Basty bet
Жамбылдық дарынды оқушылар халықаралық, республикалық жарыстардан 343 медаль жеңіп алды
Жамбыл облысының дарынды оқушылары биыл халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 343 медальді иеленді. Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы 14-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын жеңіп алды. Ал, Республикалық олимпиадада қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша І орынды иеленген.
Бұл туралы білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің бірыңғай пленарлық панельдік сессиясының облыстық жиыны барысында айтылды.
Тараз қаласы «Баласағұн» Орталық концерт залында өткен сессияға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, еліміздің әр өңірінен білім саласының қызметкерлері, өңірдегі құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, білім ұйымдарының басшылары, кәсіподақ ұйымының өкілдері офлайн және онлайн режимінде қатысты.
Алдымен теле-көпір арқылы сессияның ресми бөлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауымен ашылды.
Президент құттықтауын Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова оқып берді.
«Сіздерді білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандардың басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды.
Бұл – еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды басқосу. Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Сауатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы» деген. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Сондай-ақ, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та жаңа оқу жылындағы жаңалықтар мен өзгерістерге тоқталып өтті.
Бұдан соң, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов шараның маңыздылығын баса айтып, облыстың білім саласындағы жетістіктері мен атқарылып жатқан жұмыстарды қысқаша баяндады.
– Өңірдегі білім беру саласы түрлі бағыттарда дамып келеді. Ең алдымен жыл сайын қаржыландырудың оң динамикасы облыстың білім беру жүйесін дамытудың негізгі көрсеткіштерінің жақсаруына мүмкіндік берді.
Білім саласында өзінің ерекшеліктерімен әлемдік деңгейде мойындалған бірнеше халықаралық жобалар бар. Соның ішінде, білім жүйесіндегі танымал сарапшылардың баға беруі бойынша объективті тәуелсіз бағалау жүйесі TIMSS, PISA, PIRLS, ICILS халықаралық зерттеулері болып табылады. Осы зерттеулердің нәтижелері бойынша Жамбыл облысы оқушыларының республикадағы көрсеткіштері жоғары деңгейден көрінуде.
Облыстағы орта білім берудегі тәрбие, оқыту үрдістерін дамыту, оқыту сапасын жақсартуға байланысты консультативтік-кеңесші органы, Директорлар кеңесі, «Ұлағат» педагогтер ассоциациясы құрылды.
Оқу-ағарту министрлігі тарапынан білім басқармалары қызметіне жүргізілген кешенді мониторинг нәтижелері бойынша облыстағы оқу-әдістемелік орталығының іс-тәжірибесі республика көлемінде таратылады. Сондай-ақ, балалардың құқықтарын қорғау бойынша да өңірдің оң тәжірибесі республикаға ұсынылды.
Аталған жетістіктер – облыс мұғалімдерінің шығармашылық әлеуетінің жоғары екендігін тағы дәлелдеп отыр,-деді Нұржан Нұржігітов.
Басқосу барысында Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебековаға «Білім беру сапасын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін дамыту туралы», Нидерланды, Апелдорн қаласы, Голландиялық сараптама және сертификаттау ғылыми орталығының директоры Арнольд Дж. Бауэр «RCEC (рси-иси) жүйесі бойынша білім беру сапасын бағалау құралдарын аккредиттеу», «Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев «Ұлттық бірыңғай тестілеудің тақырыптық талдауы білім беру сапасының сыртқы бағалау жүйесі құралдарының бірі», «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымы басқарма төрағасының орынбасары Айдана Шилібекова «Білім алушылардың білімін критериалды бағалау туралы» тақырыптарында баяндама жасады.
Өзге де бірқатар азаматтардың тақырыптық баяндамалары тыңдалды.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі