Basty bet

БАҒДАРЛАМА АРҚЫЛЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

«Дипломмен – ауылға!» жобасы елімізде 15 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ол ауылдық жерлерде жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы білікті мамандарды ынталандыру мақсатында әзірленген жоба. Осы уақытқа дейін көптеген жас маман бағдарлама аясында өзінің туған жер төсіне оралып, қала балалары ауыл өмірін көріп, шағын елді мекендердің өркендеуіне үлестерін қосып келеді.
Біршама жылдан бері ел жастары «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының игілігін көруде. Бұл жобаның басты мақсаты – ауылдық аймақтарды қажетті әлеуметтік, техникалық мамандармен қамтамасыз ету. Бағдарламаға ауылдық жерлерге енді ғана келген немесе бұрыннан тұрып жатқан жұмыс істейтін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері санатына жататын мамандар қатыса алады.
Ауыл-аймақтың ажарын ашамын, көркін кіргіземін, жаңа леп, тың серпін беремін деген жастарға жарқын жол ашылып отыр. Әлеуметтік қолдау да әжептәуір, ауыл тұрмысына жетерліктей. Бір реттік жәрдемақысы, баспана, тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие, айлық жалақыға 25 пайыздық үстемақысы тағы бар. Үлкен мүмкіндік. Осы мүмкіндікті жетістікке айналдыра алған, атаулы бағдарламаның көмегімен баспаналы болған жас маманның бірі – Ақмырза Шырынәлі.
Бүгінде Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін ол – Б.Момышұлы ауылында туған. 2017 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын «Тарих» мамандығы бойынша тамамдап, «Жастар практикасы» бойынша Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінде алты ай көлемінде тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Онда тәжірибе жинақтағаннан кейін №2 Мыңбұлақ орта мектебіне жұмысқа орналасады. Оның ұстаздық ететін мектепте талмай еңбек етіп жүргеніне алты жылдай уақыт болды. Жұмыс істеп жүріп, 2023 жылы атаулы бағдарламаға құжат тапсырып, нәтижесінде баспанаға қол жеткізді.
– «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша баспана және бірреттік көтерме жәрдемақы алдым. Бұл отбасым үшін үлкен көмек-қолдау болды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осынау мол мүмкіндікті жас мамандар тиімді пайдалана білгені жөн. Бағдарламаға қатысып, туған жерімде қызмет етіп жатқаныма қуаныштымын. Жалпы бұл бағдарламаның дипломын енді алып, үлкен өмірге қадам басқан жастар үшін тиімділігі көп. Жұмыс істейтін адамға ауылда да жағдай жасалған. Бастысы, өзіңе сену керек. Қалада пәтер жалдап, көшіп-қонып жүргенше мемлекет тарапынан ұсынылған көмекті дұрыс пайдаланған дұрыс. Әрі ауылда шыңдалып, мол тәжірибе жинауға мүмкіндік мол,- дейді тарих пәнінің мұғалімі А.Шырынәлі.
«Өзіме қызметім ұнайды. Шәкірттерімді білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, бағыт-бағдар беруде үлесімді қосып келемін. Мен үшін ұстаздың қызметтегі жетістігі – өз бойындағы бар білімі мен тәжірибесін шәкірттерге дарыту. Ал ең маңыздысы, шәкірт жүрегіне жол тауып, өзінің оқытатын пәнін терең біліп, адал да сезімтал жан дүниесінің болуында..»- дейді жас маман Ақмырза Уәлиханұлы.
Әр кезеңнің өз қозғаушы күші бар десек, бүгінгі жаңа заманның кілтін қолына ұстаған жастар білімді, білікті әрі қабілетті. Қоғаммен етене байланыс орнатуға бағытталған салалар үшін жастармен байланыс орната білудің маңыздылығы орасан зор. Осы тұста «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жас мамандар үшін тиімді екенін және олардың жайлы өмір сүруіне ықпал ететінін дәлелдеп келеді.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close