Basty bet
Мәселе заңда емес – санада!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Жер қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді. Өкінішке қарай, асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз. Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар. Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас әрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз? Бұл – ащы да болса, шындық. Біз жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиіспіз. Ол көшеге қоқыс тастамау, көрінген жерге от жақпау сияқты қарапайым нәрселерден бастап, жалпыхалықтық сипаттағы ауқымды экологиялық шаралар көрініс табуы қажет.
Мұның бәрі тәлім-тәрбиеден басталады. Ата-анасымен бірге ауласында ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада» дейді.
Иә, жер жәннатын іздеудің қажеті жоқ. Бәрі өзімізде бар. Жастарды керемет табиғатымызды танып, оны қадірлеуге баулуымыз керек.
Тазалық – ауданның көркі ғана емес, саулық негізі. Тазалық – мәдениет, жауапкершілік, ұқыптылық, Отанды сүю, елге, жерге деген жанашырлық сезіммен басталады. Яғни, Мемлекет басшысы айтқандай, тазалықты сақтау мәселесі заңда, айыппұлда емес – санада.
Туған жер, Жер Ана – туған анамыздай. Туған жерде өмірге келіп, жерден нәр алып, өстік. Жер-Ана бізге бар байлығын бергенде біз неге оны мәпелей алмаймыз?! Жақсы өмір сүргіміз келсе, бірінші ниетімізді, сөзімізді, өзімізді түзеуіміз керек. Ал, біз бәріне немқұрайдылықпен қараймыз. Мәселен, ағаш ексек, жоспарды орындау үшін ғана егеміз. Оған әрі қарай өнуіне күш салмаймыз. Өсіп тұрған ағашты сындырамыз. Табиғат аясына демалуға барсақ, айналаны өртеп, ластап кетеміз. Қараусыз қалғандай аянышты халге түсіріп кетеміз…
Ауылды таза ұстау, көріктендіру жұмыстары ең бірінші ауыл әкімінің ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты. Халықты ұйымдастыру, тазалыққа, тәртіпке шақыру, түсіндіру, талап ету, жұмысты жүйелі жүргізе білу бәрі де басшыға байланысты.
Ауыл әкіміне барып, сай-сала, көшелер, саябақтар туралы айтқан болатынмын.
Жалпы, тазалық жұмыстары тек ауылдық округ әкімдері атқаратын жұмыс емес. Әрбір азамат өзінің ауласына, көшесіне жауапты. Яғни, әр адам өзінің ауласын тазалап, көріктендіріп, көршілеріне де зияны тимейтіндей жағдай жасауға міндетті.
Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін экологиялық акцияны жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн. Ендеше, адал еңбек етейік, туған жерімізді аялайық!
«Тазалық сыпырған жерде емес, сақтаған жерде» деген халық даналығын естен шығармайық. Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе.
Қайрат САРЫБАЕВ,
еңбек ардагері.
Б.Момышұлы ауылының тұрғыны