Basty bet

Қазыналы Қарасаз ауылы

Ауыл – алтын бесік. Қазақтың қасиетті қара шаңырағы. Ауыл десе, бәріміз елеңдеп, бір бүйрегіміздің сонда бұрып, құлағымызды да ауыл жаққа тігіп, ел жақтан жақсы хабар күтетініміз де сондықтан болса керек. Қарап отырсаңыз есімі ел аузында жүрген абыройлы азаматардың көбі ауылдан шыққан. Сондықтан ауылға көңіл бөлу, оның гүлденуіне аянбай үлес қосу – барлығымыздың азаматтық парызымыз.

«Бірлік қылмай ел оңбас, тірлік қылмай ер оңбас» деп бабаларымыз бірлік пен тірлік қағидаларын өсиет етіп қалдырғандай, адам қай қоғамда өмір сүрсе де оның толыққанды өмір сүруі үшін бекем бірлік пен берекелі тірліктің айнымас қағидалары ауадай қажет екені бесенеден белгілі. Мұндай жүйелі жұмыстар біздің ауданға қарасты ауылдарда да бар. Кейінгі екі жылдың көлемінде бұрын-соңды ауызсу құбыры тартылмаған, көгілдір отыны мүлдем болмаған таулы өңірдегі бірнеше ауылға ауызсу мен газ барып, тұрғындар тұрмыстың игілігін көре бастады. Бұған тұрғындардың алғыстан басқа айтары жоқ.
Аудандағы сондай іргелі елдімекендердің бірі – Қарасаз ауылдық округі. Мұнда атқарылып жатқан жұмыстардың дені тұрғындардың ауызбіршілігі мен ынтымағының арқасында жүзеге асырылып жатыр деуге толық негіз бар. Соңғы жылдары келбеті өзгеріп, жаңа заманмен бірге қайта түлеп, түрлене түскен Қарасаз – халық саны және елді мекен саны жағынан аудандағы үлкен округтердің бірі саналады.
Мал және егін шаруашылығы қатар дамып келе жатқан іргелі округтің тұрғындары кейінгі жылдары кәсіпкерлікке шындап бет бұра бастады. Соңғы 10 жылдықтың өзінде ауылдық округтің орталығы саналатын Қарасаз ауылында мейрамхана, шағын маркет және супермаркет, жеке тіс емханасы, дәріхана, ветеринариялық дәріхана, құрылыс заттары дүкені, үш ағаш өңдеу цехы, жанар-жағармай құю және көлік жөндеу бекеттері, сән салоны, т.б. кәсіпкерлік нысандары салынып, іске қосылды. Округ шаруалары ақ егістің және бақша дақылдарының да егістік көлемін ұлғайтып отыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» демекші, қарасаздықтар қарқынды еңбек салтын ұстану арқылы мол табыстарға да кенелуде.
Біздің бұл мақаламызға «Жаңа заманның жаңарған ауылы» деген айдар тағылып отырған соң Қарасаз ауылындағы жаңашыл істерді де қосымша атап өтсек, артық етпейді. Осы ретте ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Ғабит Үмбеталиев ауылдың тыныс-тіршілігі туалы әңгімелеп берді.
–Қарасаз ауылдық округі бес елді мекеннен құралған. Округтің жер жағдайы мал және егін шаруашылығына бағытталғандықтан 230 шаруа қожалық тіркеліп отыр. Оның ішінде, Қаншайым Өмірбекова, Сейіт Жайықбаев және Әбілнұр Ахметов басшылық жасайтын «Қаншайым», «Жайық», «Ескендір» шаруа қожалықтарының еселі және өнімді еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Адал кәсібінен нәсібін айырып отырған ауылымызда кейінгі жылдары жаңа үйлер бой көтеруде. Сонымен бірге, кәсіпкерлік нысандарының саны артып келеді. Жалпы ауылымыз жаңа заманның көшінен қалмай, тұрмысқа жаңашылдықтарды батыл енгізіп отыр деуге толық негіз бар,- дейді ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Ғабит Ақылбекұлы.
Қосымша айта кетсек, Қарасаз ауылдық округіне барлығы бес елдімекен қарайды. Округтегі 783 аулада барлығы 3 559 тұрғын тіркелген. Оның 3054-і – қазақ болса, 326-сы –орыс ұлты, 17 неміс, 107 украин, бес татар, үш шешен, 22 әзірбайжан, төрт өзбек, 21 тұрғын басқа ұлттардың өкілдері. Округ бойынша 230 шаруа қожалық бар десек, оның 20-сына өзге ұлттың өкілдері жетекшілік етіп отыр. Округте 157 жеке кәсіпкер тіркелсе, оның 27-сі өзге ұлттың өкілдеріне тиесілі. Округте ұлтаралық қатынастар берік орнап, тиісінше, олар тату-тәтті тұрады.
Жаңарған ауылдар Тәуелсіз Қазақ елінің жаңа келбеті екені даусыз. Ендеше, жұлдызы биік Жуалы өлкесінде жаңарып, жайнаған, ынтымағы жарасқан ауылдардың қатары көбейе берсін, дегіміз келеді.
Ауыл тұрғындары да өз кезегінде ырыс бен берекенің ұйытқысы болып, Қарасазды «қара шаңырақ» санайтын ұлттардың өкілі күнделікті өмірде бір-бірлеріне алғыс айтып, қол ұшын созудан өзге округтерге үлгі болуда. 1 наурыздағы Алғыс айту күні мерекесін қарасаздық ынтымақшыл жұртшылық қайырымды іс-шаралармен атап өткелі отыр. Бұл әрине, ұлттар арасындағы достықты нығайтып, бірлікті бекемдей түсетіні анық…

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close