Basty bet

Балаларды шат күлкіге бөлеген шуақты мереке

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ауданда кең көлемде аталып өтіп, жайдарлы жаздың алғашқы күні балғындарға шаттық пен қуаныш сыйлаған ерекше мерекеге айналды. Мазмұнды мерекеге орай Б.Момышұлы ауылындағы орталық алаң мерекелік кейіпке еніп, түрлі-түсті безендірулер мен балалардың сыңғырлаған күлкісіне бөленді. Мазмұны бай, тағылымы мол іс-шаралар балалардың көңіл көкжиегін кеңейтіп, олардың қуанышын еселей түскені анық.

«Әрқашан күн сөнбесін!» тақырыбындағы мерекелік бағдарлама аудандық “Достық” мәдениет үйінің алаңында мүмкіндігі шектеулі балаларды құттықтаудан бастау алды. Мейірім мен қамқорлыққа толы іс-шараға қатысқан аудан әкімі Жалғас Мұртаза ерекше балаларды жарқын мерекемен құттықтап, бұл күннің мәні мен маңызына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде, балаларға деген жанашырлық пен қамқорлық мерекемен ғана шектелмей, әрдайым қоғам назарында болуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, аудан басшысы бүлдіршіндерге зор денсаулық, бақытты балалық шақ, жарқын болашақ тілеп, оларға мерекелік сыйлық табыс етті.
Шара барысында балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, олардың жүзіндегі шаттық пен қуаныш мерекенің сәнін кіргізді. «Күлкіш пен Тәттіш» сайқымазақтары балалармен бірге ойын ойнап, көңілді сәттер сыйлады.
Мерекелік думан орталық алаңдағы «Әлемді әсем етейік!» тақырыбындағы асфальтқа сурет салу байқауымен жалғасты. Қиялы ұшқыр, өнерге жақын балалар түрлі-түсті бояулар арқылы өз армандарын, бақытты балалық шақтың бейнесін қағазға емес, кең алаңға түсіріп, шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Бұдан кейін балалар «Қиял мен өнер алаңы» атты қосымша білім беру ұйымдарының шеберлік сыныптарына қатысты. Мұнда ауданның қосымша білім беру ұйымдарының жетістіктері көрмеге қойылып, жас жеткіншектердің шығармашылығы мен ізденісі көпшілік назарына ұсынылды.
Мәселен, «Eco Life Hack» алаңында қатысушыларға күнделікті өмірде экологиялық мәдениетті қалыптастырудың қарапайым әрі тиімді жолдары түсіндірілсе, «Ғажайыптар мекені» шеберлік сыныбында түрлі кейіпкерлердің бейнесін жасау тәсілдері көрсетілді. Ал, «Логикалық ойындар» алаңында балалардың тапқырлығы мен сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталған қызықты тапсырмалар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, «Ғажайып технологиялар» алаңында робототехника үйірмесінің тәрбиеленушілері өздерінің тың жобаларын таныстырды. Жас өнертапқыштардың қолынан шыққан роботтар көпшіліктің қызығушылығын оятып, болашақтың технологиялық мүмкіндіктерін көрсетті. Цифрлық технологияларға қызығушылық танытқан қонақтар жасанды интеллект көмегімен өздері таңдаған әндерді тыңдап, заманауи мүмкіндіктермен танысты.
Мерекеде балалардың өнерге деген сүйіспеншілігі мен шығармашылық қабілеті де кеңінен көрініс тапты. «Ағаштан туған ғажайып», «Өнерлі бала – жарқын болашақ» тақырыбындағы шеберлік сыныптарында киіз басу, ағаштан астау мен ожау жасау секілді ұлттық қолөнер түрлері көрсетіліп, жас шеберлердің еңбегі көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.
Ән өнеріне жақын балалар «Әнші болғым келеді» атты караоке байқауында бақ сынап, өз таланттарын ортаға салды. Ал мерекелік шараның сәнін «Топжарған» оқу орталығының есеп беру концерті келтірді. Мұнда өнерлі балалар ән шырқап, би билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ал, «Көңілді балдырғандар әлемі» тақырыбымен ұйымдастырылған балабақшалар алаңында бүлдіршіндер әннен шашу шашып, мың бұрала би билеп, мерекенің көркін қыздырды. Балалардың риясыз қуанышы мен кіршіксіз күлкісі мерекеге ерекше жылулық сыйлады.
Аудандық орталық кітапхананың ұжымы ұйымдастырған тақырыптық кітап көрмесі де көпшіліктің қызығушылығын тудырып, жас оқырмандарды кітап әлеміне жетеледі. Ал төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері өрт сөндіру техникаларын таныстырып, «Ашық есік» күнін өткізу арқылы балаларға қауіпсіздік мәдениетінің маңызын түсіндірді.
Мерекеде спортсүйер жеткіншектер де назардан тыс қалған жоқ. «Спорт – денсаулық кепілі» тақырыбындағы спорттық жарыстарда балалар тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту секілді ұлттық ойындардан сынға түсіп, ептілігі мен шеберлігін көрсетті.
Осылайша, Халықаралық балалар күніне арналған мерекелік шаралар балғындарға шаттық сыйлап қана қоймай, олардың өнерін, білімін, шығармашылығы мен спортқа деген қызығушылығын дамытуға бағытталған тағылымды мерекеге айналды. Балалардың жарқын күлкісі мен қуанышы аудан өміріндегі бұл ерекше күннің ең басты көркі болды.

Таңдаулы материалдар

Close