қазақстан Президентінің «әлем. ХХІ ғасыр» манифесі БҰҰ-ның ресми құжатына айналды. Еліміз 2011 жылы ИЫҰ-ға төрағалық етті, ШЫҰ-ына жетекшілік етті.
Сөз жоқ, соңғы кездері Орталық Азия милитаризация, әскери қақтығыстар байқалып отырған Еуразия континентіндегі қауіпсіздік үшін өзекті болып қалады. Сондықтан игі бастамалар жаршысы – Қазақстанның бұл өңірдің атынан БҰҰ ҚК-те мүшелік етуі қисынды да әділетті шешім екендігі даусыз. Десек те, өңірлік мәселелерге топталған бұл ұйымдардан БҰҰ-ның айырмашылығы – ол жаһандық деңгейде жұмыс істейтін ұйым. Яғни, БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігін алу Қазақстанға әлемдік қауіпсіздікке бағытталған тың идеяларды алға жылжытуға мүмкіндік береді. Қауіпсіздік Кеңесі шеңберінде атқаратын жұмысының төрт басым бағытын: ядролық, энергетикалық, су және азық-түлік қауіпсіздігін әлемнің көпжақты дипломатиясының ең басты алаңында ілгерілете отырып, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесімен, жалпы БҰҰ-ға мүше барлық әріптестерімен өте тығыз іс-қимыл жасауға ниет білдіріп отыр.
Төрт басым бағыт
1. Ядролық қауіпсіздік. КСРО тарағаннан кейін Қазақстан әлемдегі төртінші атомдық қару арсеналын иелену мен оны жеткізу құралдарынан бас тартты. Атап өтерлігі, Қазақстан – барланған уран қоры (1,6 млн. т немесе әлемдік белгілі қордың 12% шамасында) бойынша Австралиядан кейінгі әлемдегі екінші ел. Қазақстан аумағында МАГАТЭ туы астында атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған төмен байытылған ядролық отын банкі құрылуда. Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда жер бетінде жұмыс істеп тұрған 400-ден астам атом электр станцияларының отындары әртүрлі. Олардың әрқайсысының радиациялық қаупі бар. Егер солардың бәрі төмен байытылған уранға көшетін болса, бұл лаңкестерге қойылған үлкен тосқауыл болмақ. Сонда әр атом электр станциясының өз отыны болады және олар бір-біріне сәйкес келе бермейді. Ал төмен байытылған ядролық отын болашақта оны тиімді әрі қауіпсіз етудің негізін қаламақ. Қазақстан 2015 жылы БҰҰ БА қабылдаған Ядролық азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларациясының ережелерін алға жылжытуға ниетті. Әңгіме БҰҰ бақылауымен жаһандық ядролық қауіпсіздік жүйесін құру жөнінде болып отыр. Сонымен бірге, Қазақстанның бәлкім украин шиеленісін шешуде де БҰҰ атынан өкілдікке сай келетін ең мінсіз үміткерлердің бірі болуы мүмкін екендігі маңызды. Қазақстан БҰҰ ҚК-нің үшеуі қалған екеуіне санкция салған мүшелерінің сеніміне ие болуымен қоса, мәдени, тарихи және психологиялық жақындығына байланысты, Украина секілді посткеңестік елдің проблемасын өте жақсы түсінеді. Бұл ретте БҰҰ мандатын қолға алған еліміз, халықаралық көмек қорын құра отырып, Украинаның әскери қақтығыстардан зардап шеккен шығыс аумағын қалпына келтіру, Минск келісімінің орындалуын қадағалау, қала берді шиеленістің бірде-бір тарапына басымдық бермей, бітімгерлік операцияларға қатысу сынды көптеген игі іс-қимылдар жүргізе алады.
2. Энергетикалық қауіпсіздік. Бүгінде Қазақстан дәстүрлі және баламалы энергетиканы ілгерілетуге мол күш пен қарқын салуда. МАГАТЭ туы астында төмен байытылған ядролық отын банкін құрумен бірге, Астана ХХІ ғасырда орнықты даму үшін жаһандық энергоэкологиялық стратегиясын әзірледі. Қазіргі күні қабылданбаса да, ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің шикізат биржасы жұмысын іске қосу жолымен энергоресурстарға баға қалыптастыруға ортақ шешімдерін қарастыратын Еуразияның энергетикалық стратегиясын жасады. Сондай-ақ Қазақстан Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ) шеңберінде энергетикалық салада технологиялық әріптестік бойынша шаралар жоспарын қабылдауға бастама көтерді. Ал келер жылы елордамызда өтетін халықаралық мамандандырылған көрменің басты ұраны – «Болашақтың энергиясы» болуының да өзіндік терең мәні бар. Жұмыр жерді мекендейтін 7 миллиардтан астам адамзат планетамызда энергетикалық тапшылықтың күннен-күнге белең алып бара жатқанын ашық мойындауда. Демек, «ЭКСПО-2017» аясында адамзат ертеңінің негізін айқындайтын энергетикалық қуат көздерінің болашағы таразыланатын болады.
3. Су қауіпсіздігі. Тұщы судың жетіспеушілігі – ХХІ ғасырдың ең негізгі проблемаларының бірі. Мәселен, БҰҰ есебі бойынша, егер жағдай өзгермесе, 2050 жылға қарай Жердің 2 млрд. тұрғыны су тапшылығын сезінетін болады. Бұл тұрғыда Орталық Азия үлкен тәуекелге шалдыққыш өңірге жатады. Атап өтерлігі, Қазақстан Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіруде едәуір жетістікке жетті. Орталық Азиядағы су қорының тапшылығы жағдайында су-энергетикалық ресурстарды өңірдегі елдердің бірлесе тиімді пайдалануы үшін күш біріктіруі өз алдына бір төбе. Бұл ретте Қазақстан көршілес мемлекеттермен бірлесіп трансшекаралық өзендердің проблемаларын, соның ішінде су бөлу мәселелерін шешуге қатысуда. Сондықтан еліміз су ресурстарын тиімді пайдалану, қайта қалпына келтіру және сақтау бойынша бастамаларды ілгерілетуге ден қояды.
4. Азық-түлік қауіпсіздігі. Тұщы судың тапшылығы ауыл шаруашылығының дамуына кедергі жасап, азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіні белгілі. Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы жыл сайын жалпы азық-түлік бағаларының төмендеуін белгілегеніне қарамастан, әлемде 800 миллион адам асқа жарымайды. Осыған орай Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) аясында ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы ұйымдардың мүшелерін үйлестіріп, аштықпен күресетін Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымын құруға бастама көтерді. Астана Ауғанстанға шиеленстен кейінгі кезеңде азық-түлік жеткізіп, гуманитарлық көмек көрсетуге қатысты. Өткен жылы Қазақстан Қырғызстанға ЕАЭО-ға кіру үшін жол картасы ретінде грант түрінде $100 млн. бөлді. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігі аясында дмушы елдерге көмек көрсету мақсатында Қазақстанда арнайы Дамуға көмек туралы заң қабылданып, оны жүзеге асыру үшін үкіметтік орган (KazAID) құрылды. Ал Қауіпсіздік Кеңесі аясындағы ұсыныстар аштықпен әлемдік деңгейде күресуді қамтитын болады.

Мақала интернет мәліметтерінің негізінде әзірленген

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close