Basty bet

Тұрғындардың тілегі – басты назарда

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімдері өздеріне қарасты елдімекен тұрғындарымен жоспардан тыс еркін форматтағы жиналыстар өткізіп отырады. Мұндай жиынның мақсаты – билік пен халықтың тығыз байланыста жұмыс істеуін қамтамасыз ету мен халықтың мұң-мұқтажын тыңдау арқылы, көмектесу.

Аудан әкімі Жалғас Мұртаза сәрсенбі күні Жетітөбе және Күреңбел ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.
Жетітөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу барысында аудан әкімі және елдімекенге қатысты ауызсу, табиғи газ және интернет мәселелері басты назарда екенін және оның кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Сондай-ақ, Жалғас Әлижанұлы «2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасы» аясында ауылдық округ тұрғындарына беріліп жатқан 2,5 пайыздық несие туралы айтып өтті. Бұл несиенің мақсаты – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігін арттыру.
Тоқтала кетейік, аталған несие бес бағытта беріледі. Бірінші «үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану» бағытымен, екінші «мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алу» бағыты, үшінші «тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану» бағыты, төртінші «кооперативтерді жабдықтау және құру бағыты бойынша» және ең соңғы бесінші бағыт «ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу» үшін беріледі. Бұл несие “Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру” пилоттық жобасының жалғасы ретінде келесі жылы Жетітөбе мен Қызыларық ауылдық округінің тұрғындарына ғана беріледі деп жоспарлануда.
Жиын тұрғындардың түрлі сауалдарымен жалғасты. Солардың бірқатарына тоқтала кетсек, ауыл тұрғыны, ардагер Рақымжан Сатаев «Тасбастау – Шыңбұлақ» бағытындағы жол мәселесін көтерді.
Ал, ауыл тұрғыны Ерболат Тұрысбек аудандық «СӘДУ» мал базарының жұмыс күнін жұма емес, демалыс күндерге ауыстыруын сұрады. Себебі, жұма жұмыс күні болғандықтан әр жұма сайын басшылықтан сұрана алмаймыз. Сонымен қатар, ауылдағы азаматтардың қосымша табыс көзі – мал шаруашылығы дейді ол.
Сондай-ақ, ауылдағы почта мәселесі мен Қосмұрат ауылына мектепке жақын жерге тұрақ салдыру мәселесі де көтерілді.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы мал базар уақтысын сенбіге ауыстыруды және Тасбастау мен Шыңбұлақ бағытындағы жолды 2023 жылдың жоспарына қоятынын жеткізді. Ал, Қосмұрат ауылының тұрағын да басты назарға алатынын жеткізді.
Келесі кездесу Күреңбел ауылдық округі тұрғындарымен өтті. Кездесу барысында аудан әкімі округке қарасты көше жолдарының жөнделіп жатқандығына, ауызсу мен газдың да өз кезегімен шешіліп келе жатқанына тоқтала кетті.
«Қариясы бар ел – қазыналы ел» демекші, сөз кезегін алған ауыл ақсақалы, 32 жыл имам болып қызмет еткен Жолтай Байдәулетов аудан әкімі Жалғас Мұртазаға ауыл тұрғындарының атынан өз алғысын білдірді.
Ауыл тұрғындары өздерінің сұрақтарымен әкімнің жеке қабылдауында да болды.
Жиынды қорыта келе, дана халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты болады» деген ұлы сөз бар. Халық пен билік етене қызмет етесе, халықтың көптеген мәселелері шешіледі. Бұл ретте, аудан әкімі Жалғас Мұртаза да ауыл тұрғындарының мәселелерін тыңдап, жоспарға қойды.

Үміт Мадиярбек,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close