Basty bet
Батыл шешімдерге толы бағдарламалық құжат
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті халыққа арнаған Жолдауын Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің мүшелері де бірлесе отырып, бірге тыңдады.
Жолдауда ешкім күтпеген өзекті мәселелер айтылды. Елімізде түбегейлі өзгертулер болатындығы айтылғанда округ ардагерлері Президенттің әрбір бастамасын құптап, қуаттап отырды. Жаңашылдыққа, жаңа идеялар мен бастамаларды жүзеге асыруда мүмкіндіктердің туатынына, әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсетілетіндігі көптің көңілінен шықты.
Мемлекет басшысы халқымыздың ұлттық табыстан ешқандай пайда көріп отырмағанын алға тартып, алдағы уақытта әрбір балаға ұлттық қордан он сегіз жасқа дейін ақша беріліп отыратындығы бәріміз үшін қуанышты хабар болды. Бұған дейін азғана топтың мүддесіне айналған ұлттық қор енді болашақ ұрпақтың арманын жүзеге асыуына жұмсалатындығын естіген ауыл қариялары Президенттің бұл бастамасын қол шапалақтап, қостады. Оны кәмелетке толған соң оған үй ала ма, әлде оқуға жұмсай ма, қайда жұмсаса да әрбір баланың өзі еркіне берілетіні де айтылды.
Ең бастысы, Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсауға тыйым салынды. Жастарға қамқорлық одан әрі жалғасын табатыны айтылып, Президент жылдық өсімі 2,5 пайызбен несие берілетіні мәлімделінді. Ең төменгі жалақы 70 мың теңге болатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы «Бүгінгі біздің бастамаларымыз – Қазақстанның болашағы» дей келе, әділетті Қазақстан идеясын түсіндірді. Салық саясатына реформа жүргізілетіні, сән-салтанат салығы енгізілетіні жөнінде мәлім етті.
Жолдауда елдің көкейінде жүрген ауыл шаруашылық саласы жөнінде айтылып, ұзақ мерзімді субсидиялау туралы, игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару және денсаулық саласы, білім саласы жөнінде сөз қозғалды. Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екендігіне тоқтала отырып, әлі де кемшіліктердің барын айтқан еді. Тәрбие жұмысы – басты назарда екендігі, тәрбиешілердің жалақысы өсетіндігі, келешекте апатты, үш ауысымды мектептердің болмайтыны айтылды.
Ардагерлер кеңесі мүшелерінің қуана құптағаны, әйелдердің зейнет жасының 61 жаспен 2028 жылға дейін шектелгені. Бұл ең алдымен ауылда тұратын, ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін әйелдер қауымы үшін үлкен жаңалық болды. Бір сөзбен айтқанда Жолдауда қамтылмаған сала қалмады.
Мемлекет басшысы: «Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз», – деп түйіндеді Жолдауын.
Жолдау – алдағы күндерде іске асырылатын міндеттердің басты бағыты болғандықтан округ қариялары Жолдауға қолдау білдіріп, Жолдауды ауылдық округте, ардагерлер мен жастар арасында насихаттауға қызу кірісіп кетті.
Өмірхан ЕРАЛИЕВ,
Бақалы ауылы ардагерлер
кеңесінің төрағасы