Basty bet

Этнос өкілдерІмен кездесіп, пікір алмасты

Өткен жұмада аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Жалғас Мұртаза өңірдегі этнос өкілдерімен кездесіп, пікір алмасты. Ондағы мақсат – аудан халқының өзара бірлігі мен ынтымағын арттырып, сол арқылы өңірдің гүлденуіне жол ашу. Сонымен қатар, жас буынды ата-бабалардың ақ жолымен адалдыққа, әділдікке, ашықтыққа, тиісінше, сол арқылы адал еңбекке тәрбиелеу.

Айта кететін болсақ, қасиетті Жуалы өңірі көпұлтты аудан саналады. Бұл өңірде тұратын түрлі ұлттың өкілдері Жуалы жерін қасиетті алтын бесігі санайды. Ежелден береке-бірлігі мен достығы жарасып, адал әрі қажырлы еңбекті ту еткен аудан жұртшылығы өзара ынтымақтастықта өмір кешіп келеді. Жалпы, біздің ауданымызда 54 мыңға жуық адам тұратын болса, оның 10%-ын, яғни 5 (бес) мыңнан астамын өзге ұлттардың өкілдері құрайды.
Атап айтқанда, Б.Момышұлы ауылы және Ақтөбе, Көкбастау, Мыңбұлақ, Нұрлыкент, Қарасаз ауылдық округтерінде өзге ұлт өкілдерімен қатар, «Нұрлы көш» бағдарламасымен осынау қасиетті топыраққа шет мемлекеттерден қоныс аударған қандас азаматтар тірлік кешуде.
Кездесу барысында аудан әкімі Жалғас Алижанұлы, Қазақстан Республикасында шоғырланған түрлі этнос өкілдерінің ел экономикасына, халық руханияты мен мәдениетінің дамуына, салт-дәстүрлерінің өз деңгейінде дәріптелуіне қосып отырған үлестерінің қомақты екенін баса айтып, ел ішінде, өңірімізде қоғамдық бірлік пен ынтымақты, ұлтаралық һәм этносаралық татулықтың нығаюына өзінің азаматтық ұстанымымен және отбасы мүшелерімен бірге үлес қосып отырған азаматтардың еңбегін ерекше атап өтті.
Басқосуда Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Марат Қасымбеков аудан орталығында тұратын этнос өкілдерінің тыныс-тіршілігі, олардың ауданның дамуына қосып отырған үлесін айтса, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ-ның Жуалы аудандық бөлімшесінің директоры Шора Ысқақов аудандағы қандас бауырлардың тыныс-тіршілігін кеңінен әңгімеледі.
Сондай-ақ, кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов сөз сөйлеп, аудан халқының береке-бірлігін арттыруға, жастардың тәрбиесіне бағытталып атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарын атап өтті.
Жиынды аудан әкімі Ж.Мұртаза қорыта келе, бірлік бар жерде ғана жүйелі әрі берекелі тірліктің болатынын, берекенің бастауы бірлікте екенін баса айтып, кездесуге арнайы шақырылған этнос өкілдерінің атқарып жатқан жұмыстарына бақ-береке тілейтінін жеткізді. Одан бөлек, жиынға қатысушы азаматтар да аудан басшысының жұмысына сәттілік тілеп, қолға алған істерінің оң болуына тілектес екендіктерін жеткізді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close