Basty bet

Көкпаршы

Досы Елнұр екеуі көкпарға шықты.
Өзінен бір сынып жоғары оқитын Елнұрмен Дидар балабақшадан дос. Егіз қозыдай жұптары да жазылған емес. Өзіне атқа мінуді үйреткен де сол болатын.
Елнұр үйінің кенжесі. Алдында бойжетіп отырған үш әпкесі бар. Әкесі оны пісіп қатсын деп көп жұмсайтын. Қорадағы жылқыны суарарда екеуін екі атқа отырғызып
жіберетін.
– Сен биеге мін, жануар жуас, – дейді Ержан атасы өзіне қамқорлық танытып. Ал Елнұр жирен байталды мініп шығатын. Соңдарынан құлдыраңдап құлын ілеседі.
Тақымдарына ат тиген соң екеуі маңайды шарлап кетеді. Оған Ержан атасы еш қабақ шытпайтын. Қайта:
– Жан-жақтарыңа қарап, абайлап жүріңдер, алтындарым менің, – деп қайта-қайта ескертіп отыратын.
Бірде екеуі астындағы аттарын ауыстырып мінді. Жирен байталдың басы қатты екен. Өзін баласынды ма, ырқына көнбей сайға қарай ойнақтап, ойқастап шаба жөнелгені. Тізгінді қанша тартса да, тоқтайтын түрі жоқ, шауып келеді. Қатты састы. Қорыққанынан жанарынан жас та шығып кеткен еді. Суатқа жақындай бергенде түп шидің түбінен пыр етіп бозторғай ұшып шықты. Аяқастынан шыққан дыбыстан байтал кілт тоқтап, жалт бергенде үстінен ол ауып, сары топырақ үстіне бұрқ түскен еді.
– Басын қатты тарт, – деп онымен қатарласа шауып, айқайлап келе жатқан Елнұр «қап» деп санын соғып қалды. Биеден секіріп түсіп, қасына жетіп келген ол досының асты-үстіне түсіп, бәйек болды. Қорқып қалды ма деп үлкендерден көргеніндей сұқ
саусағын аузына салып, таңдайын басты. Әйтеуір, білген ырымын жасап жатыр. «Жерге түкір» деп те ырымдады.
Әбиір болғанда аяқ-қолы сау. Жерге де жайлы құлаған сияқты. Еш жері ауырып тұрған жоқ. «Бәрі дұрыс» деп ол досынан жасаураған жанарын алып қашты. Сөйтіп, шаң болған үсті-басын қақты. Тамағына тығылған өксікті әрең басып, бір атқа еге бола алмағанына ызасы келіп кетті. «Сені ме» деп шиді аяғымен ары-бері теуіп, ашуын содан алған болды.
– Ат жалын, есек тұяғын төсейді дейді әкем. Мен де сен құсап аттан талай құлағанмын. Бір рет қолымды шығарып та алдым. Бірақ жылаған жоқпын. Жарадың, сен де жыламадың, – деп қайрап қойды досын.
Оның сөзі өзін жігерлендіре түскендей. Еңсесі көтеріліп қалды. Олар биеге мінгесіп, үйге қайтып келеді. Байтал болса сол күйі ұстатпай, үй жаққа қашып кеткен.
Алдарынан атасы шықты. Екеуін көріп:
– Амансыңдар ма? Байтал жығып, біреуіңді майып етпеді ме екен деп, жаным шығып кете жаздады. Екеуіңді көріп жүрегім орнына түсті-ау, әйтеуір, – деп ентігін басты.
Елнұр болған жайды әкесіне жайып салды. Соңынан «Дидар, жарады. Жығылса да жылаған жоқ. Нағыз жігіт екен» деп мақтауын қосып қойды. «Ашықауыз. Айтпай-ақ қойса қайтер еді» деп Дидар оған жақтырмай көзін алартты.
– Байталды өзің мін дегенім қайда? Басы қатты демеп пе едім саған, – деп әкесі оған ұрысты.
– Өзі ғой, мінем деген, – деп ол ақталып жатыр.
– Қане, сен бері келші. Қол-аяғың сау ма? Басың ауырмайды ма? Жүрегің айнып тұрған жоқ па? Қорқып қалмадың ба? Қарашы мұнда, – деді атасы өн бойын алақанымен тінтіп, сылап-сипап. – Жасырма. Бір жерің ауырып тұрса айт. Ағам мұны естісе ұрсып жүрер, айналайын.
– Ата, шын айтам, еш жерім ауырған жоқ. Сенбесеңіз қараңыз, – деп Дидар қол-аяғын ары-бері созып, жаттығу жасады.
– Аман бол, құлыным, – деді кеуілі жайланып.
– Ата, – деді ол немере ағасын өзіне қаратып. – Атама айтпай-ақ қойыңызшы мақұл ма?
Өзіне қиыла қарап тұрған немере інісін бауырына басып, маңдайынан сүйіп, «Жарайды» деп келісімін берген еді.
Содан бері екі жыл өтіпті. Қазір ат үстінде еркін отырады. Достарымен қыс бойы қаншама асау тай үйретті. Талай рет жығылса да, қайтпай ат мініп жүр.
Енді, міне, бүгін өзі тайын мініп, көкпарға келе жатыр.
* * *
Олар келгенде көкпар басталып кеткен екен. Қалымбек ағасы көкпардың бел ортасында жүр. Сонадайдан өздерін байқаған ол қастарына шауып келіп, көкпаршыларға жақындамауды қатаң ескертіп кетті.
