Basty bet

Ата-аналардың қолдауы – әрбір сарбаз үшін маңызды

Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне қарасты Шекара қызметінің Жамбыл ауданы бойынша Шекара басқармасының тәрбие-идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің бастығы, подполковник Қуаныш Мусабеков және әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Аналардың жүрегі» сарбаздар аналарының кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Шарифа Муминова «Шөлдала» және «Б.Момышұлы» шекара заставаларының жеке құрамындағы сарбаздардың тұрмысымен жақынырақ танысты.
Кездесу барысында Шарифа Ахметжанқызы сарбаздардың казармадағы тұрмыс жағдайларымен, жабдықталу түрлері мен нормаларымен жеке-жеке танысып, жауынгерлік даярлық сабақтарын өткізу үшін сыныптарды, тұрмыстық үй-жайлар мен асхананы аралап көрді. Сонымен қатар, сарбаздарға арналған ас мәзірін де назарға алып, дайындалған тағам түрлерінің де сапасын бағалады.
Казармалық үй-жайларды аралау кезінде Шарифа Ахметжанқызы сарбаздармен әңгіме жүргізу арқылы олардың пікірлерін, әскери қызметке бару себебі мен психологиялық көңіл-күйлерін білді. Сондай-ақ, сарбаздарға ұйымның жұмысы туралы айтып берді. Айта кетейік, мұндай сапарлар алдын ала келісімсіз, қоғамдық бірлестік бастамасымен жасалады.
– Біз әрбір сарбазды өзіміздің ұлымыздай қабылдаймыз. Барлығымыз ана болғандықтан, балаларымыз бен олардың қызметтестері қалай және қандай жағдайда қызмет етіп, олардың тұрмысының қандай болатынын білу – біз үшін өте маңызды мәселе. Бірлестік үшін әскери қызметшілермен мүмкіндігінше тығыз жұмыс істеумен бірге, тығыз байланыста болу да өте маңызды. Себебі, жастар – біздің болашағымыз. Біз ұландарымыздың Отанға адал қызмет еткенін қалаймыз, – дейді қоғамдық бірлестіктің өкілі Шарифа Муминова.
Әскери қызметшілердің тыныс-тіршілігін күнде көре бермейтін ата-аналар бұл кездесуден ерекше әсер алғандарын айтады.
– Бүгін біз Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаз ұлдарымыздың әскери қызметімен және күнделікті тұрмыс жағдайларымен жақынырақ танысып, оны өз көзімізбен көруге мүмкіндік алып отырмыз. Балалардың жағдайы жақсы екеніне көзіміз анық жетіп отыр. Осындай ауқымды шараны ұйымдастырған әскери бөлімнің басшылығына айтар алғысымыз шексіз. Өйткені, ол жерде бірден көзге түскені тазалық пен біркелкі реттік және тиісінше әскери тәртіп. Біз бөлім басшыларымен үнемі тығыз байланыстамыз. Отан қорғау саласында қызмет етіп жүрген барлық әскерилердің қызметіне сәттілік тілеймін,- дейді шараға қатысушы сарбаздың анасы Әлима Тұрлыходжаева.
Басқарманың тәрбие-идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің бастығы, подполковник Қуаныш Мусабеков мұндай іс-шараның әскери бөлімдегі ата-аналар мен жас сарбаздар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның сөзінше, ата-аналардың қолдауы – Отан алдындағы борышын өтеп жүрген әрбір сарбаздың өз міндетін алаңсыз атқаруына септігін тигізеді.

Кәмила ӘБСЕМЕТОВА,
кітапханашы

Таңдаулы материалдар

Close