Basty bet

Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық: оның алдын алған әлдеқайда тиімді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Бұл ретте отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтармен тиімді күресу маңызды рөл атқарады. Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын қатайту қажеттігін жиі айтып жүр. Мен бұған дейін мұндай құқықбұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды не орынсыздығын анықтау туралы нұсқау бергенмін. Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырамын», – деген болатын.
Біз – тұғыры биік, Тәуелсіз елміз. Ұлттық құндылықтарды қастерлеп, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген халықпыз. Сондықтан, Тәуелсіз елімізде зорлық-зомбылыққа орын болмауы тиіс! Қоғамдағы көптеген келеңсіз жағдайлардың бастауы – отбасы. Сондықтан қоғамды жақсарту үшін ең алдымен отбасындағы тәрбие мен құқықтық сауаттылықты күшейту қажет. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген.
Демек, саналы тәрбие – қоғамның берекесі мен қауіпсіздігінің кепілі. Сондықтан зорлық-зомбылықтың салдарымен ғана күреспей, оның алдын алу – басты міндет.
Осы тақырып төңірегінде аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция лейтенанты Бексұлтан Таңсықбаймен әңгімелескен едік.
– Ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында отбасылық-тұрмыстық салада үш қылмыс тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (2025 жылы – 7) 57,1 пайызға төмен. Аудандық полиция бөлімінде әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтарды талдау барысында тіркелген үш қылмыстың біреуі 2025 жылы, екеуі 2026 жылы тіркелген.
Аталған үш дерек те отбасылық жанжалдарға қатысты. Яғни, туыстардың өзара мәмілеге келе алмауы салдарынан орын алған.
Талдау нәтижесі көрсеткендей, отбасындағы құқықбұзушылықтардың негізгі себептері – алкогольдік ішімдік ішу, қызғаныш, материалдық қиындықтар, ажырасу кезіндегі келіспеушіліктер және басқа да тұрмыстық мәселелер.
Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан бойынша 42 құқықбұзушыға қорғау нұсқамасы шығарылды (2025 жылы – 48). Жыл басынан бері соттың шешімімен 11 азаматқа ерекше мінез-құлық талаптары белгіленді (2025 жылы – 7).
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабы бойынша отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылық жасаған 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды (2025 жылы – 52). Бұл көрсеткіштің төмендеуіне отбасылық жанжалдар мен хабарламалар санының азаюы әсер етті.
Жуалы аудандық полиция бөлімінде өмірлік қиын жағдайға тап болған, арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж бес отбасы анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілді (2025 жылы – 0).
Өткен жылдың алғашқы алты айында тұрмыстық жанжал бойынша -79 шақырту тіркелсе, үстіміздегі жылдың алғашқы бес айында олардың саны -72 болды.
Көпшілік тарапынан «Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге қандай көмек көрсетіледі?» деген сұрақ жиі қойылады. Бұл бағытта біз аудандық «Отбасын қолдау орталығының» мамандарымен тығыз жұмыс жүргіземіз. Орталықта әлеуметтік қызметкерлер, психолог және педагог мамандары жұмыс істейді.
Алдымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасының жағдайы зерделенеді. Психологтар қажетті психологиялық көмек көрсетеді. Кейбір отбасылар сотқа дейін татуласып, өзара мәселелерін шешсе, кейбірінің ісі сотқа дейін жетеді.
Аудандық «Отбасын қолдау орталығы» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына сегіз бағыт бойынша көмек көрсетеді. Мұнда жүгінген азаматтардың жеке деректері мен құпиялығы толық сақталады. Мамандар қиын жағдайға тап болған әйелдерге дұрыс шешім қабылдауға бағыт-бағдар береді.
Одан бөлек біз орталық мамандарымен бірігіп, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ұйымдарға қайырымдылық жасаймыз. Мұндағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі балаларды қуанту.
Сонымен қатар орталыққа биыл екі кәмелетке толмаған баласымен бір әйел әлеуметтік қызмет алуға жолданды. Тағы тоғыз азаматшаға құқықтық кеңес берілді.
Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу жұмыстары аудандық полиция бөлімінің тұрақты бақылауында, – дейді полиция лейтенанты Бексұлтан Таңсықбай.
Талдау көрсеткендей, құқықбұзушылықтардың негізгі себептері – жұмыссыздық, қызғаныш, алкогольдік ішімдікке тәуелділік, әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтар, психологиялық тұрақсыздық, отбасының материалдық жағдайының төмендігі және отбасы институтының әлсіреуі.
Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі қоғамдық пікірден немесе айыптаудан қорқып, құқық қорғау органдарына жүгінбейді.
«Жайсыз отбасы», «қорғау нұсқамасы» және «ерекше талаптар белгіленген тұлғалар» санатындағы азаматтардың тұрғылықты мекенжайлары тұрақты түрде тексеріліп, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, тұрғындардың полицияға деген сенімін арттыру, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру, дағдарыс орталықтары мен сенім телефондары туралы ақпараттандыру жұмыстары жалғасуда.
Жыл басынан бері еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен тоғыз кездесу өткізілген. Бұқаралық ақпарат құралдарында 16 мақала жарияланған. Барлығы 35 дәріс, семинар және тренинг ұйымдастырылған. Оның ішінде, мектептерде 18 іс-шара өткізіліп, оған 205 адам қатысқан. Мемлекеттік мекемелерде алты іс-шара ұйымдастырылған. Денсаулық сақтау ұйымдарымен – үш, «Отбасын қолдау» орталығымен – бір, білім беру ұйымдарымен төрт бірлескен профилактикалық іс-шара өткен. Жалпы тыңдаушылар саны 516 адамнан асқан. Барлық кездесулерде тақырыптық жадынамалар, буклеттер және сенім телефондарының нөмірлері көрсетілген ақпараттық материалдар таратылған.
– Көп жағдайда кінәні тек ер азаматтарға арта береміз. Алайда, кейбір жағдайларда әйелдердің де іс-әрекеті жанжалдың туындауына әсер етуі мүмкін. Отбасында екі тараптың да сабыр сақтап, өзара түсіністік танытуы маңызды. Бұл балалардың психологиялық жағдайына да оң әсер етеді. Дегенмен қандай жағдай болсын, әйелдердің құқығы заңмен қорғалады. Менің қызметтік міндетім – олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Ең бастысы – аудандағы әрбір отбасының шаңырағы шайқалмай, берекелі өмір сүрсе екен деп тілеймін, – дейді Бексұлтан Таңсықбай.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Тәрбие – тал бесіктен» деген халық даналығының мәні терең. Парасатты, білімді, адамгершілігі мол ұрпақ – ұлтымыздың басты байлығы. Баланың тұлға болып қалыптасуында отбасының орны ерекше. Ана әлдиін тыңдап, ата-анасының мейірімі мен тәрбиесін көріп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен бала елінің лайықты азаматы болып қалыптасады.
Сондықтан, әрбір ата-ана бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, оның болашағы үшін тәрбиенің маңызын терең түсінуі қажет. Отбасы – әр адамның алтын ұясы. Сол себепті, әр шаңырақта зорлық-зомбылық емес, мейірім мен сүйіспеншілік, өзара сыйластық пен ынтымақ салтанат құруы тиіс. Өйткені, берекелі отбасы – берік мемлекеттің негізі!

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close