Basty bet

Әділетті Қазақстанды құрудағы әріптестік

Азаматтық форумда түрлі мәселелер көтерілді

Апта басында Тараз қаласында “Мемлекет. Қоғам. Бизнес. Әділетті Қазақстанды құрудағы әріптестік” тақырыбындағы Жамбыл облысының ХІ азаматтық форумы өтті.

Форумға аудан әкімдерінің орынбасарлары, тиісті бөлім басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңестің төрағалары мен облыстық, аудандық басылымдардың Бас редакторлары қатысты.
Азаматтық форум үш секциямен басталды.
Панельдік секциялар “Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі”, “Бизнес, үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік органдар арасындағы диалог” және “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” деп аталды.
Әр секцияда алауан түрлі мәселелер көтеріліп, қызу пікірталас туды.
Оның ішінде “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” секциясында билік пен бұқара арасындағы ашық байланысты кеңейтудің жолдары сөз болды. Секцияға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымоваға қазіргі уақытта ең өзекті болып тұрған су тапшылығы мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудағы кедергілер жөнінде сауал қойылды.
Форумға қатысушылар Шерхан Мұртаза атындағы “Руханият” орталығында ұйымдастырылған “Тараз – қолөнершілер қаласы” атты көрменің жұмысымен танысты.
Аталған ғимараттың көрме залында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен форумның пленарлық отырысы өтті.
Отырыс облыс басшысының кіріспе сөзімен басталды.
-Азаматтық форум – азаматтық қоғам дамуының негізгі серіктесі. Аталған форумның аясында үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйым, “Халық үніне құлақ асатын мемлекет құрудың негізгі тетіктері болып табылатынына сенімім мол. Азаматтық қоғам өзіндік ой-пікірлері мен бағыты айқындалған, қызметін заң аясында жүзеге асыратын орта қалыптастыратыны белгілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында “Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарында азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет” деді. Әлеуметтік-экономикалық дамудың демократиялық құндылықтарының ел игілігіне айналуындағы алғы- шарттардың бірі – азаматтық қоғамның белсенділігінің нәтижесі. Республика бойынша 23 335 үкіметтік емес ұйым тіркелсе, біздің өңірде 878 ұйым бар. Оның 500-ге жуығы облыстың түрлі саласында белсенді жұмыс істеп отыр. Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері президенттік сайлауда, жалпыхалықтық референдумда, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат сайлауларында бақылаушы, сарапшы ретінде жұмыстарын көрсетіп жүр. Олар халықтың маңызды мәселелерін көтеруде де белсенділіктерін жылдан-жылға арттырып келеді. Дегенмен, бұл бастамашылық сындарлы диалог ретінде жүзеге асуы керек деп есептейміз,- деген облыс әкімі форум жұмысына сәттілік тіледі.
Форумда мәдениет және ақпарат вице-министрінің міндетін атқарушы Данияр Қадыров, республикалық Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева және “Шебер шаңырақ” мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Анар Бексұлтанова сөйледі. Сонымен бірге “Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы” заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Исламбек Дастан сөз сөйлеп, форумның эстафетасын Қарағанды қаласына тапсырды.
Кезек марапаттауларға берілді.
Облыс әкімі Е.Қарашөкеев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтық қоғам өкілдерін “Облысқа сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісімен марапаттады. Мұндай жоғары марапат біздің ауданнан Эсмира Мамедоваға тапсырылды.
Сонымен бірге аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нүрила Мәлібекова және “Тұлға психологиялық кеңес беру және тренинг жүргізу орталығы” қоғамдық қорының президенті Зейнеп Дәуреноваға облыс әкімінің Алғысхаты табысталды.
Форум барысында үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету шараларын, соның ішінде гранттарды қаржыландыру және маңызды жазбаларды жүзеге асыру мақсатында өңірдегі ірі кәсіпорындармен үшжақты меморандумға қол қойылды.
Форум үкіметтік емес ұйымдарға арналған шеберлік сыныптармен жалғасты.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close