Basty bet

ТәттI тортты «Мечтадан» ғана табасың…

Бүгінде сан түрлі маман арасында кондитер саласы да қалыс қалған емес. Қандай да бір мереке немесе туған күн кештерінде арнайы жайылған дастарқан сәнін түрлі көлемдегі торттар келтіріп тұратыны анық.
Кондитерлік шағын кәсіп түрі болғанымен, қазіргі таңда үйде пісірілген тәтті тағамдар сұранысқа ие. Себебі, ерекше тәтті тағамдарды пісірумен қатар оны безендірудің өзі – бір өнер болып табылады. Ауданда да сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, түрлі тәттілерімен көпшілік ризашылығына бөленіп отырған сала мамандары да жетерлік. Соның ішінде тәтті тағамдарды пісіруге қызығып, оны кәсіпке, табыс көзіне айналдыра білген – Екатерина Беспалова. Ол кішкентайынан тәтті-тағамдарды пісіруге, дайындауға қызығушылық танытады. Уақыт өте сол арманын жүзеге асыру мақсатында аудан орталығынан сыңары Тамара екеуі «Мечта» деп аталатын кондитерлік өнімдер сататын шағын кәсіпкерлік ашады.
-Иә, кондитер мамандығы – бүгінгі сұранысқа ие саланың бірі. Қыз баласы болған соң кішкентайымнан торт пісіруге қатты қызығатынмын. Ең алғаш отбасыма тәтті бәліш пісіруден басталған болатын. Кондитерлік өнер қыз-келіншектер арасындағы ең ауқымды, бәсекеге толы бизнес деп айтсам да болады. Әрі қарай үйде отырып, яғни қолда бар заттармен торттар пісіре бастадым. Бірақ сыңарым Тамара шағын кондитерлік орын ашайық деп мені үгіттеді. Ары ойлана, бері ойлана өйткені кәсіп ашу үшін ең бірінші адамға қаражат қажет. Тамара екеуміз жинаған қаражатқа ғимарат іздестіріп, оның ішіне жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Әр қарай торт пісіруге қажетті пеш, сапалы араластырғыш секілді керекті заттарды алып, кәсібімізді дамыта бастадық. Бүгінгі күні аудан орталығынан «Мечта» деп аталатын шағын кондитерлік дүкен аштық. Әртүрлі торт, бәліш және барлық десерт түрлерін жасаймыз. Сонымен бірге жанымызға көмекші қыздар алып, күнделікті түрлі тәтті тағамдарды ұсынудамыз. Сондай-ақ өзімнің тұрақты сатып алушыларымыз да бар. Алдағы уақытта кәсіби біліктілігімізді дамытып, әлі де кеңейту жоспарда бар,- дейді Екатерина Александровна.
Кондитерлік дүкеннің «Мечта» деп аталуының өзіндік мәні бар. Өйткені шағын кәсіпті ашуға қанша еңбекпен тер төгілді. Біз үшін үлкен арманмен, үмітпен ашылған кәсіп.
Бұл жұмыстың басым ауыртпашылығы негізінен сыңары Тамараға түседі. Өйткені Тамара көбінесе осы кәсіптің басы-қасында жүреді. Бұл жердегі жұмыс таңертеңгі сағат 9:00-ден басталып кешкі 18.00-ге дейін жалғасады. Кондитерлік өнімдерді тұтынушылар әрқашанда дайындалған заттың сапасына мән береді. Себебі, сіздің сатып алған тәттіңіз дәмсіз болып тұрса ол жерге сіз қайтып бармайтыныңыз анық. Апалы-сіңлі Екатерина мен Тамара қазіргі таңда төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл жерде пісірілетін әрбір торттың құрамы есептеліп салынады. Өйткені, бұл жерде әр грамм үлкен рөл атқарады. Бұл кондитерлікті ашудағы мақсаттары аудан тұрғындарына сапалы, табиғи өнім ұсыну. Тәтті бәліштің құрамына керек заттардың бағасы да күннен-күнге қымбаттауда.
-Бұл жерде біз тек қана өзіміз дайындаған өңімдерді сатамыз. Өзіміздің тұрақты тұтынушыларымыз бар. Олар біздің тәтті бәлішімізге алдын ала тапсырыс беріп қояды. Біз қай заттың болсын балғын болып тұрғанын қалаймыз. Яғни аудан тұрғындарына тек қана таза, балғын зат ұсынғымыз келеді. Әр дайындалған заттың өзіндік сақталу уақыты болады. Сол үшін біз торттарды көбінесе тапсырыс арқылы дайындаймыз. Артығымен дайындалған тәтті бәліштеріміз тұрып қалса, оның сақтау мерзімі өтіп кетеді. Бізден келіп тәтті бәліштер сатып алатын аудан тұрғындары әрқашан өздерінің ризашылықтарын айтып жүреді. Біз олардың алғысынан сөздерден шабыт алып, әрі қарай одан да тәтті, әдемі тәттілерді дайындай бергіміз келеді,- дейді кәсіпкер.
Дамушы мемлекет болғандықтан, бізде кәсіптің қай түріне болсын қолдау бар. Өз кәсібін ашам деген жандарға мемлекет тарапынан қай кезде болсын көмек те болады. Бұл тұрғыда елімізді әрі қарай да дамыту мақсатында өз кәсібін ашып, қоғам айнасына айнала білген кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз.

Баян Оразбаева,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close