Екіге бөлініп алған көкпаршылар серкені арлы-берлі жұлқа тартып, ойынның қызығына беріліп кеткен еді.
– Әне, қара, – деді досы ағасының серкені жерден қалай іліп алып, қазандыққа қарай шауып бара жатқанын көрмей қалмасын дегендей. Осы сәтте олар «бас, қамшылай түс», деп ағасына дем беріп, аттан салды.
Оған қызыға қарап тұрған Дидардың да делебесі қозып, көкпар тартқысы келіп кетті. Әттең, кішкентай болып тұрғаны. Әйтпесе ағасымен қосыла шауып, көкпар тартып кетер ме еді, шіркін! Үлкендердің ойыны достарымен Желсазда тартқан көкпардай емес, өте қызық көрінді.
Желсаз үлкен аумақты алып жатпаса да, көкпар тартып, тай жарыстыруға қолайлы алаңқай. Жазда ауылдың шабындығы. Шөбі қалың. Жері сулы. Табаны баланың еңбегіндей былқылдап жатады. Жазда шөбі шабылып, жері құрғаған соң бұл ара балалардың ойын алаңына айналады. Тай мінген бар бала қолы боста осында жиналып, тері тұлыпты көкпар қылып тартатыны бар. Ешкі терісін ірегенде бауырын тілмей сыпырып алып, ішін сабанмен толтырып, қайта тігіп тастайтын. Балалар үшін бұл нағыз серкенің өзі сияқты. Ары тартқылап, бері жұлқылап, ақыр соңында ту-талақайын шығарады.
Ойынның көрігін қыздыратын да ересек балалар. Өзі сияқтылар қара санын көбейтіп, арлы-берлі қиқулап, шапқылағандарына мәз. Додаға кірмесе де командаласына болысып, шашпауын көтеріседі. Сөйтіп жүріп, қызды-қыздымен додаға кіріп кететіндер де аз емес.
Бірде команда капитаны Мұхан қарсылас топтың ортасынан шыға алмай қалып, өзіне жақын тұрған Дидардың алдына тұлыпты салып берді де «тарт» деп атын қамшымен салып қалды. Астындағы тайы топтан ытырылып шықты. Сол бойда ол мәрені бетке алды.
Алғашында асып-сасып алдындағысын түсіріп те ала жаздаған. Әбиір болғанда тез есін жиып, тұлыпты тақымына қыса түсті. Қарсыластары да соңынан алып-ұшып жетіп қалған. Қайдан шыға келгенін Мұқан олардың жолын бөгеп, бетін қайтарып үлгерді. Шапқан күйі көкпарды мәреге әкеліп, бірақ тастады.
«Жарайсың» деген мақтауларды естіп, еңсесі көтеріліп қалды. Ал команда капитаны, арқасынан қағып, «Бұдан былай маған жақын жүр. Көкпарды өзім әперіп тұрамын», – деді жақын тартып.
Содан бері тай көкпарда Мұханның қасынан айналып шықпайтын. Енді, міне, Қалымбек ағасындай көкпаршы болғысы келіп кеткен ол: «Өскенде мен де көкпаршы боламын. Көр де тұр, ауылды әлі таңғалдырамын» деп делебесі қозып, тайын тебініп, көкпаршыларға қарай тұра шапты.
– Әй, қайт, қайтар ана баланы. Кімнің баласы өзі? Аттың астына түсіп жазым болар, – деп тартысты көкпарды сыртынан қарап тұрған үлкендер жағы айқай салды. Сол-ақ екен адымын ұзартпай, атты кісі алдын орап, кері қайтарды.
Осыдан кейін ағасы екеуін де ауылға қайтарып жіберді. Аттың басын қоя берген олар қатар шауып келеді. Елнұрдың тайы жорға. Сұңқар да одан қалысатын емес. Олар сол шапқаннан шауып отырып, алдынан шыққан табынға келіп, бірақ бас тартты.
– Екі кештің арасында маған қарай жын қуғандай шауып келе жатқан бұл екеуі кім десем, өзімнің көршілерім екен ғой. Есті адам ауылға қарай беймезгіл уақытта шаппайды. Ол жаман ырым. Ауылға жақындағанда жануарды жай жүріске салып, баппен аяңдайды. Ал екеуің жау қуғандай шауып келесіңдер. Бұдан кейін бұлай істемеңдер, балалар, – деді бақташы Байжігіт ескерту жасап. Сөйтті де есегінің үстінде отырып алып сұрақты жаудырды.
Балалар көкпардан келе жатқандарын айтты.
– Сендердің ұшырасқандарың мұндай жақсы болар ма еді. Онда екеуің табынның басын жинап беріңдер, – деп қолқа салды.
Олар тарыдай тұс-тұсқа бытырап кеткен сиырдың басын шауып жүріп иіріп, алдына салып берді.
– Өркендерің өссін, қарақтарым! Өскенде мықты көкпаршы, жақсы азамат болыңдар, әумин! – деді бақташы батасын беріп, бетін сипады.
Екеуі оған мәз болып, бақташымен малды ауылға айдап кірді.
Марат Құлибаев,
балалар жазушысы

Таңдаулы материалдар

Close