Basty bet

Прокуратураның бастамасымен жүйелі жұмыстар атқарылуда

Апта басында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында кəсіпкерлер мен инвесторлар үшін «Ашық есік» күні өтті.
Жиынға аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен ауылдық округтің әкімдері және кәсіпкерлер қатысты.
Жиналысты аудан әкімі Жалғас Мұртаза мен Жуалы ауданының прокуроры Ильяс Тойшыбеков ашып, жүргізді.
Кездесудің негізі мақсаты – аудан аумағындағы кəсіпкерлер мен инвесторлардың əрбір проблемалық мəселесінің тізілімін қалыптастыру,орын алған нақты проблемаларды анықтау және шешу үшін орындалған жұмыстардың шаралары туралы.
Алғашқы сөзді аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков алып, ол өз сөзінде, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу, осы саладағы туындаған қандай да мәселелерді анықтау және олардың шешілу жолдарын қарастыру керектігін атап өтті.
Жиын барысында аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Руслан Айтбаев баяндама жасады.
Ол өз сөзінде, 2024 жылдың қаңтар-маусым айларындағы кәсіпкерлік саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
-Өздеріңіз жақсы білетіндей, кәсіпкерлік саласы негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің бірі болып табылады. 2023 жылы аудан бойынша үш жоба іске асты. Олар: «Алатау сүт өнімдері» АӨК зауытты кеңейту, яғни, қосымша 20 тонналық сүт цехын іске қосты. Аталған жобаның құрылыс жұмыстары аяқталып, жоба аясында 5 адамға тұрақты жұмыс орны ашылды. Шақпақ ауылдық округінен «Япоша» ЖК жобалық қуаттылығы күніне 3 тонна кептірілген нан (Сухари) өнімдерін шығаратын цех ашты. Бұл жобаның құны – 100,0 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын қазіргі таңда 13 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар, Б.Момышұлы ауылында «Малибекова Н» ЖК «Білімді ұрпақ» орталығын ашты. Бұл орталық үш айлық курс оқытумен ауыл шаруашылығы мамандарын (тракторшы, комбайншы) және сүт бағытында технологтар мен слесарь, механик мамандарын дайындайды. Жоба құны – 120 млн теңгені құрайды. Ал, 2024 жылы бес жобаны іске асыру жоспарлануда,-деді Руслан Айтбаев.
Әрі қарай басқа да мәселелер қаралып, жиналысқа қатысқан кәсіпкерлер аудан әкімі мен аудан прокурорына көкейде жүрген сұрақтарын қойып, оған тұщымды жауап алды.
Жиынды өткізудегі басты мақсат – жергілікті кәсіпкерлердің құқықтарына нұқсан келтірмей мәселені шешу болып табылады.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы жиынды қорытындылай келе бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close