Basty bet

Ұлттың тілін ұлықтайтын ерекше мереке

Елімізде Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі 5 қыркүйекте атап өтіледі. Оның өзіндік себебі де бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп жас ұрпаққа ұлағатты сөз қалдырып, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күресіп өткен Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы, тіл білімі мен ғылымының негізін салушы ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
Сондықтан қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күні Тіл мерекесі ретінде тойланады. Мемлекеттік тіл – елдіктің белгісі. Тіл әрбір елдің қастерлі де қасиетті байлығы болғандықтан – ол азаматтық патриотизм, мәдени тұтастық және түрлі эстностарды бауырына басқан біздің елдегі ынтымақтастықты нығайтудағы басты құрал.
2017 жылы қазан айының 31 жұлдызында «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақ-стан халқының тілдері күні 5 қыркүйекте атап өтілетін болып ресми бекітілгені белгілі. Тіл мерекесін: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы ешуақытта адамы құрымай жоғалмайды» деп, қоғамдық сананы тіл тазалығын сақтауға үндеген Ұлт ұстазының туған күніне орайластыру – ұлттың тілін ұлықтайтын ерекше мереке және елдігіміздің жарқын айғағы екені сөзсіз.
Ахмет Байтұрсынұлының 145 жылдық мерейтойына орай қабылданған бұл шешім қоғамдық қызметі мен сан салалы шығармашылық тұғыры асқақ тұлғаға жасалған биік тағзымның бір көрінісі. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» екендігін айтып, қазақ халқының азат тағдыры мен тілі үшін күрескен Ахаңның туған күнін тіл мерекесімен ұштастыру – жас ұрпаққа үлкен өнеге болары анық.
Кез келген халықтың ұлттық ерекшелігін танытып, ғасырлар тереңіне бойлауына мүмкіндік беретін қасиетті құралы – тіл. Сүйенетін тамырдан ада болған ел қаңғырған қаңбақтай домаланып, ұлттық құндылықтарынан да қол үзетінін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Ахмет Байтұрсынұлынан қалған «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген аталы сөз уақыт өткен сайын өз өміршеңдігін танытып келеді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Ал ресми тіл ретінде орыс тілі қолданылады. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл саясаты тіл саясатын дамытудың тұжырымдамасының аясында реттеледі десек, елде тіл саясаты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген. Аталған тұжырымдаманың мақсат-міндеттерін Жамбыл облысы Жуалы ауданында іске асыру жөніндегі 2023-2029 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Демек, тұжырымдаманы іске асыру жоғарыда аталған іс-шаралар жоспарының аясында атқарылу үстінде. Жалпы аудан көлемінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетова айтып берді.
-Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын Жамбыл облысы Жуалы ауданында іске асыру жөніндегі 2023-2029 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, мемлекеттік тіл саясаты бағытындағы жұмыстар осының аясында атқарылу үстінде. Тіл саясатын жүзеге асыру бірнеше бағыттан тұрады. Барлығы негізінен жоспарлы шаралар. Атап айтқанда, іс-шаралардың дені өңір тұрғындары арасында мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру, сонымен қатар, өзге ұлттар арасында қазақ тілін үйретуге бағытталған іс-шаралар бар.
Жуалы ауданы халқының басым бөлігі қазақ ұлтынан тұратындықтан, өңірде ұлттар арасында күнделікті өмір барысында қазақ тілін қолдану басымдыққа ие. Осыған сәйкес, өзге ұлттардың арасында мемлекеттік тілді жетік меңгерген азаматтарды да көптеп кездестіруге болады. Осыған нақты мысал ретінде айта кетсем, биыл мамыр айында өзге ұлттардың арасында Тараз қаласында «Ана тілім – ардағым!» атты облыстық байқау өтіп, онда «Жуалы» командасы үздік өнер көрсету арқылы жеңістің ең биік тұғырынан көрініп, Бас жүлдені жеңіп алды. Онымен бірге биыл өткен «Бір тіл, бір топ, бір мақсат!» атты облыстық тимбилдингтің барысында да ауданның командасы І орынға ие болды. Айта кету керек, команданың құрамында жергілікті әзірбайжан және орыс ұлтының өкілдері бар. Байқау барысында қатысушылардың бойында қазақ тіліне деген жоғары құрметті және олардың қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер мен жұмбақтарды жақсы білетіні анық байқалды. Бұл – барлығыз үшін үлкен жетістік.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде өз жалғасын таба береді. Тағы бір сүйіншілеп жеткізетін жаңалықтың бірі – күні кеше ғана аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы, журналист Перизат Нүрпейісова «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты облыстық байқауында «Үздік мақала» номинациямен Бас жүлдені жеңіп алып, ауданның абыройын тағы бір асқақтатты. Біз мемлекеттік тілге деген құрметті басты орынға қою арқылы бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарды ары қарай да жалғастыра беретін боламыз,- дейді Фариза Орынбайқызы.
