Basty bet
Мерейлі отбасы – елге үлгі
Отбасы – әр адамның ең басты құндылығы, өмірінің тірегі, мейірім мен махаббаттың мекені. Қазақ халқы үшін отбасының орны қашанда биік. «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөздің мәні де осында. Бүгінде ел ішінде берекесі мен бірлігі жарасқан, татулығы мен тәрбиесімен ерекшеленген мерейлі отбасылар аз емес. Олар – ұрпаққа өнеге, қоғамға үлгі.
Осындай отбасылардың бірі – әр ауылда, әр қалада бар. Олар қарапайым еңбекпен елдің дамуына үлес қосып, бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүр. Мұндай отбасылардың ұрпағы тәрбиелі, білімді, елжанды болып өседі.
Отбасы күні мерекесінің қарсаңында №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда «Мерейлі отбасы» тақырыбы аясында тағылымды кездесу өтті. Кездесудің мақсаты – жас ұрпаққа отбасы құндылықтарын насихаттап, ұлттық дәстүрді дәріптеу.
Кездесуге келген қонақтар арасында – Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов, орынбасары Шәкіржан Мамаджанов, ауылдың қолөнер шеберлері Нұрила Далибекова мен Дарихан Сыдықова бар. Сондай-ақ, іс-шараға көп жылдан бері кілем тоқу ісімен айналысып келе жатқан кәсіпкер Диас Рақманқұлов отбасымен қатысты.
Іс-шараға келген қонақтар өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Олар отбасы берекесі туралы әсерлі әңгіме өрбітіп, оқушыларға ақыл-кеңес айтты. Қазіргі жас ұрпақты еңбекқорлыққа, сыйластық пен ынтымаққа шақырды.
Мерейлі отбасы – тек ата-ана мен бала арасындағы түсіністік қана емес, ұлттың рухани байлығының көрінісі. Бұл – ынтымақ пен сыйластықтың, құрмет пен жауапкершіліктің үлгісі. Осындай отбасыларды дәріптеу арқылы біз қоғамда мызғымас моральдық құндылықтарды қалыптастырамыз.
Шара аясында қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, оқушылар ұлттық өнер туындыларымен танысты. Бұл кездесу жас буынға өнегелі тәрбие беріп, отбасының қоғамдағы рөлін айқындай түскені анық.
Мөлдір Мақашева,
№19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның ұйымдастырушы-педагогі