Basty bet

Адамның амандығы – қоғамның байлығы

Жаз мезгілі аяқталып, күз келісімен-ақ елдің «Биылғы қыс қандай болады екен?» деген сөзін жиі естиміз. Кейде сары алтын күздің бірде жылы, бірде салқын құбылмалы ауа райы да қыр астында тұрған қыстың мінезін ептеп сездіретіндей. Қыстың қамын жазда ойлағандар жер қара, күн жылыда-ақ отын-суларын қамдап, от жағатын пештерінің арналарын, мұржаларын тазалап, жылыту маусымына сақадай-сай дайын отырады. Бұл әсіресе жеке тұрғын үй секторларында тұратын тұрғындар үшін аса жауапты кезең. Осы ретте, аудан әкімінің бас инспекторы Бақытгүл Жексекеевамен жылыту маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы сұхбаттасқан болатынбыз.
-Бақытгүл Хасенқызы, қысқы жылыту маусымында қандай жағдайда өрт болуы мүмкін?
-Ауа райының салқындауына байланысты қатты отынмен және газбен жылытылатын пештерді орнату және пайдалану ережелерінің бұзылуы, сонымен қатар тұрмыстық электр жылытқыш аспаптарды, яғни, электрлік жылытқыштар, майлы радиаторлар және тағы басқа да құрылғыларды қолдану ережелерінің сақталмауына байланысты өрттердің саны артуы мүмкін.
-Жылыту маусымында, ең бірінші кезекте неден сақтану қажет?
-Қысқы мезгілде үйді немесе ғимаратты жылыту үшін газ жағу айрықша сақтықты қажет етеді. Өйткені, газ жағу кезіндегі салғырттық өрт немесе улану қаупін күшейте түседі. Пештерді жағу үшін бензин, керосин, дизель отынын, май және басқа да тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды пайдалануға болмайды. Белгіленбеген отын түрін пайдалануға, түтіндік ретінде желдеткіш және газ арналарын пайдалануға, отты қатты қыздыруға рұқсат етілмейді. Осындай өрттердің алдын алу мақсатында жылыту пештері мен электржылытқыш аспаптарды қолдану кезінде қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз.
-Аудан тұрғындары өрттің алдын алу, оны болдырмау үшін қандай сақтық шараларын сақтағаны жөн?
-Жалпы, қысқы жылыту маусымына дайындықтың өзі үлкен жауапкершілікті қажет ететін науқан. Мұндай жауапты науқанда әрбір тұрғын өзінің және отбасының қауіпсіздігі үшін жылыту маусымына дайындықты мұқият жүргізгені абзал. Сондай-ақ, тұрғындарға улы газбен уланудың алдын алу үшін келесі шараларды сақтау қажет. Яғни, жылыту маусымының қарсаңында үйдегі пештерді тексеру және жөндеу, барлық түтіндік құбырлары мен олар өтетін қабырғаларды әктеуі тиіс.
Тұрақты түрде, кем дегенде екі айда бір рет түтіндіктер мен пештерді ішінде жиналған күйеден тазартып, пешті пайдаланған кезде көмір толық жанбағанша жапқышты жаппау керек. Көмірді үй ішіндегі алау ошаққа жақпай, үйді жылыту үшін газ плитасын, пештерін пайдаланбай, газ құралдары пайдаланатын бөлмелерде ұйықтамау қажет.
Газ құралдарын қолданған кезде ауа сорғыш құрылғысы қоса орнатылуы тиіс. Одан бөлек, газ құралдары орнатылған бөлмелерді әрқашан желдетіп тұруды да естен шығармаған жөн. Жылыту маусымы кезінде жоғарыда аталған ұсынымдарды қатаң сақтай білсек, улы газбен улану оқиғаларына жол берілмейді.
-Осы ретте, жылыту маусымында балалардың қауіпсіздігі үшін тұрғындар қандай жағдайды ескергені дұрыс? Өйткені, қазіргі таңда қоғамда балалардың үйде жалғыз қалып, газбен улануы, олардың абайсызда жасалған іс-әрекетінің салдарынан өрттің шығуы жиі кездесуде.
– Ең біріншіден, әрбір ата-ана баласының өмірі үшін жауапты. Сол себепті, балаларды үйде қараусыз жалғыз қалдырып, сыртынан жауып кетпеу керек. Олардың отпен ойнауына жол бермеу қажет. Сонымен қатар, жылыту пештерін пайдалану кезінде жағылған пешті караусыз қалдыруға, пештерді қарауды кішкентай балаларға тапсыруға, отынды (ағаш, көмір) және тағы басқа да жанғыш материалдарды пештің алдындағы қаңылтырда қалдыруға болмайды.
Тіпті, қарапайым күнделікті тұрмыста қолданылатын сіріңкенің өзін балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаған жөн. Отбасында әрбір ата-ана балаларына оны қолдануға болмайтынын жиі ескертуі тиіс. Сонымен қатар, жылыту маусымында балаларға пештерден бойын аулақ ұстау керек екені түсіндірілуі керек. Отпен ойнаудың арты орны толмас қайғыға алып келетінін балаларға түсіндіру – ата-ананың басты міндеті. Жалпы, жылыту маусымында, әр адам өз өмірінің қауіпсіздігі мен амандығы үшін аса мұқият болғаны абзал.
-Бақытгүл Хасенқызы, ауданда жылыту маусымына байланысты қандай іс-шаралар атқарылуда?
Біздің негізгі жұмысымыздың мақсаты – алдын алу шаралары мен профилактикалық жұмыстарды жүргізу, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру, қауіпсіз өмірді насихаттау. Осы мақсатта қазіргі таңда барлық ауылдық округтердегі ауылдық Whatsapp желісіндегі чаттарда жылыту маусымындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізілуде. Одан бөлек, ауданда және ауылдық округтерде аулаларды аралап, насихаттау жұмыстары ұйымдастырылуда.
Бұл жұмыстарды аудандық Төтенше жағдайлар және №7 өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері және ауылдық округ әкімшілік аппаратының мамандары жүргізуде. Осы ретте, менің ойымша, ауа райының қолайлы болуын пайдаланып, әрбір аула, ауыл қыс мезгілінің қарсаңында арық-атыздарды қоқыстан, ағаштан түскен жапырақтан тазаласа, онда біз көктемдегі су тасқыны кезеңіне де дайын болар едік.
-Сөз соңында аудан тұрғындарына айтарыңыз бар ма?
-Жуалы ауданының қысы қатал болатыны баршамызға белгілі. Сондықтан аудан азаматтары жылыту маусымына немқұрайдылықпен қарамай, қайта қырағылық танытып, мұқият болса, өз өмірінің қауіпсіздігі мен амандығына кепіл болары сөзсіз. Құрметті, аудан тұрғындары, өрт қауіпсіздігі ережелерін ұмытпаңыздар және оны қатаң сақтаңыздар!
-Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close