Basty bet

Ерекше болмысыңмен бір әлемсің!

БАТЫЛ ТАРТЫП БАРАМЫН

Шабыты әлде, шаттығы әлде жүректің,
Кетті кенет бойды билеп бір екпін.
Сол уақыт өрт салғандай әлдекім,
Буырқанды жалын атып, жүрек тым.

Түкпірінде тасқыны мол жыр бардай,
Екпіндеді шапқан өрге тұлпардай.
Мұңды, ұйқылы, шерлі жүрек осы сәт,
Алып ұшты тау қыраны – сұңқардай.

О, туған жер, неткен шипа самалың,
Жұтып соны қайта жанды жанарым.
Енді міне, мен төсінде қалықтап,
Болашаққа батыл тартып барамын.

«Қазақстан пионері» газетінің
1969 жылғы тігіндісінен алынды.

ОЙЫННАН ШЫҚҚАН «МҮЙІЗ»

Жексен екеуіміз ойнап жүргенбіз.
Таңертеңнен бері үй бетін көрген жоқпыз. Жаз болса-ақ «Ү» әрпі тәрізді айыр ағаштан рогатка жасап, шымшық ататын әдетіміз ғой. Тал бойын қуалап жүріп, бір кез.
Жексеннің атқан тасы сарт етіп менің маңдайыма келіп тиді. Шекемді ұстап үйге қарай жүгірдім. Апам жолығып:
– Сені күні бойы таба алмадым. Ойыннан мүйізің шықты ма? – деді кейіп. Жай-күйімнің болмай тұрғанын енді аңдады. – Бар болғыр, басыңды шеңгелдеп ұстап алғаның не тағы?
Осы кезде інімнің:
– Апа, апа, қарашы, Дәукеннің «мүйізі» шығыпты! – деп масайрап кеп, күлкіге басқаны. Біреу мазақтап күлсе, жараның сыздайтын әдеті. Екі ортада әлде ініме, әлде өзіме өкпелерімді білмей дал күйде мен тұрмын…
Бұл «мүйіз» сондағы шолжаң еркелікке қойылған «соңғы нүкте» болар-ау.

ҰЯ

Аудан орталығына қатынайтын автобустың ауылға келуі мен кетуі өзінше мереке-ақ! Бүгін автобус адамға лық толы. Ініміз екеуіміз терезеден жолдағы жоталарды «есепке алып» отырғанбыз. Інім бір кезде:
– Ананы қарашы! – деді жерден жеті қоян тапқандай-ақ. – Ұя тұр.
Расында да автобустың төбесінде кәдімгі ұя тұр. Жұмыртқалары бар сияқты. Бозторғайдың ұясы ғой. Бұған дейін автобус шеберханада біраз уақыт күрделі жөндеуде тұрған. Аңғал бозторғай осы кезде ұя салып, жұмыртқалаған ғой…
Біз бәріміз кішкентай ерке құстың аңғал тірлігін ойлап, қатты жабығып қалдық. Енді шофер ағайдың ұяны ауданға барғанда сөзсіз сол маңға алып қоюын өтінбекпіз.
Неге екені белгісіз, осы кезде автобустың жүрдек жүрісі тым баяулап кеткендей көрінді маған. «Тезірек бозторғай ұясын тапса екен!».

Алмұрт
(Апамның ертегісі)

Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде қырғауыл жүні қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен. Қазақ жұртының көшіп-қонып жүрген кезі болса керек.
Бірде тауда түйе шөккенде бір бала теңделген бесіктен құлап түсіп қалыпты. Нәресте бір саялы, мәуесі түбіне төгілген жеміс ағашының түбіне түседі. Ол алмұрт ағашы болатын.
Бала соның түбінде еңбектеп күнін көреді. Қаз тұрып, жүріп, сол жерге таяу үңгірге жемістерді жыл сайын жинап, күнелтіп өсе береді. Содан ол үлкен жігіт болады. Мұны бір түлкі көріп жүреді. Ол түлкі басқа ертегілердегідей айлалы қу емес, өте ақылды, мейірімді түлкі екен… Адам санатына қосылып, бақытты өмір кешуіне көмектесетінін айтады.
Алмұрт адамдарға өкпелеп, алғаш көнбесе де, түлкінің мейірімін көріп, ол райынан қайтады.
…Содан түлкі Алмұртты ертіп, бір ел шетіне жетеді. Сосын түкең «баласын» қалың қамыс ішіне қояды.
Өзі хан ордасына барып, ханның қызын баласы Алмұртқа үйлендірмекші болып құда түсіп келеді. «Ал мынау қайын атаңның күйеу баласына берген базарлығы, мұны киіп ал!» деп Алмұртқа жаңа киімдер береді. Сосын: «Қазір алдыңнан жігіт- желең, қыз-келіншек: «Қыз көретін жігітті біз көрейік» деп шұбырып шауып шығады. Сонда үстіңе қарай берме. Күлкі болармыз», – дейді ескертіп.
Жігіт әлгі киімдерді кигенде, көркі көз аудартпас сұлу жігіт болып шыға келіпті. Айтқандай, алдынан жүгіре шыққан топтан бір жеңгесі қағытып: «Бұл бала өзі киім көрмеген бе, неге үстіне қарай береді?» – депті. Сонда Түлкі іліп алып:
– О, оның бұрынғы киімін көрсеңіз ғажап еді! Бұған көзі үйренбей тұрғаны да, – депті. Содан хан Алмұртқа отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, қызын ұзатыпты.
Той біткен күні Алмұрт Түлкіге келіп:
– Түлкі шеше, ал енді бұл жасауымды қайда алып бармақпын, үйім жоқ қой? – дейді. Түлкі сонда:
– Еш абыржымағын, Алмұрт. Сонау Ұлантаудың басындағы қасқа жолды көрдің бе, содан әрі асып, келе беріңдер! – депті де, өзі зыта жөнеліпті.
Содан Түкең зымыраған күйі таудан асып, оның арғы етегіндегі жалғыз ғана бір жұмыртқадай аппақ үйдің жанына жетіп құлапты.
Бұл осы аймақта тірі жан иесіне зұлымдығымен күн көрсетпей, неше заманнан бері елдің зығырданын қайнатқан жалмауыз кемпірдің үйі еді. Жалмауыз кемпір бұл кезде үй жанында күншуақтап отырған. Алдына серең етіп сұлап түскен Түлкіден:
«Түкеш, не боп қалды?» – деп сұрады. Түлкі:
– Сонау тау басындағы бұрқыраған шаңды көрдіңіз бе, шеше, жау келеді! Мені жасыра көріңіз! – депті аптығып…
– Онда, шырағым, әуелі мені жасыра гөр! – деп, жалмауыз кемпір шұңқырға түсіпті. Оны Түлкі сол арада бастырып, берік бекітіп тастаған екен.
Түлкі осылай ақылымен бірге айласын да асырып, жалмауыз кемпірдің көзін жойып, Алмұрттың көшін қарсы алады. Етектолы үйір-үйір жылқы, мыңғырған түйе, сиыр, қора-қора қой… «О, бұл кімнің малы?» – десе, «Алмұрттың малы!» – деседі бәрі.
Содан Алмұрт осы үйге түсіп, шаңырақ көтеріп өмір кешіп жатыпты дейді… Бір күні Түлкі өтірік өліп қалып, Алмұртты сынамақ болыпты.
Сонда әйелі:
– Әй, Алмұрт, анау түлкінің өлігін сыртқа шығарып тасташы, – десе, Алмұрт ойланбастан Түлкіні құйрығынан сүйрете жөнеліпті.
Бұған әрең төзген Түлкі орнынан атып тұрып, Алмұрттың жағасынан алып: «Мен сені адам қатарына қосып, бақытты еткенімде, анаңа көрсетпегің осы ма еді?» – дейді. Алмұрт Түлкіден тізерлеп тұрып кешірім сұрапты: «Бір білместік өтті. Кешіре алсаң, кешіре гөр балаңды!». Түлкі кешірім етіпті.
Сол қайырымды да ақылды Түлкі бір күні шынымен өліпті деседі.
Сонда Алмұрт оны арулап, сандыққа салып сақтап қойған екен дейді.