Мемлекеттік тілді мерейім, туған тілді биік тұғырым деп білетін әрбір отаншыл азамат мемлекеттік тілге деген құрметін нақты іспен көрсетсе керек-ті. Десек те, күнделікті өмірде әсіресе тұрмыс-тіршілік барысында екі сөздің біріне басқа тілді қосып сөйлеп, бастауы тұнық тілімізді шұбарлайтын азаматтарды да кездестіреміз. Бұл көбінесе кәсіпкер азаматтарға қатысты. Кәсіпкерлік ісінің басты мақсаты – табыс тауып, тұрмысты көтеру дейтін болсақ, мол табыс табамын деп жүріп мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруды мүлдем ойламайтындар да бар. Оны біз өңірде орналасқан кәсіпкерлік нысандар мен толып жатқан сауда орындарындағы сыртқы көрнекі ақпарат құралдары мен сыртқы жарнаманың мазмұнынан анық байқаймыз. Бұл мәселе көбінесе ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылына қатысты. Біле білген жанға сыртқы жарнама – сол нысанның сырт келбеті. Ал ондағы мағынасы бұрмаланып, тілі шұбарланған мазмұнсыз әрі тартымсыз жарнама кімге керек?! Осы жағын терең ойлансақ керек… Бұл жөнінде жеке кәсіпкерлерге жадынама таратылғанымен, олар көбіне көп тіл заңдылықтарын сақтауға онша құлықты бола бермейді. Бізді де осы жағы ойландырмай қоймайды.
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру ісін көп тармақты міндет-меже деп алып қарайтын болсақ, оның сүбелі тармағының бірі – ономастика саласында жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бермен қарайғы кезеңге оймен көз жүгірсек, Жуалы ауданы Жамбыл облысының көлемінде ауылдары мен елді мекендері таза қазақшаланған бірден бір өңір болып саналады. Құдайға шүкір, ауыл-селолардағы Кеңестік жүйе үстемдік құрған кезеңдегі орысша атаулардың орнына ата-бабалардан қалған дәстүрлі әрі құлаққа жағымды атаулар берілді. Қазір өңір елді мекендерінде орысша атау жоқтың қасы. Ендігі кезекте алдымызда бірқатар ауыл көшелеріндегі орысша атауларды қайта атау міндеті тұр.
-Ауданда орналасқан мемлекеттік мекемелердегі іс қағаздардың барлығы түгелдей дерлік мемлекеттік тілде жүргізілуде. Бұған жауапты мекеме тарапынан әр тоқсан сайын тексеру жүргізіліп, тиісті мониторинг жасалып отырады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің арасында да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынып, атқарылу үстінде. Бұл ретте біз облыстық «Тілдерді оқыту орталығының» аудандық бөлімшесімен бірге тығыз жұмыс жасау үстіндеміз.
Ең маңыздысы қыркүйек айының бесінші жұлдызы жыл сайын Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі ретінде жоғары деңгейде атап өтілу үстінде. Бұл атаулы күннің Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы, тіл білімі мен ғылымының терең білгірі Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен орайластырыла өткізілуі – үлкен қуанышты оқиға. Тұтастай алғанда, қыркүйек айының өн бойы мемлекеттік тілді құрметтеуге арналады. Тілге құрмет – елге құрмет, мемлекеттің өткені мен болашағына деген құрметті білдірсе керек. Туған тілдің тұғыры асқақтап, мәртебесі биіктей берсін. Барша жуалылықтарды Қазақстан халқының тілдерінің күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын,- дейді өз сөзінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ф.Оразымбетова.
«…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді» деп Алаштың ақиығы Сәкен Сейфуллин баға берген қазақтың ардақты перзенті Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай тойланатын Тіл мерекесінің мәні мен мағынасы қаншалықты тереңде екенін осыдан-ақ сезінуге болады. Қазақ халқы аман тұрғанда қазақ тілінің де тұғыры биіктеп, мәртебесінің асқақтай беретініне күмән жоқ! Ұлттың тілін ұлықтау – бізге де, сізге де міндет!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close