Basty bet

Мектеп пен ата-ана – ынтымақтастықтың қайнар көзі

Бүгінгі қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі – өз ойын еркін айта білетін жан-жақты жеке тұлға тәрбиелеу. Мектеп пен ата-ана ынтымақтастығының арқасында оқушы тұлғасын дамытудың мәселелерін оң шешуге болады. Тәрбие жұмысының табысты болуының басты кепілі – мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасы. Өйткені, адамзат бесігін тербеткен баланың бас ұстазы ата-ана. Бала ата-анасынан үлгі мен өнеге алып өседі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлемде балалардың бақыты мен күлкісінен маңызды ештеңе жоқ. Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау әрқашан біздің мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі болды» деп мемлекет саясатының негізінде балалық шақты қолдауды басты назарда ұстайтынын атап өтті.
Осы тұрғыда, №21 Д.Пахомов атындағы орта мектепте биылғы жаңа оқу жылынан бастап ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы құрылып, өз жұмысын бастады.
Педагогикалық қолдау орталық балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуде мемлекеттік орта білім беру ұйымдары мен ата-аналар арасындағы тиімді өзара іс-қимыл жағдайларын қамтамасыз етуді мақсат тұтып отыр. Педагогикалық қолдау орталығының міндеттеріне балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін ата-аналардың педагогикалық мәдениетін, психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік құзыреттерін дамытуға бағытталған жүйелі педагогикалық қолдау көрсетуді ұйымдастыру, білім беру ұйымы мен отбасы арасындағы балаларды тәрбиелеу мен дамытудағы өзара іс- қимылды нығайту, отбасылық тәрбие процесінде балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша ата-аналар уәждемесін арттыру міндеттері кіреді.
Мектептегі ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының жылдық жұмыс жоспары бекітіліп, онда кездесу, спорттық ойындар, семинарлар, коучингтер, психологиялық тренингтер, тәрбие сағаты, «дөңгелек үстел», пікірталас тағы басқа да іс-шаралар қамтылды. Баламен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты анықтау барысында ата-аналардан сауалнамалар алынды.
Ата-аналарды педагогикалық қолдау мақсатында атқарылатын іс-шаралар аясында 1-4 сыныптың ата-аналарымен «Отбасы – бақыт бесігі», 5-9 сыныптың ата-аналарымен «Баланың бас ұстазы – ата-ана», 10-11 сыныптың ата-аналарымен «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» атты «дөңгелек үстелдер» өткізілді. «Дөңгелек үстел» барысында мектеп психологы ата-аналармен «Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың деңгейі» атты тренинг жүргізді.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында мектепте «Даналық мектебі» жобасы аясында «Әкелер мектебі» мен «Аналар мектебі» құрылды. Алдағы уақытта аталған тың жобаның аясында бірлескен жұмыстар ұйымдастырылатын болады. Мұнда ата- аналармен өтілетін сабақтардың мазмұнында қазақ әдебиетіндегі ертегі, аңыз-әңгімелер, батырлар жырларынан үзінділер, мақал-мәтелдер, әртүрлі жанрдағы халық әндері, шешендік сөздер, жыраулардың толғаулары, ақын-жазушылардың шығармалары қамтылады. Онда ата-аналарға қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдары, ұлттық өнер туындылары, шежіре, аға буынның тәжірибесі, адамгершілік ұғымдар, отбасындағы ерлер мен әйелдердің рөлі мен туыстық қарым-қатынастың ерекшеліктері туралы жан-жақты айту көзделген.
Осындай игі іс-шаралар ата-ананың мектеппен байланысының артуына өз септігін тигізуде. Мұндай бастамалар арқылы ата-аналар өздерінің өнегелі өмірімен, үлгілі іс-әрекетімен тек өз балаларына тәлім-тәрбие беріп қана қоймай, мектеп өміріне де белсене араласып, ынтымақты қарым-қатынаста болады.

Данайбек Әбішев,
№21 Д.Пахомов атындағы
орта мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close