«РАЙКОМ» БОЛАМЫН
ДЕП ЕДІМ…

Әлі есімде, оқуға алғаш барған жылым. Онда әкем марқұмның көзі тірі еді. Бір күні сабақтан келсем әкем үйде жалғыз отыр екен.
– Келе ғой, Алпамысжан, келе ғой. Сабағың қалай? Бүгін қандай тапсырма берді? Кәне, әкелші дәптеріңді, көрейін, – деді.
Сумкамнан жазу және есеп дәптерімді алып ұсындым. Әкем дәптерімді аударыстырып көре бастады. Әлгіндегі боп-боз жүзіне қан арайы жүгіріп, нұрлана түскендей. «Қолыңнан айналайын. Жазуың оңалып қалыпты. Енді біраз күннен кейін тіпті әдемі жазып кете аласың ғой» – деп күбірлей сөйледі. Мені мақтаныш сезімі биледі. Әкеме әлденелерді айтқым келді. Бірақ не айтарымды білмедім.
– Алпысжан, өскенде кім боласың? – деді.
Мен ойланбастан:
– Райком, – дедім. Бұл сөзіме әкем қарқ-қарқ күлді.
Қазір әкеме айтқан сол бір сөзім есіме түссе, біртүрлі ыңғайсызданып ұяламын…

ӘДІСІН ТАПТЫҚ

Алпысбай екеуміз бақ ішінде әңгімелесіп отырғанбыз. Әңгімеден әңгіме шығып, есімізге «Қайрат» жайы түсті. Ол әлденеге ренішті. Әлден уақытта бірдеңе есіне түскендей орнынан атып тұрды.
– Ергенбай, бүгін «Қайраттың» ойнайтын күні ғой, репортаж берілетін кез боп қалды-ау, жүр тыңдаймыз.
Екеуміз жарыса, жүгіре жөнелдік. Келсек, радио сөйлемей, мыңқиып тұр екен. «Енді қайттік?!» деген Алпысбайдың үні біртүрлі абыржи шықты. Одан кейін екеуміз де үй артындағы бағанаға жүгірістік. Дұрыс келіппіз, бір сымы үзіліп, шұбатылып жерде жатыр екен. Соны жалғамақ болып ол жерде жатқан сымды ала берген. Сол-ақ екен қолын кілт жұлып алды. Маған ұрысып жүр.
– Сен неге ұрдың? – дейді зеки сөйлеп.
Ал мен ұрмағанымды айтып, ақталып жатырмын. Ақыры өзім жалғамақшы болып сымды ала бергенім сол еді, әлдекім шынтағынан балғамен періп жібергендей болды. Қолымды жұлып алып:
– Тоқ бар екен! – деп айқай салдым. (Кейін білдік, электр сымының бір жері радио сымына тиіп тұр екен). Енді екеуміз де оған жолай қоймадық, батылымыз бармады.
Бірер күннен кейін радио тыңдағымыз келген біз әлгі үзілген жерді жалғамақшы болдық. Ол үшін алдымен тоқтың бар, жоғын білу керек еді. Қора ішінде тұрған есекті көрген Алпысбай қуанып кетті.
– Ергенбай!
– Ау.
– Таптым, таптым…
– Иә, нені таптың?
– Қазір, қазір бір қызық болады.
Ол жүгіріп барып қорадағы есекті жетектеп әкелді. Сөйтіп сымның жез ұшын есектің қос құлағының біріне тигізіп қалды. Осы кезде есек мөңкіп-мөңкіп ала жөнелді. Біз сымда әлі тоқтың бар екенін содан білдік. Енді бұны радист ағайға айтамыз.

Ергенбай Қосаев,
Тесіктас селосы,
Жамбыл облысы.
«Қазақстан пионері» газетінің
1968 жылғы тігіндісінен алынды.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close